Данышпан мұрасының насихаты
Қостанайда Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада "Абай дана, Абай дара қазақта" атты кітап көрмесі ашылды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ЖОО студенттері және әскери қызметкерлер қатысты.
Биыл қазақтың бас ақыны, дана ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Бұл айтулы дата мемлекеттік деңгейде аталып өткелі отыр. Дегенмен, Президент Қ.Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласында айтқандай, мерейтой бос дабырамен өткізілмей, ең бастысы, қазақстандықтардың рухани кемелдікке ынталандыруы тиіс. Міне, бүгін ашылған кітап көрмесі данышпан мұрасын жастар арасында насихаттауды көздейді.
Көрменің ашылуын ұлы ақынның мерейтойы қарсаңындағы рухани шаралардың бастауы деуге болады. Мұнда кемеңгер тұлғаның қазыналы шығармашылығы және ғибратты ғұмырына арналған әдебиеттер қойылған. Арнайы шақыртылған белгілі қамагерлер мен ғалымдар бұл шараның маңызы туралы, Абай даналығы жайлы ой-пікірлерін білдірді.
"Абай – түпсіз терең тұңғиық қой, – дейді ақын Серікбай Оспанов. – Абай туралы қанша білгің келсе де, білмегенің көп болып шығады. Жаңа ғана Абайтану кітабының 2-томын қайталап қарап отырып, өзім үшін тағы бір жаңалық тауып алдым. Әлдеқайда ертеде өмір сүрген Әмір Қайқауыс деген ойшылдың кітабы мен Абайдың шығармашылығының ұқсастығы көп. Сандарына дейін сәйкес келеді. Қайқауыста 44 тарау, ал Абайда 45 қара сөз бар. Шынтуайтында, Абай жазған қара сөздер саны да 44 қана. 38-ші қара сөзі өз алдына бөлек діни шығарма болған. Дін туралы айтуға тыйым салған кеңес одағы кезінде М.Әуезов "Мынау жақсы шығарма ілігіп кетсін" деп, 38-ші қылып қосып жіберген. Бұдан бөлек, өзге де идеялық ұқсастықтары толып жатыр. Данышпандық ойларының Ыбырайдың және Ахметтің жазғандарымен ұштасатын тұстары да көп. Мұның себебі, біріншіден, ойдың бірлігі, екіншіден, халық қамын ойлаудан шыққан нәрселер. Бірақ, шынымен де, қазақта Абайдан асқан дана жоқ екені даусыз. Негізі, Абай әлемінің шексіздігін бір ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес".