ҮЙСІЗДЕРГЕ ҮМІТ БАР
"БІР ҮЙ – БІР ЕУРО"
"Өз үйі – өлең төсегін" таппай жүрген итальяндықтарға бір еуроға баспана алуға мүмкіндік беріліп отыр. Бір шәшке копучиноның құнына шақталған үйдің көлемі – қазақ еліндегі аста-төк байлардың сарайынан бір мысқал да кем емес. "Гәп" неде десеңіз, мұндай үйлердің дені қала типті муниципалды мекендерде орналасқан.
Жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған бағдарлама Италияда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндағы мақсат – жастарды муниципалды аймақтарға тарту, ауылшаруашылық, туризм саласын дамыту. Жергілікті ақпарат көздеріне сүйенсек, итальяндық жастар жағы қазіргі таңда елдің ірі қалаларына шоғырлануда. Ал ауыл-аймақтарында тек, қарттар ғана қалған көрінеді. Ішкі урбанизацияның салдарынан муниципалды аймақтар қаңырап, тарихи маңызға ие көне үйлер үйіндіге айнала бастаған. Талай ғасырлық тарихы бар ғимараттарымен ғана туристерді тартып, табыс тауып отырған итальяндықтар жағдайды жақсартудың түрлі амалдарын қарастыра бастады. "Бір үй – бір еуро" бағдарламасы – соның бірі.
Екі кәсіпкер мен биліктің бірлесе ұсынып отырған бағдарламасының шарты бойынша, бір еуроға баспана алған азамат мемлекеттік шотқа белгілі бір мөлшерде кепілдік ақша енгізуге міндеттеледі. Осыдан кейін, алдағы 3-5 жылдың көлемінде үйдің архитектуралық сұлбасын сақтай отырып, күрделі жөндеу жүргізуі тиіс. Шарт талаптары орындалған жағдайда үй иесінің кепілдік қаржысы толықтай өзіне қайтарылады.
ЗЕЙНЕТАҚЫҒА БАСПАНА
Италияда бар үйге ие таппай жатса, Қазақ еліндегі жағдай керісінше. Қостанай облыс орталығының өзінде ғана "Юбилейное", "Аэропорт" іспетті шағын аудандар құрылып, көпқабатты үйлер жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптады. Қазіргі уақытта, Рудный бағытында "Қонай" шағын ауданы салынып, бес қабатты үйлер бой көтере бастады. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылып жатқан баспана аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім-жесірлер мен мемлекеттік қызметшілерге жеңілдетілген несиемен беріліп жатыр. Осыған қарамастан, бәз біреудің босағасын сағалап жүргендердің қатары азаяр емес.
Құрылыс қарқынды. Несие 4 %-ке дейін төмендетілді. Жетім-жесір мен әлеуметтік аз қамтылғандарға үкіметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Сонда да, үйсіз жүргендер көп. Енді, қайтпек керек?
Тығырықтан шығу мақсатында ел үкіметі тағы бір бағдарлама ұсынды. Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиылған қаржыны ем-дом мен баспана мәселесін шешуге жұмсауға рұқсат берілмек. Бәрін емес, әрине! Жинақталған сомманың белгілі бір бөлігін ғана кәдеңізге жарата аласыз. Жас ерекшелігі мен жинақталған қаржысына қарай кімнің, қанша жұмсай алатыны да айқындалды. Есептей келе 18 миллион қазақстандықтың 700 мыңы ғана зейнетақы шотына жиылған қаржының белгілі мөлшерін алатын болды. Қалғандарының қаржысы белгілі межеге жетпейтін болып шықты.
ҰТАМЫЗ БА, ҰТЫЛАМЫЗ БА?
Айтулы бағдарлама талқыға шығарылғалы қоғамдық пікірдің екіге жарылғанын айта кеткен жөн. Алдымен, зейнетақы жинағын кәдеге жаратуға қарсы болғандардан бастайық. DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаевтың уәжіне құлақ асар болсақ, бағдарлама тек, қалталыларға ғана негізделген. Олай дейтіні, салымшылардың 93 %-нің жинағы бекітілген межеге жетпейді.
"Бағдарлама талаптарына сай келетін БЖЗҚ салымшыларының қалған 6-7 %-нің жағдайы онсыз да жақсы. Олардың тұрғын үй мәселесін шешетіндей басқа да мүмкіндіктерінің барына нық сенімдімін. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаға іліккендердің дені миллионға жетер-жетпес қаржыны місе тұтуға мәжбүр. Баспана бағасының шарықтау шегіне жетіп тұрған шағында олардың аз ғана қаржымен ипотека мәселесін шешеріне күмәнім зор", – деген сарапшы мемлекеттің жеңіл әдіс үшін болашақтың қаржысына қол сұғып жатқанын алға тартты. – Шотында ең төменгі салымы ғана қалған тұрғын ертеңгі күндері зейнетақыға жарымайтын болады. Абзалы – зейнетақы қорына қол сұқпай, халықтың табысын молайтқан дұрыс еді. Қанша дегенмен, зейнетақы – қамсыз қарттық кепілі", – деп түйіндейді ойын Мұрат Қастаев.
Ал "Ұлағат консалтинг групп" директоры, экономист Марат Қайырленовтың пікірінше, халықтың бұл бағдарламадан ұтары көп.
"Біздегі Зейнетақы активтерін басқару жүйесі дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Соңғы он жыл көлемінде АҚШ долларына шаққандағы өсім бар болғаны 10% ғана құрады. Ал инфляция көлемі 20 % асып кетті. Ел экономикасы импорттық шикізатқа байлаулы болғандықтан, біздің табыс та доллармен есептеледі. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі мұнай бағасымен тікелей байланысты. Ал оның бағасы қазіргі таңда тұрақсыз күй кешуде. БЗЖҚ табысы да мұнайға тікелей байланысты. Егер, технологиялық бағыттағы норвегиялық инвестициялық қорға қаржы құйылғанда біздің зейнетақы қорымыз 10 жылдың ішінде 15 есеге көбейер еді. Қазіргі дағдарыс кезеңінде қордағы мардымсыз қаржыны инфляция "жұтып" қоюы әбден мүмкін. Сондықтан да, оны жылжымайтын мүлікке салу арқылы сақтауға болады", – дейді ол.
"Биліктің ел тұрғындарына Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына жиған қаржысын кәдесіне жаратуына мүмкіндік беруі құптарлық бастама, – дейді осы жөнінде "Қостанай таңына" арнайы сұхбат берген "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Рахым Ошақбаев. – Біріншіден, бұл бастама мемлекеттің тәртібіне мойынсұнып, салығы мен зейнетақы қорына ақша аудару іспетті өзге де төлемдерін адал аударып жүрген орта тап өкілдеріне баспана мәселесін шешуге бағытталған ұтымды ұсыныс. Екіншіден, көлеңкелі бизнесте жүргендердің қаржысын жарыққа шығаруына, ақша аударымынсыз еңбек етіп жүргендердің заңды еңбек етуге итермелеуі тиіс. Зейнетақы шотына тиісті мөлшерде қаражат жинай алған кез-келген қазақстандық болашақта баспана мәселесін шеше алады. Мемлекет жақсы жағдай жасап отыр" – дейді ол.
Сарапшының есебіне жүгінер болсақ, 2021 жылы миллионға жуық қазақстандық БЖЗҚ шотындағы екі триллион теңгеге жуық қаржысын кәдесіне жарата алады. Экономист қалтасы қалыңдағандардың көбісінің баспана мәселесін шешеріне нық сенімді.
"Ретін келтіріп, қаржыны жаңа тұрғызылып жатқан үйлерге жұмсаған мемлекет үшін пайдалы болар еді. Мұндай қадам ең алдымен құрылыс нарығын айтарлықтай жандандыруы тиіс. Соңғы 9 айдың көлемінде экономиканың осы саласы 10,2 % өсті. Құрылыс қарқын алған сайын жаңа жұмыс орындары құрылып, ел экономикасы жандана түседі. Қазіргі пандемиялық дағдарыс кезінде экономиканың қозғаушы күші – құрылыс болмақ", – дейді Рахым Ошақбаев.
ТИІМДІ САЛЫМ
Жалпы, жылжымайтын мүлікті тиімді инвестициялық салым есебінде қарастырған жөн. Әрине, айтып отырғанымыз облыс орталығынан жырақта жатқан Жітіқара я болмаса Арқалық емес, ел көп шоғырланған мегаполистер мен әлемдік деңгейдегі шаһарлардағы мүліктер.
Ел ішінде Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларындағы баспаналарға сұраныс жоғары. Айтулы шаһарлардағы тұрғын үйлердің бағасы бір жылдың ішінде 5-7 % көтерілген. Қостанайдағы пәтер бағасы да ұшып тұр. Тек, мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған үйлердің құны ғана бір қалыпты.
Әлемде де осындай жағдай байқалады. Жоғары сұранысқа ие элиталық баспаналардың тізімін жасаған әлемдік "Forbes" журналы Еуропа, Канада және АҚШ елдеріндегі жылжымайтын мүліктерді атап өтіпті. Басылымда келтірілген ақпараттарға жүгінер болсақ, жаһандық пандемияға қарамастан биыл Азия-Тынық мұхиты аймақтарындағы баспаналардың құны көтерілген. Атап айтқанда, Сингапурде 11,5%, Токио – 9,4%, АҚШ (Лос-Анджелес – 7,8%, Сан-Франциско – 16%), Канада мен Британия елдеріндегі баға – 26%, Испанияда – 10,4%, Берлинде элиталық баспана 8,5% қымбаттаған. Мұның есесіне, Мадрид, Париждің үйлеріне сұраныс азайыпты. Сарапшылардың пайымдауынша, экономикалық өсімі тұрақты және демократиялық құндылықтарға ерекше мән беретін мемлекеттердің жылжымайтын мүліктеріне сұраныс артуы тиіс.
Сонымен, көпшіліктің талқысына салынған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиылған қаржыны ем-дом мен баспана мәселесін шешуге бағытталған бағдарлама мақұлданып, нақты шешімі шығарылды. Мемлекет басшысының пәрменімен, келер жылдың басынан қордағы қаржы қолымызға тиетін болды. "Жеті өлшеп, бір кескен" халықпыз ғой, ұтыларымыздан ұтарымыз көп болар деп үміттенейік.