Жағдайдың толық түзелгенін күтейік

SERG_3330

Қазіргі еліміздегі жағдай қай-қайсымызға да оңай тиіп жатқан жоқ. Карантиндік шектеулерден қаншама азаматтарымыз маңызды сапарларынан қалды, көп отбасылар алдын ала жоспарлаған той-қуаныштарын өткізе алмай отыр. Бәрінен де түрлі саладағы бизнес өкілдері жапа шегуде, қаншама кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, табысынан айырылып жатыр. Соның салдарынан қарапайым жұмысшылар еңбекақыларын ала алмай жүр, олардың көбі мәжбүрлі түрде еңбек демалысына кетуде. Осының бәрі халықты әбден титықтатып жіберді.
Егер саналы түрде ойлап қарасақ, бізге карантиннен шығуға әлі ерте екеніне көз жеткіземіз. Соңғы бір айға жуық шектеу шаралары нәтижесін берді деп айта аламыз – бірқатар провизорлық орталықтар жабылып жатыр немесе пациенттерді қабылдау үлесі төмендеді, емдеу орындарындағы науқастанғандар саны азайып келеді. Ресми дерек бойынша соңғы тәулікте жедел жәрдем шақыру саны 850-ге жетті. Салыстыра айтар болсақ, шілде айындағы шұғыл медициналық қызметке жүгінгендер саны 1680-ге дейін шарықтады.
Осы орайда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин шараларын тағы да ұзарту жөніндегі Мемлекеттік комиссияға берге тапсырмасын қолдаймын. Індет жұқтырушылардың саны төмендей бастады.
Дегенмен әлі де карантин шектеулерін елемей, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамай жүрген азаматтарымыз баршылық. Ара қашықтықты сақтамау, бетперде кимеу қатарлы өрескелдіктерді көріп жүрміз. Бір тәулікте қаншама қостанайлыққа айыппұл салынды. «Бетпердеңіз қайда?» деп сұрай бастасаңыз, бірі оны қалтасынан, екіншісі сөмкесінен шығарып жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі, бұл талапты орындамағандардың денсаулығына ғана емес, айналадағы сіз бен біздің де денсаулығымызға аса қауіп төндіріп отырған жоқ па. Ол аздай, ел арасында жиын-тойлардың қатары азаймай тұр. Оны ғаламтор бетінен, әлеуметтік желіден көзіміз шалуда. Ол жерде жасы да, кәрісі де, тіпті, ойын балалары да толып жүр. Аз уақыт болса да мұндай басқосуларды неге тоқтата тұрмасқа.
Мен тұрғындарға әлі де шыдамдылық танытып, шектеуге бей-жай қарамауға шақырамын. Заң талаптарын бұзатындар үшін әлі де түсіндіру жұмыстарының жеткілікті түрде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Ал мұны жеке адамның емес, қоғамның жауапкершілігі деп түсінуіміз керек. Өзіміздің ғана емес, өзгенің де тағдырын ойлағанымыз абзал. Адамдарға айыппұл сала бергеннен гөрі, түсіндіру шараларын күшейткен дұрыс, ол жөнінде жиі айтылып та, жарияланып та тұру керек.
Ал келесі екі аптада жерлестеріміз барлық тазалық талаптарын орындап, көшеде, қоғамдық орындарда ара қашықтық ұстанып, бетперде тағып жүретін болса, жағдай әлдеқайда оңалып, карантин шектеулерінен аман-есен шығатынымызға сенімдімін. Сол себепті, Мемлекет басшысының шешімін бір адамдай қолдап, жергілікті билік, санитарлық мекемелер және құқық қорғау органдары тарапынан енгізілген шараларды бұлжытпай орындасақ, өзіміздің де, өзгенің де өміріне зиян келтірмейміз.
 
Алда қасиетті Құрбан айт мейрамы. Мұсылман қауымының ұлық мерекесімен барша облыс тұрғындарын құттықтаймын!
Қазіргі елдегі ахуалды ескере отырып, жерлестеріме айт күндері бір-біріне қыдырып бармауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен жергілікті дін өкілдерінің шектеулерін қатаң сақтауға шақырамын. Ал құрбанға шалған мал етін жақын-жуықтарын шақырып дастархан жайғаннан гөрі, өңіріміздің мешіттері арқылы мұқтаж жандарға таратып беріп, сауабына ие болса деген тілегім бар.
 
Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректорының кеңесшісі, педагогика ғылымдарының докторы, Қостанай облысының әйелдер күші альянсының жетекшісі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓