Аймақта қандай хабар бар?

Оқытуды оқып-білмек
Облыста. Педагогтерге қашықтан оқытудың амал-тәсілдерін үйрететін онлайн-курстар басталады. Көктемгі тәжірибе мұның аса қажет екенін көрсетті. Оқыту тамызға белгіленіп отыр. Ол 5 тақырыптық модуль бойынша, 40 академиялық сағатқа созылмақ. Шамамен, апта ішінде курстан өтуге болады. Әуелі бастауыш және пән мұғалімдері оқытылады. Оқыту ақысыз. Облыстың 98% педагогтары курстан өтуге тіле білдірген.
 
Ыстық судан ажыратылды
Қостанай. ҚЖЭК баспасөз қызметі ыстық су беру уақытша тоқтатылатыны туралы хабар таратты. Қайырбеков көшесіне күрделі жөндеу және жол асты инженерлік коммуникацияны айырбастау жұмыстары жүргізіледі. Соған байланысты Текстильщик көшесіндегі 30 үй ыстық судан 29 шілдеден 11 тамызға дейін ажыратылады.
 
Скейт-алаң пайда болды
Лисаков. Карантинге байланысты, әзірге жабық тұр. Жағдай оңалса, жастардың көптен күткен сауық алаңына айналмақ. Бұл скейтбордты енді үйреніп жүргендерге арналған. Сырғанау бөгеттері аса биік емес. Жалпы, облыс көлемінде мұндай үш скейт-алаң бар. Ал ел бойынша олардың саны небәрі жиырма ғана.
 
Жол жаңарады
Денисов. Аудандық маңыздағы "Зааятский-Денисов" автожолын жөндеу 2019 жылы басталған. Алдағы жылдың күз мезгілінде аяқталмақ. Жалпы ұзындығы 28 шақырым жол жаңартылады. Құрылыспен "Қостанай жолдары" ұйымы айналысуда. Денисовтық материалдар пайдаланылуда. Үш жылдық жоба құны – 826 млн теңге. Биыл 15 шақырым жөнделеді. 40 адам жұмыс істеуде, көбі – жергілікті тұрғындар.
 
Жөндеу аяқталу алдында
Қостанай а. Биыл Озерный орта мектебін ағымдағы жөндеуден өткізу қолға алынған еді. Жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыспен "Бастион" фирмасы айналысты. Жоба аясында нысанның терезелері, еден төсеніштері ауыстырылып, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Қасбеті мен кіреберісі жаңартылып, кәріз жүйесі жөндеуден өтті.
 
Басты байлық бақылауда
Амангелді. Бүгінге дейін аудан көлемінде 62 науқас індеттен сауығып шыққан. Қазір провизорлық стационарда 50-ден астам науқас емделіп жатыр. Бәрінің диагнозы – пневмония. Олардан КВИ сынамалары алынған. Жыл басынан бері 14 877 046 теңге тапшылықты жоюға жұмсалған. Ауданның жанашыр азаматтары аурухана шотына 3 млн 400 мың теңге аударыпты. Бұл медициналық құрал-жабдық алуға шығындалды.
 
Апаттан бала опат болды
Рудный. Қостанай-Рудный тас жолында жойқын жол апаты болды. Қызметтік автобақылау көлігі мен ВАЗ 2115 маркалы автомобиль соқтығысты. Апат салдарынан 4 жасар бала көз жұмды. Қызметтік көлік осы тас жолдың 17-шақырымында болған жол-көлік оқиғасына бара жатқан. Күтпеген жерден өзі оқыс оқиғаға душар болды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓