“Нұрлы жол” – Мәңгілік елдің жолы

Соған орай, облыс басшысы Нұралы Садуақасов орынбасарлары мен қала әкімін және басқа да мемлекеттік құрылым басшыларының басын қосып, Президенттің "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" Жолдауын ой талқысына салып, алқалы мәжіліс өткізді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, қазір бүкіл әлем экономикалық сипаттағы жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Ол – қаржылық дағдарыс, әлемдік экономиканың құлдырауы, ірі державалардың геосаяси дағдарысы бәрі-бәрі есепке алынуда. Соны меңзеген облыс әкімі өңіріміз үшін маңызды деген жайттарға ой тоғытып, болашақта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Нұралы Садуақасов,
Қостанай облысының әкімі:
– Бүгін біз Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауын тағы бір пысықтап ой тал-қыға салмақшымыз. Соншалықты ерте және бәлкім көптеген азаматтар үшін күтпеген бұл Жолдау әлемдік экономикадағы және гео- саяси дағдарыстың оңай емес үдерістерімен байланысты. Ел Президенті "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатының мемлекет пен қоғамның алдында тұрған оңай емес кезеңдегі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналғанын айрықша атап өтті.
Ғаламдағы қаржы дағдарысына байла- нысты Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары екі траншпен 500 млрд-тан бөлінген 1 трлн. теңге біздің экономикамызға тағы да серпін береді деп ойлаймын.
Сол бір дағдарыстың кесірінен біздегі тау-кен өндірісінің дамуы 4,9% кеміп, 20 млрд. теңгенің өнімін өндірсек, қазынаға 2 млрд. жуық қаржы құйылды. Өткен жылмен есептесек, бұл әлдеқайда төмен көрсеткіш. Бірақ соған қарамай біз экономикамыздағы ішкі тұрақтылықты ұстап отырмыз.

Біздің облыс қай сала болмасын, жоғары дамудың нәтижесінде жақсы көрсеткіш-терге қол жеткізуде. Келер жылы да осы қарқында жұмыс істеп, Елбасы сенімінен шыға білейік!
…Сондай-ақ, өңір басшысы көлік-логистикасы инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, "Бизнестің жол картасы–2020" бағдарламасына барынша тоқталып, алдағы жылдың жоспарын қысқаша баяндап берді.
Содан кейін "Иволга Холдинг" ЖШС-нің Бас директоры Василий Розинов сөз сөйлеп, Жолдаудағы экономикалық-стратегиялық бағыттарды әңгімеледі.
Василий Розинов,
"Иволга Холдинг" ЖШС-нің Бас директоры:

Бұл жерде мен ауылдағы халықтың жайын айтуға келіп отырмын. Қазір қалада үй салу қарқынды дамуда. Соған байланысты ауылдың біраз халқы қалаға көшіп жатыр. Біз өңіріміз үшін ендігі кезде ауылдық жерлерде де жаңадан үй салу, болашақ жас маманды ауылға бағыттау мәселесін мықтап қолға алайықшы. Сонда ғана ауылдың тұрмысына өң кіріп, өңкей жастар баспана үшін ауылға қарай ағылатыны сөзсіз.
Келесі пікірін айтқан "Қостанай минералдары" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Самат Ақышев өнеркәсіптің жай-күйін баяндап берді.
Самат Ақышев,
"Қостанай минералдары" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

Біздің кәсіпорын үшін биылғы жыл ауыр болды. Оған әлгінде өңір басшысы Нұралы Садуақасов тоқталып кетті. Бірақ соған қарамай, біз өндірістегі негізгі жұмыс күшін қысқартпай отырмыз. Себебі, соңғы айларда Өзбекстан, Үндістан, Индонезия елдеріне экспортталған тауарымыздың арқасында барлығы қалыпты жағдайға жетті. Он айдың қортындысы бойынша тұтынушыларға 149 мың тоннаға жақын өнім жөнелтіліп, экономикалық көрсеткіш тұрақталды.
Ендігі меже, Қытай мен Иран, Ресейге тауар экспорттау көзделіп отыр. Оған Елбасы Жол-дауының берері мол деген сенім бар. Өйткені, биылғы Жолдау да – еліміздің 2050 жылға бағытталған даму жоспарына сәйкес жасалған ауқымы кең саяси бағдарлама болып отыр.
…Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі төр-ағасының орынбасары Вера Семенова да Елбасы Жолдауына қатысты ойын айтып, ардагерлердің де бұған бей-жай қарамайтындығын баяндап берсе, "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова партия тұрмысы мен ат-қарылған істерді әңгімеледі.
Әлия Сапарова,
"Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Тұтастай алғанда, биылғы жолдаудың салтанатынан гөрі нақтылығы басым болды. Әсіресе, халықтың алдында осыдан екі жарым жыл бұрын "Нұр Отан" партиясының Сайлауалды тұғырнамасында берілген әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың тұрмыстық деңгейін арттыруға қатысты уәделер орындалуы осы Жолдауда ай-қын ашыла түсті.
…Алқалы жиында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жастар саясаты туралы, патриоттық тәрбие мәселесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ат-қарылған жұмыстар баяндалып, "біздің басты мақсат – мемлекетіміздің абыройы мен беделі үшін Елбасы айқындап берген тапсырмаларды тиянақты орындап, халықтың үмітін ақтау", – деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов қорытынды сөзінде.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕРДЕ: Н.Садуақасов, алқалы мәжіліске қатысушылар.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.