Кезекке тапсырыс керек
Қостанай облысының тағы екі Халыққа қызмет көрсету орталығы алдын ала брондау бойынша жұмыс істейді.
21 шілдеден бастап Рудный және Тобыл қалаларының халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет алу үшін кезекке тапсырыс беру қажет. Сонымен бірге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қостанай облысы бойынша филиалы атап өткендей, ХҚКО-ға бармас бұрын оның жұмыс кестесімен алдын ала танысу қажет.
Қостанай облысының бас санитарлық дәрігерінің № 40 бұйрығына сәйкес, Халыққа қызмет көрсету орталықтары уақытша қысқартылған кесте бойынша жұмыс істейді: дүйсенбі-жұма аралығы 9.00-ден 16.00-ге дейін, сенбі және жексенбі – демалыс күндері.
«Egov.kz» электрондық үкімет порталында барлық аймақтар үшін брондау уақыты бірдей. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысының кестесін ескеру керек. Қостанай, Рудный және Тобылдың халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекке онлайн тапсырыс жасағанда тек жұмыс күндері 9.00-ден 15.30-ға аралығындағы уақытты брондау қажет. Аталған уақыттан кейін жасалған брон жарамсыз болып саналады. «Қостанайлықтар кезекті бірнеше жолмен брондай алады, ол egov.kz порталы, eGovKzBot2.0 Telegram боты, сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы», – деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай облыстық филиалының PR-менеджері Ярослава Богатырева.