Рухани орталық ашылса…
Бұл күнде қазақ поэзиясын еске алғанда ойымызға алдымен Абай атамыз оралатыны анық. Абай сөзі алаш баласының адамзат ақыл-ойының дамуына қосқан үлесі. Ол халқымыздың ар-намысы. Оның жазған өлеңдері, қара сөздері, қалдырған тәлімі қазақтың ұлттық санасына әсер еткен рухани құбылыс бола білді. Біздің күнтізбемізде хәкімге арналған арнайы бір күннің белгіленуі ұлтымыздың Абайға деген ықыласының көрінісі деп қабылдауымыз керек. Бірақ бұл жайда біздер ұмытпауға тиісті нәрселер де бар. Бүгінгі күні еліміздегі ұлтқа қажетті осындай арнаулы күндер (мысалы домбыра күні) мен мерекелерміз тек бірнеше күнге созылатын және көп жағдайда науқаншылдықпен атқарылатын іс-шаралармен ғана шектеліп қалып жүр. Сондықтан хәкім мұрасын дәріптеу Абай күнінде ғана ұйымдастырылатын өлең оқу эстафеталары мен бірер сағаттық концерттердің, түрлі челендждердің ауқымында ғана болмауы керек. Жылына бір рет өткізілетін «Абай оқулары» да аздық етеді.
Абайтанудың негізін салушылар Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзипа Құлжановалар біздің Тобыл-Торғай өңірінің перзенттері екендігі баршамызға белгілі ғой. Менің ойымша облысымызда осы Ахмет атамыздың атындағы арнайы бір орталық ашып, Абай күні секілді атаулы рухани мерекелерімізді өткізуді сол орталыққа тапсырған жөн. Ақтаудағы Әбіштің, Оралдағы Қадырдың атындағы орталықтар секілді тұрақты жұмыс атқаратын мұндай құрылым бізге Абай мұрасын танытуға ғана емес, жалпы облысымыздың рухани-мәдени өмірінің жандана түсуіне де игі әсерін тигізер еді.
Батырлан Сағынтаев, ақын