Шығын көлемі есептелуде
Жанкелдин ауданына қарасты Көкалат ауылында 1500 қой қойшысымен бірге өртеніп кеткен. Тілсіз жау Торғай даласын 5 шілде күні шарпыған, ал қайғылы оқиға келесі күні тіркеліп отыр. Құтқарушылар от жалынын тек 8-шілдеде ғана сөндіріп үлгерді. Дала өртінен «Айдос» жеке шаруашылығы зардап шеккен. Марқұм шопанның артында өрімдей 8 баласы қалған.Қазір апат болған аумақта өлекселерді көму жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, арнайы құрылған комиссия өрттің шығу себебі мен материалдық шығынды анықтауға кіріскен. Қорытынды жуық арада шығады.
-Өрт Жанкелдин ауданы орталығынан 90 шақырым жерде болған. Ол маңда адамдар тұрмайды, жету қиын. Мүмкін найзағай түскен болар деп топшылаймыз. Өйткені, мұндай оқиға сол аймақтарда жиі болады, тұрғындар да жақсы біледі. Бірақ әлі ешнәрсе белгісіз. Осы жылдың ішінде Торғай даласында оннан астам өрт шыққан болатын,-дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орынбаев.