Ірі көлемде алтын алып өткізбекші болған
27 шілдеде ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкерлері «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде Нұр-Сұлтан қаласынан Ресей Федерациясының Челябинск облысына кетіп бара жатқан жүк автомашинасын тексеру кезінде жалпы салмағы шамамен 10 тонна болатын 12 көлемді қапқа салынған алтыны бар кенді анықтады, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз.
Құжат бойынша жүк «кварцит» ретінде ресімделген.
Сарапшылардың пікірі бойынша, алтыны бар 1 тонна кеннен 1 кг дейін таза алтын шығады, ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша, 1 грамм алтынның құны – 25 213 теңге. Алдын ала бағалауға сәйкес алынған өнімнің сомасы шамамен 250 млн теңгені құрауы мүмкін.
Ұсталған жүк процессуалдық баға беру үшін Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырылды.