Қауіпті сейілтудің басты амалы
Елімізде карантин режимін елемей, той жасап, топтасып сауық-сайран қуып жүргендер әлі де аз емес. Салғырттық салдарынан енді ғана басыла бастаған індетті қайта өршітіп алуымыз мүмкін. Қауіпті сейілтудің басты амалы – шектеу мерзімін созу. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елдегі карантин режимі тағы екі аптаға ұзаратын болды.
Қазіргі жағдай шектеу талаптарының оң ықпалы барын көрсетіп отыр. Мәселен, біздің Қостанай ауданындағы 30 орындық провизорлық орталық бұдан бір айдай бұрын лық толып қалған еді. Тіпті, сыймаған науқастарды жақын маңдағы ауруханаларға жіберуге тура келген кездер болды.
Карантин күшейтілген үш апта ішінде науқастар легі біршама азайып қалды. Қазір біздегі провизорлық орталықта 22 адам ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты. Шектеу шараларына дейін күніне 10-11 келіп түсетін, бүгінде ауру белгілері 3-4 адамнан ғана байқалып отыр.
«Коронавирус белгілері бар» деп жедел жәрдем шақырушылар саны да кемігенін көріп отырмыз. Мысалы, пандемия өршіп тұрған тұста облыс бойынша 103 нөмірін терушілер 1600-ге дейін жеткен еді. Қазір 800-дің шамасына, бұрынғы қалпына қайта оралды.
Қостанай аудандық ауруханасының жанынан екі мобильді топ құрылған болатын. Олар таңғы тоғыздан кешке дейін 12-13 сағат жұмыс істейді. Осыдан екі аптадай бұрын аталмыш бригадалар күніне 20-22 үйге барса, қазір шақырулар 10-ға дейін азайды.
Бізді «төртінші дәрежелі шақырулар» деген бар. Өзара ауызекі тілде «неотложка» дейміз. Яғни, созылмалы сырқаты немесе мерзімді аурулары бар науқастардың жедел жәрдем шақыруы үш апта ішінде 36-дан 15-17-ге дейін түсті. Бұрынғы қалыпқа келді.
Міне, осындай нәтижелі жұмысты жоққа шығармас үшін карантин мерзімін ұзартуды құптаймын. Әйтпесе, босаңсып кетсек, індет бір мезетте белең алып кетері анық. Оған өзіміз де куә болдық.
Президент қазіргі кезеңді «той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деп атады. Расында, біздің дәуір ғылымға бет бұруды талап етіп тұр. Сақтық шараларына ден қойып, көпшілік жиналатын іс-шараларды кейінгі шегере тұрсақ, одан ұтылмасымыз белгілі.
Сырлыбек МЕЩАНОВ,
Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері