АБАЙДЫҢ ТОЙЫ – АДАМЗАТТЫҢ ТОЙЫ!
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 10-тамызды Абай күні деп белгілегені баршамызға аян. Меніңше бұл өте дұрыс бастама. Биыл дүниежүзін шарпыған пандемияға байланысты Ұлы ақынның 175 жылдығы лайықты деңгейде тойланбады. Дегенмен, ішінара шаралар онлайн жағдайда болсын, өткізіліп жатыр. Оған да тәуба. Дана Абай бар қазақ руханиатының көшбасшысы. Ерен тұлға. Оның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары халқымыздың баға жетпес байлығы. Абайдың өлеңдерінен бөлек, қара сөздері, ғақлиялары бүгінгі заманның тамыр соғысымен дөп түсіп жатыр. Осы есептен алғанда оны кемеңгер, данышпан демеске лажымыз жоқ. Абайдың тойы – адамзаттың тойы! Оны қалай атап өтсе де лайықты. Бірақ, бүгінгідей қысылтаяң кезең оған мұрша берер емес.
Сондықтан, Ұлы ақынды дәріптеуді жергілікті телеарналар арқылы жиі насихаттаса артықтығы жоқ. Тіпті, облыстық телеарна циклді хабарлар жасаса қандай жарасымды болар еді. Сосын біздің өңірде де ақын-жазушылар, тарихшылар, өлкетанушылар жетерік. Міне, сол кісілерді студияға арнайы шақырып, ақынның жан-жақты қыры туралы әңгімелесе жұртшылық, әсіресе қазіргі кезде кітапты қолына сирек алатын жастар үшін мол рухани қазына болары сөзсіз.
Бақытжан СӘУЕКЕНОВ,
Композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
облыс меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері.