Самға, Самира!
Қарабалықтық жас вокалшы Самира Беркімбаева Біріккен Араб Әмірліктері астанасы Абу-Дабиде өткен ІІІ халықаралық инструменталды байқауда жүлделі 2-орынға ие болды. Бұл туралы "Айна" аудандық газеті жазады.Бұл Самираның алғашқы жеңісі емес. Көптеген республикалық ән додаларында топ жарды. Мәселен, ән айту өнеріне енді ғана бой алдырған жас дарын Көкшетау қаласында өткен "Балаларға бейбітшілік" атты V халықаралық байқауында әр жастағы 30-дан астам қатысушының арасынан суырылып шығып, жеңімпаз атанған еді.
Ал бұл жолғы байқауға әлемнің әртүрлі елдерінен солистер, музыканттар және оркестрлер қатысты. Самира додада "Қазақстаным" әнін бейнебаянымен ұсынған болатын.
Ән жазылымы мен бейнебаян түсірілімімен Астана қаласының кәсіпқойлары айналысқан. Бұл жұмыстарға және жол шығынын балдырғанның ата-анасы өз қалтасынан көтерді. Самираның бас тәлімгері – аудандық Мәдениет үйінің вокалдан сабақ беретін ұстазы Индира Арбабаева. Қазылар алқасында Әзірбайжан, Түркия, БАӘ, Таяу Шығыс және Ресей елдерінің шеберлері отырды. Олар қарабалықтық балғынның өнеріне ерекше тәнті болған.Кішкентай Самираның қуанышы қойнына сыймай жүр: алғаш рет шетелге шығып, тұңғыш рет ұшаққа мініп, теңізді көріп, бірінші мәрте кең ауқымды шығармашылық байқауына қатысып отыр.
Жерлесіміз ақтық сында тек филиппиндік солистке есе жіберді. Ол онысын дайындықсыз, репитициясыз шыққанынан көреді. Әйтсе де, 2-орын – құр қол тарасқан көптеген елдің өкілдерімен салыстырғанда, жас айырмасын есепке алғанда, өте үлкен жеңіс.
– Біз баламыздың өнер жолында ұшталуына барынша мүмкіндік жасаймыз. Скайп арқылы оқудың заманауи әдістемесі қолжетімді екенін ескерсек, Самираның жан-жақты жетілуіне жағдай бар. Екінші бейнебаянының жарық көргенін тағатсыз тосудамыз. Міндетті түрде жаңа байқауларға қатысамыз. Қызымыздың талай жетістіктерге жетеріне кәміл сенеміз, – дейді Самираның ата-анасы.