«Өндіріс көлемі ұлғайып келеді» Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин осылай дейді
Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айындағы қорытынды бойынша Жанкелдин ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 132,1%-ға артқан. Яғни, жарты жылда 52,9 млн.теңге табыс түсіпті.Бұл туралы аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин журналистермен өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Жалпы, шалғай өңірдің экономикалық көрсеткіштері жыл озған сайын сауығып келеді. Оны мына мәліметтерден байқауға болады. Мәселен, есепті мерзімде ауданға 137 млн.теңге инвестиция салыныпты. Оның жан басына шаққандағы индекс көлемі 117,5% -ке тең. Бұл көрсеткіш өткен жылы 112 млн.теңге болатын.
Аудан әкімінің сөзінше, өңірде қолға алынған барлық ауқымды жобалар шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен тартылған. «Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр,-дейді Асқарбек Ахметбекұлы.- Өткен жылы индустрияландыру картасынан тыс 2 жоба ел игілігіне айналып, 300 млн.теңге игерілген болатын. Ал биыл құны 100 млн. теңгеден астам 2 жоба ұсындық. Мәселен, «Алмас» шаруа қожалығы құны 50,0 млн. теңге болатын бидай тазарту құрылымын салмақшы. Сондай-ақ, «Кошкодан» шаруа қожалығы 4000 тонналық бидай сақтайтын қойманы пайдалануға береді. Бұл екі жоба да алдағы қараша айына дейін іске қосылады».
Мемлекет басшысының өзі ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды ұдайы айтып жүр. Жанкелдин ауданында бұл істе де ілкімділік байқалады. Ауданда уақыт озған сайын шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының қатары өсіп келеді. Тағы да сандарға тіл бітірер болсақ, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда Торғайда кәсіпкерлікті өрістетуге бағытталған өрелі жобалардың көлемі 9,8 пайызға артыпты. Бұл ауданда күні бүгін 346 шағын кәсіпкерлік субъектілері тұрақты жұмыс істейді деген сөз. Бұл салада барлығы 567 адам еңбек етеді. Ағымдағы алты айда 260,0 млн. теңгенің өнімдері өндірілген.
-«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолданысқа енгізілгелі кәсіпкерлік құрылымнын дамуына зор серпін берілді. Осы бағдарламаның бірінші бағыты «Бастауыш кәсіпкерлерді гранттық қаржыландыру» бойынша 3 жоба жүзеге асты. Пластикалық терезе шығару, кондитерлік және кулинарлық өнімдер пісіру, сүт өнімдерін шығару шағын цехтары іске қосылды. 12 жаңа жұмыс орны ашылып халыққа қызмет көрсетіп жатыр,-дейді аудан басшысы.
Жанкелдин ауданы мал шаруашылығын дамытуға аса қолайлы өңір. Сондықтан, мал басын көбейту ауданның маңызды стратегиялық бағыты болып есептеледі.
Торғайда мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да белсенді түрде жалғасын тауып келеді.Негізі, ауданға қарасты жер көлемінің 90 пайызы жайылымдық жер. Бүгінде өңірде 121 шаруа қожалығы, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Олар барлығы 1 млн. гектардан астам жерді пайдаланып отыр. «Осыншама ұланғайыр аумақты тиімді пайдалануға тырысамыз. Жүргізілген сараптама қортындысында мақсатсыз пайдаланылған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылады. Биылғы жылы 15 мың гектарға жуық осындай жер мемлекетке қайтарылды. Керісінше, жыл сайын малшаруашылығын дамытуға ниет білдірген тұлғаларға жер телімін беру жөнінде конкурс өткіземіз. Үстіміздегі жылы 170 мын гектар жер беріліп, жаңадан 3 шаруа қожалығы ашылды»,-деді Асқарбек Кенжеғарин.
Соның арқасында Жанкелдин ауданында мал басы едәуір артыпты. Ауданда күні бүгін 34 826 қара мал, қой-ешкі – 87 288, жылқы – 9 529 , түйе – 87-ге өскен.
Алғашқы жарты жылдықта торғайлық тауар өндірушілер 2775,8 тонна ет , 21 504 тонна сүт өндіріпті. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ет 1,7 пайызға, сүт 14,8 пайызға, жұмыртқа 5,9 пайызға артты.
Міне, осындай ілкімді шаралардың арқасында барлық шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 2 млрд 868 млн. теңгенге жеткен. Яғни, өндірілген өнімнің нақты индекс көлемі (ИФО) 109 пайызға тең. Бұл жан басына шаққанда 210 мың теңгеден келеді дегенді білдіреді.
Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудан шаруалары 369 бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жанкелдиндіктер өткен жылы 245 ірі қара алған болатын. «Құлан» бағдарламасының орындалуы да көңіл қуантады. Осыған дейін қожалық иелері 30 жылқы әкелді. Ал «Алтын асық» бағдарламасының орындалуы 25 пайызға жеткен. Бүгінгі күнге дейін Жанкелдин ауданының фермерлері 200 қой сатып әкеліпті, енді тағы 600 қошқар ата тұқымын сатып алуды көздеп отыр. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізу қиын көрінеді.
« Біріншіден аудан өте шалғайда орналасқандықтан ұсынылған кепілдік мүліктің құны өте төмен. Мәселен, 1 млн.теңгенің мүлкін 400-500 мың теңгеге дейін төмен бағалайды. Ал бағдарламаға қатысу үшін кем дегенде 4,5 млн.теңге алуыңыз қажет. Ол үшін құны 10 млн. теңгеден астам мүлікті кепілге қою керек. Мұндай мүлікті жұрт қайдан табады?! Сондықтан бағдарламаға қатысуға ниет білдірген шаруа қожалықтары қаладағы туыстарының мүлкін кепілдікке қоюға мәжбүр. Бұған біреуі келіседі, біреулері келісім бермейді. Бүгінгі жағдайымыз осы»,-деп қынжылады Асқарбек Ахметбекұлы.
Айбек КӘДІРҰЛЫ