COVID-19. Өңірде қолға алынған шаралар
Соңғы 3 жылда облыстық бюджет есебінен 30 санитарлық автокөлік сатып алынса, биыл аудан, қалалардағы ауруханаларға осындай 80 көлік берілді. Сонымен бірге, лизинг есебінен тағы 50 бірлік реанимобиль сатып алу жоспарлануда. Облыстық жедел штаб отырысында оссы және басқа да деректер айтылды.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелерін қарастыратын жедел штабтың кезекті отырысында мемлекеттік және мүдделі органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігі де сөз болды.
– Қабылданған шараларға қарамастан, халықтың, сондай-ақ, шағын және орта бизнес иелерінің енгізілген режимді сақтамауы байқалады, бұл инфекцияның таралуын тежеуге мүмкіндік бермей отыр, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Қазір инфекцияға шалдыққан 2 мыңнан астам бар. 461 адам жазылып шығып, 6 адам өмірден озды. Қазақстан өңірлері бойынша жүргізілген талдау көрсеткендей, сауығып кеткендердің үлесі біздің облыстың көрсеткішінен айтарлықтай асып түскен. Мысалы, Ақтөбе облысында 42% науқас сауығып шыққан, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 62%, ал Қостанайда 38% ғана.
Аймақ басшысы дәрігер тапшылығы әлі де өзекті түйткіл екенін тілге тиек етіп, шетелден тартылған мамандар турасында айтып өтті.
– Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 1 900 дәрігер мен 6 мың медбике жұмыс істейді. Кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін медицина кадрларын тарту жұмысы жалғасуда. Өткен жылы облысқа 265 дәрігер келсе, медицина ұйымдары биыл тағы 240 маманмен толығады. Коронавируспен күресте бізге көрші елдердегі әріптестеріміз де көмектесіп жатыр. Мәселен, Свердлов, Челябі облыстарының губернаторларымен келісім жүргізіп, хәлі ауыр пациенттерді емдеу тәсілі бойынша мықты дәрігерлердің консультациясын ұйымдастырдық. Мәскеу қаласынан 15 маман (пульмонолог, хирург, инфекционист, рентгенолог және т.б.) арнайы медициналық көмек бригадаларының жасағы келді, – деді А.Мұхамбетов.
Жиында айтылған тағы бір дерек: өңірде жедел жәрдем шақырушылар саны артқан. Мысалы, ең көп қоңырау түскен күн 7 шілдеде жәдел жәрдем қызметі 1680 адамның шағымын тыңдаған. Пандемия белең алғаннан бергі басқа күндері 1100-1300 қоңырауға дейін қабылданған еді. Салыстыру үшін айта кетейік, 2019 жылғы алты айдағы орташа көрсеткіш – тәулігіне 760 қоңырау.
Өңірде пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 247 тыныс алу аппараты бар. Биыл 726 миллион теңгеге 66 аппарат сатып алынған. Сонымен бірге, демеушілер мен еріктілер күн сайын түрлі құрылғылар сыйлап жатыр.
«Инфекциямен күресуге жұмылдырылған медициналық ұйымдар оттегімен қамтамасыз етіледі. Облыстың 4 ауруханасында, атап айтқанда, облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханаларында, Тобыл қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде стационарларды оттегіні бөлудің орталықтандырылған жүйесімен жабдықтау мәселесі пысықталды. Жобаның болжамды құны – 715 млн теңге. Сондай-ақ, жақын арада АҚШ, Түркия, Қытай және Ресей өндірісінің 400-ден астам оттегі концентраттары жеткізіледі», – деп атап өтті облыс әкімі.
Аслан ҚАНҒОЖИН