Ақыл-ойдың дарасы – дана Абай

сайт2

Адамзат қоғамы тарихында жеке адамның ақылы мен санасы, мінезі, адамгершілігі жағынан өсіп-жетіліп, толық адам болып қалыптасуы – күрделі мәселенің бірі. Өйткені, қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы жеке тұлғалар арқылы көрініс табады. Сондықтан да қазақтың ұлыларының философиялық пайымдауында қоғамды өзгертуден бұрын, алдымен адам санасын шыңдауға көп мән берген. Гуманист атаулының бәрі дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам деп түсінетін болса, сол адамның бойында ең басты сипаттар неден тұрмақ дегенге әр дәуірдің ойшылдары  ұғым-нанымы мен заман талабына орай түрліше жауап беріп келеді. Осы ретте рухани жаңғыру, санаға серпіліс жасаудың озық үлгілерін ұлы Абайдан көреміз. «Адамзаттың Абайы» атанған, «Әлемдік феномен» үлгісін танытқан Абай туындылары мен шығармалары өмірге жөн, болашаққа жол сілтейтін «Темірқазық» болғанда ғана еліміз өркениеттің өріне ұмтылатыны, өскелең ұрпақтың өресі өскенде ғана өрелі өміршеңдігі болатыны үнемі насихатталуы керек. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын жастар Абайды біле ме, біз Абайды қаншалықты дәрежеде танып, білдік, мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында Абай мұралары жеткілікті деңгейде өткізіліп жатыр ма, жоқ әлде өткізілетін белгілі бір науқанның аясынан әрі аса алмай жатырмыз ба?,- деген сұрақтар кез келген санала азаматты толғандырары хақ.

 Қазіргі таңда білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, нарықтық экономикада бәсекеге қабілетті, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің жолдарын шешуде білім беру ісімен бірге ұлттық тәрбиені ұштастыра отырып, азаматтық-патриоттық тәрбие; рухани-адамгершілік тәрбиесі; салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттың мәдениетін, өзінің ұлттық кодын, ұлттың ішкі «Мен» деген өзегін сақтау бойынша жүргізілу керек екені бесенеден белгілі.

Елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру парадигмасы енгізілді, білім берудің жаңа мазмұны пайда болды. Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады. Негізгі өзгермейтін қағида – білім әлемдік деңгейде, тәрбие ұлттық болмыста болуы керек. Олай болса, ұлттық тәрбиенің, әлемдік өркениетке жетудің бірден-бір жолын «ақылдың кені» Абайды танып, «жанның азығын» Абай бабамыздан алуымыз керек. Абайды тану арқылы «Толық адам» бола аламыз. Абай танытатын «Толық адам» – Ақыл, Әділет, Қанағатты бойына қатар жиған адам.Балаға осы қасиеттерді жас кезінен құлағына құйып, санасына сіңдірсек, ұлттық мінезін қалыптастырады сонда ғана ұтарымыз көп. Ұлттық тәрбие құр уағызбен сіңбейді.

Көпшілік Абайды оқу – ол тек тіл мамандарының не болмаса сол салаға қатысы барлардың ғана шаруасы деп ойлайды. Абай бабамыз айтқандай «Ақын болу-міндет емес, азамат болу- парызың» деген қағида барлық адамзатқа, барлық маман иелеріне қатысы бар. Осыған орай, оқытушы, ұстаз ретінде айтарым:

-мамандығына қарамастан, жоғары оқу орындарында «Абайтану» арнайы курстары өткізілуі тиіс,

-мектеп оқушыларына жас ерешеліктерін ескере отырып, таным-түсінігіне орай, Абай шығармашылығын оқытудың көлемін ұлғайту (2-3тақырыппен ғана шектелмей) керек.

-«Абайдың қара сөздерін» төменгі сыныпта емес жоғары сыныпта (8-11 аралығында) оқыту қажет, өйткені үлкен адамдардың «тісі бата бермейтін» терең мағыналы, кең қатпарлы ой-өзегін әлі санасы жетілмеген бүлдіршіндер тани алмайды да, беті қайтып қалады. Әр сабақта оқытушы ғылыми материалды халқымыздың ұлттық танымына қарай жаңа технологиялар арқылы сіңіре отырып, сабақтың мазмұнына сай бай ұлттық нақышта тиімді пайдаланса өзге ұлт өкілдері үшін қызықты да тәлімді болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Абай күні-10-шы тамыз» болып белгіленген қаулысы алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істердің бастауы болсын,- деп тілек білдірейік, ағайын.

Қарлығаш НҰРМҰХАМЕТОВА,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓