“Латын қарпіне көшу – жаңғыртудың бір кезеңі”

Міне, осындай атаумен облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен “Келешек-2050” қоғамдық қоры арнайы семинар өткізді. Оған қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен тіл мамандары қатысты. Басқосуға жиналғандар латын әрпіне көшу туралы өз ойларын ортаға салды.латын семинар
Жиын барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының жоспарлау, талдау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Кенжеғали Бимағамбетов “Рухани жаңғыру” жобасын іске асыру барысы, яғни қазақ тілінің латын қарпіне көшуі туралы, осы мақсатта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында атқарылып жатқан кешенді шаралар жайлы да тілге тиек етті. Айтуынша, барлық аудандар мен қалаларда осы уақытқа дейін жеті жүзден астам тақырыптық кездесулер ұйымдастырылып, оған тікелей елу мыңға жуық адам қатысқан.
-Ең бастысы, латын қарпіне көшу идеясын түсіндіру ғана емес, жалпы бұл идея халықтың арасында қолдау тауып отыр. Біз тек қандай әліпбиді қолданамыз, мәселе осында болып отыр. Себебі, латын қарпіне көшу жайында  бәрі де қолдау білдіруде, ал әліпбиге келгенде техникалық жағы алаңдатып отырғаны жасырын емес. Бұл филолог мамандардың, ғалымдардың жұмысы. Сондықтан, қателеспеу үшін бізге дұрыс әліпбиді таңдау қажет. Бұл жөнінде Елбасымыз да айтып өтті, яғни ол кісі бүкіл халық болып қолдағанда ғана өзінің қол қоятындығын айтқан еді. Сол себепті, біз бүгінгі күні осы мәселеге баса көңіл бөліп, латын қарпіне көшу туралы өз ұсыныстарымызды айтатын болсақ, әрі жиындарды да бостан-босқа өткізбей, әрбір білікті маман да, ғалым да өз ұсыныстарын білдірсе, нәтижесі де жаман болмайды деп сенемін. Ал, бұған әлі мүмкіндігіміз бар. Бүгінгі семинарды да біз осы мақсатта өткізіп отырмыз, – дейді К.Бимағамбетов.
Бөлім басшысының сөзінше, түсіндіру жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдар да белсенді қатысып жатқан көрінеді. Әсіресе, “Жас Отан” жастар қанаты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен аудандарға жиі шығуда. Олардың ұйымдастыруымен Жітіқара, Денисов, Алтынсарин, Сарыкөл аудандарында түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргізілген.
Басқосуда сөз алған облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Жүрсінәлина латын қарпіне көшу туралы өз ойын ортаға салып қана қоймай, слайд арқылы жан-жақты ұғынықты тілмен түсіндіріп те берді.
-Латын әрпіне көшу мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген болатын. Ол кезде жәй ғана айтылса, ал бүгін кезек күттірмес мәселеге айналды. Сондықтан, біз күлтөбенің басында күнде жиын өткізіп жүрміз. Бұл мәселенің шешімін табу үшін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін әңгіме өрбітіп жүргені де жасырын емес. “Өткен тарихқа бұрылмай, болашағымыз болмайды” демекші, мен де бүгінгі басқосуға  әліппелер туралы слайд жасап алып келдім. Шын мәнінде мен айтар едім, латынға біз қайтып ораламыз деп. Себебі, ол бізде болған нәрсе. Бізге таңсық дүние емес, сонау қырқыншы жылдары ата-бабаларымыз қолданған әліппені біз өзімізге қайта аламыз деген сөз. Сол кездері жазылған хаттарды, тарихи мұрағаттарды алып қарайтын болсаңыз, ешқандай бұрын латын әліппесін оқымаған адам сол әріптермен оны оңай әрі жақсы оқи алады. Бұл шындық. Бұрынғы кезде жазылған хаттардың бәрі де соған сәйкес келеді. Елбасымыз бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл Парламентте қаралып, қолдау тапса да, халықтың ұсынысына, талқысына салып отыр. Бұл мәселеде әрине тіл мамандарына жүгініп отырғаны да сөзсіз. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару үшін осындай кешенді шаралар жиі өткізілуде. Шартараптың кез келген жерін алып қарайтын болсақ, латын графикасы кириллицаға қарағанда өте көп қолданылады екен. Әрине, қазіргі қазақ әліппесіне біздің өкінішіміз жоқ, қаншама жылдар бойы біздің тарихымыз осы әріптерден терілді, осымен қатталды, осымен өзіміз де хат таныдық. Енді біз одан қашайық деп теріс айналып жатқан жоқпыз. Әлемнің елдерінің қатарына қосыламыз деген мақсатпен латынға көшейік деп отырмыз. Бұл біртұтас, бірыңғай шешім, сондықтан біз бұған көшуіміз керек деп есептеймін, – дейді Г.Жүрсінәлина.
Басқосуда қазақтың төл дыбыстарын қалай таңбалау қажет деген мәселе төңірегінде сөз қозғалды. Дегенмен, жиналғандардың  дені қос таңба бір дыбыс жүйесін құптайтындықтарын жеткізді. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тіл әліпбиінің стандартты нұсқасы уақыт өте келе енгізіледі. Оны енгізу халық арасында еш қиындық тудырмайтын болады. Мәселен, латын әрпіне көшіру тек қазақ тілді мекемелерде  жүзеге асырылады. Ал, орыс тілді мекемелер қазақ тілін бұрынғыдай кириллица әліпбиі үлгісінде қолданатын болады. Сондай-ақ, егде жастағы кісілерге қарағанда жас буын өкілдері латын қарпін тез меңгереді деген сенім де мол. Ал, жиында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта республикалық үйлестіру орталығына  жіберілетін болады.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓