АЙМАҚТА ҚАНДАЙ ХАБАР БАР?
Уақытша жабық
Қостанай. Облыс орталығында жөндеу жұмыстарына байланысты Карбышев көшесі жабылады. "ҚЖЭК" МКК баспасөз қызметінің мәліметінше, жылумен қамту желілері ауыстырылмақ. Атап айтқанда, Уральский көшесіндегі айналма жолдан бастап, Чернышевский көшесі қиылысы аралығында 15 шілдеден 7 тамызға дейін көлік қозғалысына тыйым салынады.
Тарихи олжа
Лисаков. Халырқаралы ғалымдар тобы андроновтардың атқа мінуді қазіргі деректерден бірнеше ғасыр бұрын меңгергенін болжап отыр. Зерттеушілер мұндай байламға "Новоильиновский-2" қорымдар жүйесінен бес қорған тапқаннан кейін келген. Ол қала маңында жатыр. Ғалымдар андронов өркениеті 3,5 мың жыл бұрын пайда болғанына сенімді. Зерттеу жалғасуда.
Ауылға жағажай салынады
Қарасу. "Полюс" балалар орталығы" қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жобалар конкурсынан 500 мың теңге ұтып алды. Бірлестік ұсынған жағажай жобасын комиссия бірден мақұлдаған. Енді Новопавлов ауылының өз жағажайы пайда болады. Оған жергілікті кәсіпкерлер де көмектеспек. Бұған қоса, келешекте демалыс зонасы да салынбақ.
Ескі үйдің жаңа кейпі
Амангелді. Аудан орталығындағы М.Мәметова көшесінде орналасқан 18 пәтерлі ескі үй пайдалануға берілетін күн алыс емес. Ғимаратты қалпына келтіруге «Жұмыспен қамту жол қартасы» аясында 1969,4 млн теңге бөлінген. Бүгінде нысанның төбесі толықтай жабылып, қасбеті жөнделіп болды. Құрылысқа жергілікті 15 азамат тартылған. Биыл ауданда бағдарлама аясында барлығы 73 адам жұмыс тапты.
Қауіпсіздік қадағалауда
Арқалық. Өзен жағалауларындағы қауіпсіздік қалалық құтқарушылар назарында. Осы кезге дейін 19 рет рейдтік шаралар жүргізілген. Барлығы 445 адамға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, 600-ден астам үгіт материалдары үлестіріліпті. Жергілікті атқарушы органдар қолдауымен қала маңындағы өзен көлдерге 13 ескертпе белгісі қойылған.
Тілсіз жаумен күрес
Қарабалық. Михайлов орман шаруашылығы аумағы өртенді. Өрт құрғақ шөптен тұтанып, орман шетіне тиген. Жалынды ауыздықтауға жергілікті 15 өрт сөндіруші және 7 арнайы техника жұмылдырылды. Күн желді болғандықтан, тілсіз жауға тойтарыс беру оңайға түспеген. Қызыл жалынмен күрес екі сағатқа созылды. Өрт шарпыған аумақ – 13 гектар.
Әке тілегін орындады
Қостанай а. ІІМ ардагері Сапар Бектұров аудандық полиция бөліміне 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі қызы Марияға мүгедек арбасын сатып алуға көмектесуді сұрап, хат жазған. Бөлім басшысы облыстық Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, оның өтінішін орындады. Тілегін жерде қалдырмаған тәртіп сақшыларына аудан тұрғыны алғысын жаудырды.