Облыс әкімі Президентке есеп берді
Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысына өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады.
Облыс басшысының айтуынша, коронавируспен ауырғандардың қатары азайып, сауығып шыққан науқастардың саны көбейген. Жалпы жағдай тұрақталып келеді. Төсек-орындар мен дәрі-дәрмектердің қоры жасалған.
«Соңғы 2 аптада пневмониямен ауырғандар қатары 2 есе төмендеді. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметіне шақырулар саны тәулігіне 1 600-ден 850-ге дейін қысқарды. Бүгінгі күні облыстың медициналық ұйымдарында 247 өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның ішінде осы жылы медициналық ұйымдарға 58 аппарат сатып алынды. Бұдан бөлек, отандық өндірістен шыққан тағы 200 құрылғыны жеткізу жоспарда бар. Медициналық ұйымдарға бюджеттен тыс қаражат есебінен АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей өндірісінің 400-ге жуық концентраторы жеткізілуде, қазірдің өзінде 250-ге жуық концентратор әкелінді. Жергілікті бюджеттен 4 ірі провизорлық және инфекциялық стационарға, атап айтқанда облыстық, Қостанай және Рудный қалалық ауруханаларына, Тобыл қаласының туберкулезге қарсы диспансеріне 856 оттегі желісін жүргізуге қаражат бөлінді. Орнату жұмыстары 1,5 ай ішінде аяқталады. Жыл соңына дейін осындай жұмыстар тағы 3 медициналық ұйымда жүргізіледі», – деп баяндады Архимед Бегежанұлы.
Таяуда Рудный қалалық ауруханасы үшін 3 компьютерлік томограф және 10 цифрлық рентген аппараты, қала берді, МРТ құрылғысы әкелінбек. Сонымен қатар осы жылы дәрігерлер үшін 80 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынғанын айта кетейік. Осындай тағы 30 көлік және лизинг есебінен 50 бірлік реанимобиль алу жоспарда.
Президент аймақ әкіміне ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігі айтылды.