Абай күні

Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз.
Абай хакімнің бай мұра­сын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күн­ге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен дербес күн белгі­леніп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ бала­сы­ның тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсе
теді.
Абай тағылымына тағзым ету – Рухани жаңғырудың үлкен кезеңі.
Премьер-Министр Асқар Мамин қол қойған Қау­лыда «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы мерекелік күндердің тіз­бесін бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына (Қазақстан Рес­публикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мы­на­дай толықтыру енгізіл­сін: көрсетілген қаулымен бекі­­тілген Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы мерекелік күн­дер­­дің тізбесі: мынадай маз­мұн­дағы 22-1-тармақпен толық­ты­рылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі» делінген.
Біз таяу күндерде мереке­лейтін бұл Абай күні – бізге жол көрсетіп тұрған жарық шам­шырақ секілді жылуын шаша жарқырайды.
Осыдан тура 175 жыл бұ­рын Шың­ғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды.
Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «бірің­ді қазақ бірің дос» тұтатын қас­тер­лі күн!
Тура сол күні хакім үңіл­ген терең ой­лар теңіз­дей тебі­ренетіндей, тура сол күні хакім­нің соңында қалған биік мәтіндер тіпті зорайып асқақ­тайтындай!
Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қада­мы!
 
Хакімге халықтық құрмет
Мекемтас Мырзахметов,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Күні кеше жарияланған Үкіметтің қау­лысында ресми бекіпті. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әділдіктің сал­танат құратынына сендік. Тірісінде ақи­қатты, әділдікті жақтап, ғы­лымды ту көтерген, соңына жақұт­тай жар­­қы­­­раған қазына қал­дырған жанға қа­тысты дүниелердің еш­­­қай­сысына біз нем­құрайлы қарамауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде қоғамда оның  ту­ған күніне қатысты екіұдай пікірдің болуы, екі түрлі датаның аталуы бізді қын­жылтатын. Неге десеңіз, ұлы ақын­ның туған күні 10 тамыз екені ай­дан анық, еш талассыз шындық. Аға сұлтан Құнан­байдың анкетасында балалары туралы мәліметтер көрсетіледі. Сол жерде Абайдың туған күні деп 10 тамыз жазылған. Одан Семейге саяси қуғынға ұшырағандар келгені белгілі. Олардың пікірлері де мұны қуаттайды. Абайдың 1845 жылы, 10 тамыз күні Ералы жазығында туғаны айқын. Ол кезде Семей халқы көшіп-қонып жүрді. Олардың бір жерге отырықтануы өткен ғасырда ғана жүзеге асты. Шортанбай ақынның айтатыны бар ғой: «Әуелі бас­тан ханды алды, Қамалып қазақ сандалды», деп. 1822 жылы хандық жүйе жойылған соң орыс губерниялары құрыла бастады. Олардың мақсаты бел­гілі еді. Әрине бұл ұзақ әңгіме. Біз­дің айтпағымыз, Абай сол тұста өмірге келді. Ұлы ақын өмірден өткен соң ке­ңес­тік саяси жүйенің ықпалымен қоғам­дық-саяси көзқарастарынан бастап өмір­баянына дейін бұрмаланды. Яғни туған күніне дейін өзгертілді.  
Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Оны кезінде біз жазғанбыз. Әрине, бұл жерде ақынның биография­сына терең бойламағанымды айта кеткен жөн. Мен көбінде оның рухани қазынасын зерттедім. Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым», деген пікірде болған. Мен негізінен Абайдың шығысын  зерт­тедім. Енді кешігіп болса да, ұлы ақын­ның туған күні ретінде 10 тамыздың бекігені  құптарлық іс болды деп ойлаймын. Бұл сөзсіз солай болуы қажет нәрсе. 
 
Арымыз да, барымыз да – ұлы Абай!
Ұлықбек Есдәулет,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Абай – өз шығармаларымен қазақ халқының ақыл-ой, жан-жүрек қазынасын  ғаламат байытқан дана ақын ретінде әлемдік өркениеттен ойып орын алған ренессанстық  тұлға.  Ұлы Абай сол биікке өзімен қоса туған ұлтын да өрлетіп, төр­летіп отыр. Темірқазығымыз, шамшырағымыз ұлы хакім екенін бүгінгі ұрпақ бағамдап қалды. Биыл Президент ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, Абай жылын жариялап, елімізде қыруар шаралар өткізу көзделіп, қолға алына бастаған болатын. Алайда бүкіл әлемді бір қа­уызға сыйғызған пандемия індеті мерейтойдың да жолын кесті. Соған қарамастан елімізде онлайн режімде Абай туындылары оқылып, жатталып, талданып, зерттеліп, насихатталып жатыр. Тіпті халықаралық видеоконференциялар да жүргізілуде.
Мен Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай­дың туған күні 10 тамызды Абай күні деп атап, ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс хат жазған болатынмын. Сол бастамамызды Мемлекет басшысы қолдап, Үкіметке тапсырма берген екен. Міне, көптен күткен қаулы шығып, Абай күні бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге еніп отыр. Тарихи оқиға! Үлкен қуаныш! Бұл поэ­зия мәртебесі, бұл қазақ тілінің салтанаты деп білемін.
Шетелде тұратын кейбір керауыз қандасымыз «Абай деген ақын өмірде болмаған аңыз адам екен. Оны Бөкейханов бастаған алашордашылар өз  идеясын тарату үшін ойлап тапқан мыс» деген де арам ойлы лақап таратып, оны жақтаушылар да құйысқанға қыстырылып  жатқан кезде, Мемлекет басшысының бұл шешімінен кейін сол арамза ауыздарға құм құйылатын болды. Еркін ойлы Алаш қайраткерлеріне қуат берген Абай, алапат атом жарылыстарының зардабымен күресте қалың еліне дем берген Абай, тәуелсіздік үшін күресте де, тәуелсіздік тұсында да жұртына бағыт-бағдар, қайрат-жігер берген Абай қазіргі індеттен арпалысып күйзелген халқын өз рухымен жебеп, жырымен емдейтін құдіретке ие.
Абай күні, Абай мерекесі құтты болсын!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓