Тағылымды тәлімгер еді

богетбайБөгетбай Әлмағанбетұлын 1946 жылдың күзінде аудандық газет редакциясына корректор болып жұмыс істеуге шақырды. Ол кезде газет аптасына бір рет 2 бет болып шығатын. Білікті кадр тапшылығынан болса керек, Бөгетбай  ағамызды 1950 жылы аудандық комсомол комитетіне бөлім меңгерушілігі қызметіне  ауыстырды.  Одан соң шабысы көп комсомол жұмысынан гөрі мұғалімдікті қолай көріп, өз еркімен Аманкелді орта мектебіне мұғалім болып барды.  Екі жылдан соң облыстық "Большевиктік жол" ("Қостанай таңы") газетінің Аманкелді ауданындағы меншікті тілші қызметін  атқарды. Ал 1958 жылы аудандық газеттің редакторы болып тағайындалды. Міне осы тұста ол аптасына бір рет 2 бет болып шығып келе жатқан газетті 4 бет етіп шығаруды бастады. Газет аудан өмірін әр қырынан көрсетіп тұрды. Сонымен бірге оқырмандардың да материалдарын жиі жариялай  бастады.
1960 жылы Торғай тыңын игеру КПСС орталық Комитеті тарапынан қызу қолдау тауып, аудандағы колхоздар түгел жабылып, жаппай совхоздар құ-рылғанда аудандық партия комитеті Бөгетбай Әлмағанбетұлын Иманов атындағы совхозға бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп жіберді. Ол аталмыш совхоздың аяғынан қаз тұрып, қалыптасып, өркендеуіне және шаруашылық коммунистері қатарының толығып, олардың алғы шептен көрініп, өзгелерге үлгі болуына елеулі ықпал жасады.
1964 жылы қайтадан аудандық газетке редактор болды. Бұл кезде газеттің "Целинная заря" атты екі беттік орысша қосымшасы бар еді. Оны Украинадан келген тәжірибелі журналист марқұм Марк Исакович Вандер шығаратын.
Ал қазақша газетте кадрлар жетіспейтін. Ол кезде жоғары білімді бір ғана журналист болды. Ол ҚазГУ-дің журфагын 1963 жылы бітіріп келген Өтеген Сейдәзімов еді. Бөкең редакцияға университет, институт түгілі техникумның өзін бітірмеген, орта мектептік білімі бар Тоқтарбай Байғабылов, Еренғайып Әбдіхалықов, Сағындық Жү-нісов, Таңатар Бөдеев секілді жастарды жинады. Ол кезде өзі Алматы Жоғары партия мектебінде сырттай оқитын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қайырбай Есболовпен  келісе отырып, бұрынғы жүргізуші, айтыскер ақын Тоқтарбай Байғабыловты өзіне орынбасар, ал аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгеруші болып қызмет атқарып келген Еренғайып Әбдіхалықовты  редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, "Коммунизм жолы" совхозында автодүкен меңгерушісі болып жүрген сықақшы әрі айтыскер ақын Сағындық Жүнісовті еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі етті. Кейін олардың қатарына ҚазГУ мен Қаз ПИ-дің журналистика, филология факультеттерін бітіріп келген Сақтаған Дүйсенов, Көшкінбай Кенебаев, Мұратбек Жарлығас секілді қаламгерлер қосылды.
Комсомол, партия қызметінде болған Бөкең газет шығару ісіне өте қатаң қарайтын. Газет басылмай тұрып, қазақшасының беттерін кем дегенде 3-4 рет қайталап оқып, қайта-қайта тексеретін. Содан соң "қырағы көзге" ("Свежый глаз") қарататын. Орысшасын Марк Исакович оқитын.
Газеттің әр нөміріне деп дайындалған материалдың бәрін бір өзі оқитын. Орынбасарлары мақалаларды ол еңбек демалысына шыққанда немесе ауданнан тыс жерлерге кеткенде ғана қарайтын. Осының бәрі Бөкеңнің көзіне қатты әсер етті. Өзінің айтуынша жасы 40-тан аса бере су қараңғы (глаукома) ауруына шалдығады. Қостанайдағы білікті көз дәрігерлеріне қаралып, олардың берген кеңестерін бұлжытпай орындап, жасы жетпіс үшке келгенше жазу-сызудан қалмапты.
Бөкең комсомол комитетінде, мектепте, партия органында, шаруашылықтарда қызметтер ат-қарды. Қай жұмысты да жанын салып істеді. Алайда, бірнеше рет қыспаққа да түсті. Бөкең 50 жасында редакторлықтан босатылған кезі де болды… Бірақ жүнжіп кетпеді.  Шығармашылығымен айналысты. Нәтиже-сінде очерктері "Торғай әуендері" деген атпен "Өнер" баспасында шағын да болса жеке кітап болып шықты.
Ауданның рухани өміріне белсене араласты. Мешіт салу ісіне басшылық етті. Тәуелсіздігіміздің орнауын қуа-нышпен қарсы алды. 2000 жылы "Торғайдағы Азаттық көтерілісі" 2008 жылы Торғайдың топжар-ғандары" атты кітаптарымен қатар, белгілі айтқыш Жолдас Мұханбетжановтың ел аузындағы әңгімелерін жинақтап, "Қыруар жұртты қырдың-ау" деген жеке кітап етіп шығарды.
Өмірінің кейінгі 13 жылында зағип болып қалса да, еш мойыған жоқ. Кенже ұлы, мамандығы жоғары білімді әдебиетші, белгілі бизнесмен Нұрлыбек пен оның зайыбы Айзат келініміз Бөкеңді алақандарына салып, аялап бақты.
Бөкең – қабілеті мол, білімді, ізденімпаз журналист һәм білікті редактор еді. Белгілі журналист, "Көкшетау" газетінің бас редакторы Жалғасбек Сүлейменов секілді шәкірттері баспасөз бетінде "Біз Бөкеңнің бөркінен шықтық" деп жазса, біздер "Бөкеңнің бешпентінен шықтық" деп жазып та, айтып та жүрміз. Шындығында да ол ұлағатты ұстаз болды.
Әрине, Бөкең өзі: "Мені ақ періште қылмаңдар. Мен мінезі ойқы-шойқы адаммын. Осы мінездің салдарынан талай қиындықтар көрдім" – дейтін. Тірлікте басынан кешкен қысастықтарды ешкімге жаппайтын, өзінен көретін. Әрине, бұл да – кісіліктің үлгісі!
Ол зайыбы, ауданымыздың алғашқы жоғары білімді ұстазы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Жұпар Қазанғапқызы апамыз екеуі 7 баланы өмірге әкеліп, оларға жоғары білім мен тағлымды тәрбие берді. Тұңғыштары Көркем Бөгетбайқызы – ұзақ жылдар облысымыздың Қарабалық ауданында мектеп директоры болып жемісті қызмет жасады. Ерен еңбегі еленіп, оған "Қарабалық ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді. Одан кейінгі қызы Жанат – ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. Алматыда бірқатар баспаларда абыройлы редакторлық қызмет атқарды. Қазір зейнеткер. Меруерт – аудандық орталық кітапханада кітапханашы, Салтанат, Гүлжан, Дәуренбегі мен Нұрлыбегі – бизнес саласында табысты еңбек етіп келеді.  Бәрі де – қатар-құрбыларының алды. Нұрлыбегінің екі ұлы Дархан мен Ерхан – мектепті "Алтын Белгімен" бітіріп, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде оқып жүр. Екеуі де үздік студенттер.
2012 жылы Бөкеңе 85 жасқа толуына орай аудан басшылығы "Аманкелді ауданының Құрметті азаматы" атағын берді.
– Мен үшін осы атақтан – жоғары атақ жоқ! Кеңестік  дәуірде бір орден, оншақты медаль алдым. Бірақ соның бірде-бірі кіндік қаным тамып, туып-өскен туған ауданымның осы атағына жетпейді! – деген еді Бөкең сол атақтың куәлігі мен лентасын алып тұрып.
Бұл – оның соңғы айтқан сөздерінің бірі еді.
Былтыр, 25 қазан күні, 86  жасқа қараған шағында Бөкең бақиға аттанып кетті. Ешкімге міндетін артпай, ауырып-сыр-қамай фәнимен қоштасты. Жерлестері оны арулап жерледі. Қабырға өзенінің жағасындағы ата-бабасының қыстағы жанындағы қорымға, туған жеріне!
Хамитбек
        МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Қарт журналист Бөгетбай Әлмағанбетұлы
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓