Үздіктер марапатталды
Бүгін қаламыздағы орыс драма театрында мүгедектер күніне және әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған “Аялы алақан”мерекелік шарасы өтті. Оған қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, мүмкіндігі шектеулі спортшылар, “Үздік әлеуметтік қорғау қызметкері” және “Әр түрлі, бірақ тең” облыстық байқауларының жеңімпаздары шақырылды. Әлеуметтік сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев мемлекетіміздің қоғамның әлсіз өкілдеріне қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқандығын әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуын ұсынып отырған әлеуметтік сала қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді.
– Біздің облыста да әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі күні өңірде 27 840 адам әлеуметтік көмекке мұқтаж. Оларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы да уақытылы төленіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуі мақсатында да түрлі шаралар атқарылуда. Жалпы, ағымдағы жылы бұл салаға 3,6 млрд теңге қарастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандандырды оңалту мақсатында да өңірде тиісті шаралар жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылы облыстық оңалту орталығының сметалық-жобалық құжатына 911,5 млн теңге бөлінді, Алла қаласа келер жылы жаңа орталық есігін айқара ашатын болады. Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор болып, аянбай қызмет етіп жүрген жандардың да ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Қазіргі күні облыс бойынша төрт мыңнан астам әлеуметтік сала мамандары қызмет етуде. Сондықтан сіздерді де кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді М. Жүндібаев.
Салтанатты жиында бірқатар сала мамандары мен белсенді жұмыс атқарып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоғамдық қор басшылары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және “Әлеуметтік қорғау саласының үздігі”, “Үздік әлеуметтік қызметкер”, “Үздік жұмыспен қамту орталығының қызметкері”, “Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы”, “Үздік әлеуметтік саланың менеджер-ұйымдастырушысы”, Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме“, “Үздік ҮЕҰ” сияқты марапттарға ие болды. Сондай-ақ, “Үздік биші”, “Үздік орындаушы”, “Үздік жасаушы” номинациялары бойынша да он екі адам марапатталды.