Абзал жандарға алғыс

Пандемия басталғанға дейін дәрігерлер 8 сағат қана жұмыс істесе, қазір провизорлық бөлімшедегілер 12 сағат бойы жан аямай еңбек етіп жатыр. Індетпен күрестің алғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысы айтып жатқандар көп. Солардың бірі – Қостанай қалалық ауруханасының емделушісі Меңсұлу Мұстафина. Мұстафина
Меңсұлу Қаппарқызы мемлекеттік қызметкер. Елдегі жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеп жүрген. Бірақ, қайдан жұқтырғаны белгісіз, індет оны да айналып өтпеді. Әуелде үйде емделіп көрді. Болмады. 8 шілде күні ауруханадан бір-ақ шықты. Қос өкпесінің 85% зақымданған. Екі апта бойы тынымсыз жүргізілген ем нәтижесін беріп, қазір жағдайы жақсарып қалды. Енді берер күнде үйге ораламын деп отыр.
«Ауруханадағы бірінші бөлімше дәрігерлері мен медбикелерінің, санитарларының жұмысына тәнтімін. Бөлімше меңгерушісі Жанна Кенжебаеваға, дәрігер Всеволод Ханға, аға медбике Ольга Скибаға және бізге бар көмегін аямаған барша медицина мамандарына зор алғысымды білдіремін. Науқастарды емдейміз деп кейбіреулері жұқтырып алып жатыр. Мысалы, мені ауруханаға қабылдап, екінші қабатқа көтерілуіме көмектескен санитар пневмонияға шалдықты. Жазылып кетуіне шын жүректен тілектеспін», – дейді Меңсұлу Мұстафина.
 
Аслан Қанғожин

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓