Көмекке – 70 аппарат
Қостанай облысына Түркия елінен 70 дана оттегі концентраторы әкелінді. Мұндай көмек ERG компаниялар тобының демеушілігімен жеткізіліп отыр. Тыныс алу құралдарының бір ерекшелігі – оны ешқандай оттегі баллонына жалғаудың қажеті жоқ, бір жағы ауаны өзі сорады да, екінші жағынан оттегі күйінде науқасқа қосыла береді. Концентраторлар жеңіл, төрт дөңгелекті, сүйреп жүруге ыңғайлы. Оардың бір бөлігі Түркияда, қалғандары АҚШ-та жасалған. Сапасы жағынан жоғары. Бұл жабдықтар өңіріміздегі COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдеп жатқан барлық мекемелерге таратылып берілмек.
Айта кету керек, қазіргі таңда өңіріміздің емдеу мекемелерінде 250 оттегі концентраторы бар. Демеушілердің арқасында мұндай құралдардың саны да артуда. Дегенмен аймағымыздың ауруханаларына осындай тыныс алу аппараттарының әлі 300-ге жуық данасы қажет. Дегенмен жергілікті билік мәселені басқа жағынан да шешуді қолға алыпты.
– Бүгінгі күні аймақтық бюджеттен емдеу мекемелеріне оттегі жүйесін тарту жұмыстарына қаражат бөлінді. Яғни, емдеу орындарының сыртына ауа жинау цистерналары орнатылады, сол арқылы оттегі әрбір палатаға, әрбір науқасқа таратылады. Мұндай қондырғылар Қостанай облыстық ауруханасы, Қостанай қалалық ауруханасы, Тобыл қаласындағы туберкулезге қарсы диспансер және Рудный қалалық ауруханасына орнатылады деп күтілуде. Оттегі 99,5% сапалы болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов.
Әрине, COVID-19 инфекциясына шалдыққандар үшін ең қажеттісі – оттегі болып отыр. Ал емдеу мекемелері үшін оттегі аппараттары ауадай қажет қазір. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаннат Молдатаеваның сөзінше, қазір ондағы медициналық мекемеде 55 науқас жатыр. Олардың тең жартысына тыныс алу құралдары қажет. Сол себепті, бүгінгі келген көмек ондағы пациенттерге зор көмек болмақ дейді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.