КЕТЕРІМДІ ЕЛ, КЕЛЕРІМДІ КІМ БІЛЕДІ?

Келгенінен кеткені көп
2018 жылдың 11 айында Қазақстан Республикасынан 40 мыңға жуық адам қоныс аударды. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 12 пайызға жоғары. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті келтірген мәліметтерге жүгінер болсақ, елден кеткендердің дені ТМД көлеміне тұрақтауды жөн көріпті. Ал ТМД-дан жырақ кеткендердің саны 3813-ке жетіп отыр. Оның алдыңғы жылдары бұл санның анағұрлым аз болғанын  да айта кеткен жөн.9b3708efce34ad9a504c00f9341b2821_XL
Қазақстанға келушілердің де қатары сирепті. Нақты айтқанда, 2018 жылдың 11 айында Қазақстанға басқа елдерден келгендердің саны 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,5% – ға (11 545 адам) азайды (2017 жылдың 11 айында 14 528 адам ҚР қоныс аударды). Оның ішінде 9 069 адам Қазақстанға ТМД елдерінен (бұрын 10 370 адам), 2 476 адам басқа елдерден (бұрын 4 158 адам) келді.
Кеткендердің ішінде орыстар – 72,6%, немістер – 7,3%, украиндар – 6,6% және қазақтар – 4,3% көш бастап тұр. Келгендер арасында қазақтар – 53,1%, орыстар – 23,3% және украиндар – 2,8%.
Осылайша, еліміздің Статистика комитеті көші-қон сальдосының кері кеткенін, яғни Қазақстан Республикасы тұрғындарының бір жылдың ішінде 27 812 адамға кемігенін ресми мәліметінде келтірген. Көшкін санын облыс пен ірі қалаларға жіктейтін болсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы есепте: Түркістан облысынан 39 430 адам, Алматы қаласынан 14 915, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан 11 000 адам өзге аймақтарға қоныс аударған. Ал қостанайлық көрсеткішке тоқталар болсақ, облысымыздан бір жылдың көлемінде бас-аяғы 5 579 адам көшіп кетіпті. Оның тең жартысының шекара асқанына сенесіз бе?!
Ресеймен қоңсылас орналасқан аймақта тұрақты мекенін ауыстырғысы келетіндердің саны да күн санап артып келеді. Қолдағы зерттеу мәліметтеріне жүгінсек, облыс тұрғындарының 11,3 % (!) Қазақстаннан мәңгілікке кеткісі келетінін жеткізіпті. Сауалнамаға қатысқан әрбір мың адамның 2,3 % өзге елдерден жұмыс қарап жүргенін айтса, елдегі саяси басқару жүйесі өзгерген жағдайда көшуге бел буып отырғандардың қатары 4,7 пайызға жетіпті. Жалпы, көші-қонды қоғамдық-саяси мәселе есебінде қарастыратын қостанайлықтардың қатары 27 пайызға жоғарылаған.
Өңірдегі адам санының кемуіне әлеуметтік-экономикалық жағдай да әсер етуде. Мәселен, материалдық жағдайын дұрыстау мақсатында тұрғындардың 2,3 пайызы өзге елге қоныс аударуға ынталы. Әлеуметтік жағдайға көбірек көңіл бөлінсе, социологиялық орталық ұсынған көрсеткіштің әлі де қысқарары сөзсіз. Олай дейтініміз, дәл осы сауалнамаға қатысқан 1000 тұрғынның 34,2 пайызы мемлекетіміздің халықтың өмірлік қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етіп отырғанын айтқан. Ал, 40,9 пайызы мемлекеттік бағдарламалардың тең жартысының орындаусыз тасада қалғанына налиды. Десек те, олардың орындаларына шүбә келтірмейді.
 
Бар бәле БАҚ-тан
Тоқсаныншы жылғы тоқырау мен егемендіктің енді қалыптасып жатқан кезі – 2000 жылдары біздің мемлекетімізден қоныс аударғандардың денін  зейнет жасындағы адамдар құрайтын. Соңғы он жылда кеткендердің қатарын жастар толықтырып отыр. Өзіміздің және өзге мемлекеттер ұсынып отырған білім гранттарына түсіп жатқан жастарды айтпағанда, қызмет бабымен, тұрмыс қамымен кетіп жатқандардың да қатары қалыңдай түскен. Көштің себебін білу мақсатында, әлеуметтік желі тұтынушыларының арасында сауалнама жүргізіп, кеткендер мен кеткісі келетіндер және елде қалатындардың ой-пікірлерін білуге тырыстым. Әлеуметтік желіде әңгімеге тартқандарымның дені мүмкіндік болса, кетуге қам жасап жүргендерін жеткізді. Енді бір бөлігі өз болашағын Қазақ елімен байланыстырып отырғанын білдірді. Шетел асқандарымен хабарласып, неліктен кеткенін білмек болдым.
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында қызмет бабымен жүрген Тимур Кушкаров деген азаматтың қоныс аударғанына 2 жылдан асыпты. Ол елден кеткеніне еш өкінбейтінін айтады. Шығыс Қазақстан облысының тумасы азғантай ақшаға мемлекеттік қызметте жүргенін, кейін мүмкіндікті пайдаланып, Қытайдың шағын компаниясына ауысқанын алға тартты.тимур кушкаров
– Қазақстанның жетекші ақпараттық порталдарында шет елдерге кеткен отандастарымыздың сыртта түрлі жетістіктерге жеткені жайындағы ақпараттар жиі жарияланып отырады. Олардың түпкілікті мақсаттарының не екенін білмедім, десек те, мұндай ақпараттардың өз елінде жолы болмай жүрген қыздар мен жігіттерге сыртқа кетіруге үндеу болып естілетіні жасырын емес, – дейді facebook.com әлеуметтік желісі арқылы әңгімеге өрбіткен Тимур. – 38 000 теңге жалақы үшін таңның атысы, күннің батысы мемлекеттік қызметте жүрген жанға «Шетелде аптасына 300 000 теңге табыс табасың» деген ұсыныстың майдай жағары анық. Әкімдіктің азғантай ақшасын жарата алмай жүргенімде, өз басым, мұндай ұсынысты қапы жібермеуді жөн көрдім. Оныма еш өкініп жүрген жоқпын. Аптасына 300 000 таппасам да, табысым күнкөрісімнен артылып, елде қалған туғандарыма жіберуге жетіп жатыр.
– Елге оралу ойыңызда бар ма?
– Жұмысым да, тұрмысым да көңілімнен шығып жүр. Әзірге, елге оралу ойымда жоқ.
– Сағынбайсыз ба?
– Жақындарым, жора-жолдастарыммен әлеуметтік желілердің көмегімен күнде байланысамын. Ел жаңалығын солардан, сайттан оқып, біліп отырамын. Ана жақтағы тірлік пен мына жақтағы тірлікті салыстырған соң ба, әзірге оралатын ойым жоқ. Қайта, жолдастарымның дені менің қасыма келіп, қызмет істеуге ниеттеніп жүр. Қызығушылықтарын ашық білдіріп жатқандары жетерлік.
– Үгіттеп жүр  екенсіз ғой…
– Мен емес, тұрғындарды  жергілікті БАҚ азғыруда.
-?!..
–  Жақында Nur.kz ақпараттық порталынан қызылордалық бір қазақ қызының Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, жезөкшелікпен шұғылданғанын, одан шылқыма бай болып шыға келгенін дәріптеген мақаланы оқыдым. Мына бір фактіге назар аударуыңызшы: «Қыздығымды бақуатты бір еркекке 200 000 рубльге (1 000 000 теңге) саттым. Одан кейінгі табысым да жаман болған жоқ. Тәнін саудалаған қыздардың арасындағы экзотикалығы, яғни азиат болғандықтан, қызметім күніне 50 000 рубльге (250 000 теңге) бағаланды. Өзгелері күніге 8-10 клиентке қызмет көрсеткенде мен бірлі жарымымен ғана шектелетінмін.  2-3 жылдың көлемінде қымбат көлік, 8 миллион рубль (40 млн теңге) қор жинадым», – дейді Nur.kz-тегі кейіпкер қыз. Ақыр соңында әлгі қыз арамзалардың арбауына ілігіп, тәнін сатып тапқан қаржысынан қағылып, үйіне, Қызылордаға оралыпты. Егер ол қыздың басы тасқа тимесе, сол жүрген жолында жүре берер ме еді? Міне, осы мақала кейбір қаракөздерге ой салуы да ықтимал. Орыс ортасы, менталитеті, тұрмысы басқаша. Бұл іспен айналысатын болсам, таныс-туғандарым жоқ, ешкім білмей қалуы да мүмкін деген ой қалыптасуы мүмкін. Ал менің қызметім ол қыздың тірлігімен салыстыруға келмейді…Нур.кз
 
Жағдайым болса, жыным бар ма?
Қазақстандықтардың қоныс аударуына көрші елдердегі маман тапшылығының да себеп екенін айта кеткен жөн. Мәселен, Қостанайдағы белді білім ордасында "Қазақстан тарихынан" сабақ беретін білікті маман өзінің тарихи отанына оралып, мектепке жұмысқа сұраныпты. Челябідегі білім ошағының басшылығы оны жұмысқа бірден қабылдап, "Әлем тарихы" және "Ресей тарихы" пәндерінен сабақ беруге өтініш білдіреді. Ресей тарихын оқымағанын айтқан қазақстандық азаматқа 2-3 айдың көлемінде төл тарихын бір сүзіп өтуге мұрсат беріліпті. Қазіргі уақытта ол өз саласында табысты еңбек етіп жатқан көрінеді.
Жүріс-тұрыс жеңілдеген мына заманда адамзаттың жақсы жерге жылжуы заңды құбылысқа айналып барады. Қазақ елінен кеткендердің орынына аз да болса, шет елдерден қоныс аударғандар басуда. Бір "әттеген-айы" – олардың арасында қандастарымыз аз. 90-шы жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда, елге көшіп келетін қазақтардың саны күрт кеміпті. Әлеуметтік желінің көмегімен жылы орындарын суытпай отырған қандастарымызды әңгімеге тартып көрдім.
Көп жағдайда тарихи Отанына оралуға ниеттілерді еліміздегі мемлекеттік әлеуметтік көмектің төмендігі тоқтатады екен. Мәселен, бала туғанда берілетін бір реттік төлем (66 620 теңге), бала бір жасқа толғанша берілетін ай сайынғы жәрдемақының (12 216 теңге) төмендігі, зейнет жасының ұлғайтылуы қоныс аударғысы келетіндерді қатты толғандыруда. Ресейдегі қандасымыз Әлия Ахметованың айтуынша, екі елдегі  тұрмыс-тіршілік бір деңгейде болғанымен, ол жақта адам капиталына ерекше көңіл бөлінеді.Алия Ахметова
"Менің әке-шешем, ата-бабаларым осы елде туып өскен. Қазақстанға қонаққа барып тұрғаным болмаса, ол жаққа қоныс аудару әзір ойымда жоқ. Көңіл құлазыған кейбір сәттерде ғаламторды сан ақтарып, екі елдің тұрмыс-тіршілігін сарапқа саламын. Қазақстанда білімге, жұмыссыздықпен күрес, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді екен. Осы бағытта ауқымды істердің тындырылып жатқанын аңғару қиын емес. Ал, Ресейде демографиялық мәселеге ерекше мән беріледі. Мәселен, балалы болған жастарға «отбасылық капитал» қарастырылған. Екінші сәби дүниеге келгенде 100 000 рубль (500 000 теңге) көлеміндегі жәрдемақы беріледі. Қордағы қаржыны баспана алуға жұмсауға болады. Көптеген жас отбасы ақшаны ипотека рәсімдеуге жұмсайды. Себебі, үшінші сәби дүниеге келгенде ипотекалық төлемнің жартысы үкіметтің есебінен жабылады. Ал, төртінші бала сізді қаржылық бұғаудан мүлдем босаттыра алады", – дейді әлеуметтік желі арқылы сыр бөліскен Әлия Ахметова. 
Қандасымыз мекен еткен Ханты-Мантийск автономды округінде арнайы бағдарлама бойынша, сәбилі болған жас отбасына губернаторлық 100 000 рубль (500 000 теңге) жәрдемақы мен тегін 10 сотық жер беріледі екен. Қолдағы қаржыңызды үй салуға жұмсауға болады. Ал, ауылдық аймақтарда "Селолық баспана" арнайы ипотекалық бағдарламасымен пайызсыз несие беріледі. Бағдарламаның алғышартының бірі – оған баласы бар жас отбасылар ғана қатыса алады.
«Түмен қаласында «Оңтүстік қала» тұрғын үй кешені бой көтерген еді. Ресей рублі құнсызданған мезетте осы елдің біраз азаматы баспанасын жаңарту мүмкіндігіне ие болды. Біз де қолдағы жиған-тергенімізді қосып, жаңа үйге көшіп алдық. Бір қызығы, ақша айырмашылығын тиімді пайдаланғандардың дені қазақстандық екен. Біреулері бизнес есебінде пәтерлерін жалға берген, енді бірі түбегейлі көшіп келген. Қоныс тепкендердің басым бөлігі – қазақтар. Көршілеріміздің дені қазақыланып қалды. Ендеше, Қазақстанға қоныс аударып қайтеміз?» – дейді Әлия.
Айтса айтқандай, көрші елде адам капиталына ерекше көңіл бөлінген. Мемлекеттік деңгейде ауқымды жобалар жүзеге асырылып, демографиялық ахуалды дұрыстаудың өзге де тәсілдері қарастырылып жатыр. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған биылғы Жастар жылында біздің елімізде де ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланған. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Игі бастамалар жүзеге асырылған жағдайда жастарымыздың көші-қон мәселесіне қатысты көзқарастары да өзгереді деп сенеміз. Оның нәтижесін келер жылғы сауалнамадан көретін боламыз.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓