ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ ҰҒЫМ

Қазақ руханиатында Абай өзінің ілімімен дараланып тұр. Тіпті, арада қанша уақыт өтсе де кемеңгер тұлғаның ой-тұжырымдары өз құндылығын еш жойған жоқ. Өйткені, ол сол кезеңдегі, одан бұрынғы шығыс шайырларын, батыс ғұламаларының еңбектерін зерттеді. Оны кейін өз халқының кәдесне жаратуды көздеді.  Абай Құнанбайұлының даналығы неде деген сауалға келетін болсақ, ол өзінің қара сөздері арқылы кейінгі ұрпаққа даналық, білімділік мәйегін септі. Ол  өз жанын жегідей жеген өмір шындығын, заман шындығын айтпаққа бел буады. Абай әлемі – терең, аспалы биік. Оның сыр тұнған таңғажайып әлеміне кірсең, шықпағың қиын-ау, сірә! Небір құпияларға толы әлеміне енсең, өрнектеле өрілген өлеңдері мен өмір атты теңізді толқындата айшықтаған қара сөздері өне бойыңды баурап алардай құдырет секілді жаныңды билейді. Ұлы Абайдан алатын басты өнеге – оның данышпан тұлғасы мен сөзі, алтын бесік туған еліне деген сүйіспеншілігі. Оқығанда санаңа білім нұрын себелер өлеңдері қандай?! Сазды сұлулығымен, асқан әуезділігімен жаныңды тербетер әндері қандай?! Көзіңмен оқып, көңіліңе тоқығанда өмірдің сан түрлі соқпақтарын, адам бойындағы қасиеттердің әр қилы тарауларын үйретер қара сөздері қандай?! Бәрі-бәрі оқыған жанды биікке жеткізер, асқар таудың шыңына жетелер мұра емес пе. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың нәрін сеуіп қызмет етеді.  Сондықтан да, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе, адалдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге»,-дейді. Қазіргідей кезеңде өскелең жас ұрпақ Абай ілімін мектеп табалдырығынан бастауы ләзім. Және ол білім ошақтарында тереңдетіліп оқытылуы тиіс қой деп ойлаймын. Ұлттық сана, ұлттық болмыс  ұлы ақыннан басталса, одан қазақтың ұтылмасы хақ!
Amanzhol-1
Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,
            тарих ғылымдарының докторы, профессор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓