Өнер әлеміне саяхат
Ұзынкөл аудандық балалар шығармашылығы үйіне кіре қалсаңыз, балалардың сыңғыр күлкісін, домбырамен тартқан күйдің, фортепианоның дауысын естисіз, "бір, екі, үш" деп кезекті би қозғалыстарын үйреніп жатқан жас өркендерді байқайсыз, ал, енді кабинеттерді аралай қалсаңыз сырлы, ғажайып өнер әлеміне саяхат жасағандай боласыз. Сөреде оқушы балалардың қолдарынан шыққан небір өнер туындысы тұр. Ағаштан, қағаздан, ермексаздан, матадан, моншақтардан, дәнді-дақылдардан және тағы басқа материалдардан жасалған түрлі қолөнер туындыларын көріп, таң қалып, сүйсінесіз. Не жоқ дейсіз, бәрі бар. Қолыңыз-ға бір-бірлеп алып, әдемілігіне, әсемдігіне қызығасыз. Олар жетекшілерінің көмегімен сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарын талғаммен, қайталанбас ой ұшқырлығымен, жинақты, ықшам етіп жасап, жас та болса шеберлікпен орындағандарын көресіз.
– Үйірмемізге он бес бала қатысады. Әрқайсысы өздеріне ұнаған сәндік-қолданбалы өнермен шұғылданады. Бес-алтауы қағазбен жұмыс істегісі келеді, екінші топ басқа материалдармен дегендей.
Түрлі байқауларға қатысамыз. Оқушы балаларымыздың қай-қайсысының болмасын қолдарынан шыққан өнер туындыларын аудандық, облыстық байқаулар, көрмелерге апарғанда, тәжірибе алмас-қандай боламыз, басқа өңірдегі балалардың қолдарынан шыққан туындыларымен салыстырамыз, үйренеміз. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Ең бастысы сол, оқушы балаларымыз үйірмеге қатыса отырып, тәртіптілікке, еңбекке үйренеді, бос уақытын құр өткізбеуге тырысады, бойындағы талабын, өнерін ұштауға ұмтылады. Ал, біз педагогтар болса, оқушыларымыздың халықтық сәндік-қолданбалы қолөнеріне деген қызығушылығын арттырып, өнерге, әдемілікке ұмтылуына жетелейміз, шеберліктерін шыңдаймыз, қолөнердің ешуақытта сарқылмайтын бұлақ екеніне жол ашамыз. Бойындағы қызығушылығын арттырып, талабын дамытамыз, ұмтылдырамыз, кім біледі, мүмкін кейін өзінің мамандығын таңдауға да осы үйірмеден алған тәлімі, білімі көп көмегін, септігін тигізуі ықтимал, – деді бізге сәндік-қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі Гүлнәр Қаратай.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: үйірме жетекшісі Гүлнәр Қаратай оқушысының жасаған қолөнер туындысын бағалап, тамашалау үстінде.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.