ӨНДІРІС ӨНІМДІЛІГІ АРТПАҚ
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Рудный қаласында болып, «Аят Футзал Арена» спорт кешеніндегі фитнес-орталық құрылысын қарап шықты. Фитнес-орталық заманауи тренажерлермен қамтамасыз етілмек. Осы мақсатқа 700 млн теңге жұмсау жоспарланған. Заманауи кейіпке енген фитнес орталық қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына мүмкінідік беруі тиіс.
Әкім осыдан кейін Восточная көшесі бойындағы 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қарап шықты. 5 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына 466,4 млн теңге бөлінді. Құрылыс ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарлануда. Өңір басшысы осыдан соң «ССКӨБ» АҚ металл илектеу зауытының қызметімен танысты. Зауыт диірмендер мен құрылыс арматураларын ұнтақтайтын шарларды шығарумен айналысады. Зауыт құрылысының жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрады. Зауыт жылына 75 мың тонна металл өңдеуге қауқарлы. Соңғы 4 айда өндіріс ошағы 1 117,4 млн теңге табыс тауыпты. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде, табыс көлемін ұлғайту жоспарланған.
Одан әрі Архимед Мұхамбетов «ССКӨБ» АҚ Соколов карьерін қарап шықты. Карьер қызметінің негізгі түрі темір кенін ашық өндіру болып табылады.
Сапар соңында сүт өңдеу және ірімшік өндірумен айналысатын, жобалық қуаты – 17 мың тонна болатын «Лидер – 2010» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді, орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Соңғы 4 айдың көлемінде кәсіпорын 1 843 млн теңгенің өнімін саудалаған.
Сапар қорытындысы бойынша облыс басшысы Рудный қаласының әкімі Б. Ғаязовқа одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде тапсырма берді.