БІРІҢДІ БІРІҢ САҚТАУ – АЙТҚАНҒА ТОҚТАУ!
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», -деген ескіден келе жатқан тәмсіл барын еске алсақ, бүгінгі аты беймәлім, әзірге нақты төте емі табылмай тұрған мына індет Жер беті халқын ошарып-ақ тастағаны айдай әлемге мәлім. Басында пендешілік, сенбестік, бейқамдық барлық тараптан болғаны жасырын емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, оны күнде естіп, көріп отырмыз. Айналамыздағы қаншама жақсы мен жайсаң мезгілсіз өмірден озып жатыр.
Оның сыртында бұған дейін енгізілген шектеу шаралары экономиканың дамуына кері әсерін тигізгені жасырын емес. Қаншама кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Алыс-беріс, барыс-келіс азайды. Бірақ, мұның бәрі елдің амандығы, ұлттың саулығы үшін жасалып жатқан уақытша шара екендігін түсінуіміз керек.
Тойшыл жалғыз біздің қазақ қана емес, сонда да өз ошағымызды – отбасымыздың, ағайынның амандығын ойласақ әзірше топтанып жиналатын той-жиындарды, басқосуларды,басқа да мәжілістерді доғара тұру қажеттілігін бүгінгі жағдай анық көрсетіп отыр. Сондықтан, карантин шараларын қатаңдатудың тиімділігі нәтиже бере бастағанына тоқталған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл шектеу мерзімінің тағы екі аптаға созылатынын мәлімдеді.
Бұл өткеннен сабақ алу, шектеу шарасының нәтижесі барын мәлімдеген құзырлы орындардың мәлімдемелері ескерілгені деп білемін. Ел болып қолдап, уақытша өтпелі қиындықтарға шыдас беріп аты жаман сарытұмауды жеңіп шығуымыз үшін бірлесе атсалысуымыз ғана қалып тұр. Бәріне түйсік тереңінен қарай білетін ел халқы парасаттылық биігінен көрінеді деген сенімдемін. Біріңді бірің сақтау – айтқанға тоқтау!
Ғабит СҮНДЕТБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясының Жанкелдин аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары.