«Абайтану» оқулығы мектепте оқытылады

– Қазіргі таңда Абай атамыздың қара сөздерін зерттеу оқу, тереңнен тану өте қызықты. Өлеңдерін жаттап, қара сөздер бойынша көптеген жарысқа қатысып, зерттеп жұмыстарын жазып жатырмыз. Зерттеу жұмысымен ғана айналысып қоймай Абайдың ағарту салысында айтып кеткен өсиетін нақты іске асыратын уақыт жетті. Яғни білім мен ғылым жолында мал аямастар ғана нәтижеге жетпек. Абайтанушы ғалымдар да осы бағытты ұстануы шарт.
– Абайдың насихаттап отырғаны – ғылым-білім жолы. Бірақ Абай бізге суық ақылдың ғылымын ұсынып отырған жоқ. Абай бізге пайдалы ғылым алуды ұсынып отыр. Яғни жүректегі ғылымды. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Абайдың бұл тұрғыдағы насихат ілімі әлі толық зерттеліп болған жоқ, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Омар Жәлел.
Өскемендегі Аманжолов атындағы университетте былтыр ашылған «Абайтану» ғылми зерттету институты бірқатар іс атқарған. «Абай мен Мұхтар Әуезов арасындағы рухани сабақтастық» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Айжан Қаратаева бастаған ұстаздар мектепке арналған «Абайтану» пәні мен «Мұғалім кітабы» деген әдістемелік құрал жазып шықты.
– Бұл оқу бағдарламасы мен мұғалім кітабы Шығыс Қазақстан облысындағы «Абайтану» орталықтарында тұр. Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту» оқу құралын жаздым, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қартаева.
Аталған институтта ең сүбелі үш еңбек болды. Абайдың 1885 жылы жазған «Қарамола ережесін» зерттеп-зерделенген көлемді монография да жарық көрді. Ғылыми жұмыстың авторы «Қарамола ережесін» қазіргі заңнамалық актілермен салыстыра зерттеген.
– Осы заманға сәйкес нормаларды жеңіл түсінікті тілмен бердік. Әрқайсысына жеке тоқталып, билердің шешім шығару институтын, қара қылды қақ жарған Абай атамыздың биліктерін осы монографиямызда жазып шықтық, – дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.