Мемлекеттік қызмет көрсету: рахаты мен машақаты

            Елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің 694, ал біздің өңірімізде 363 түрі бар. Мәселен, оның 170-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Ал көрсетілетін қызмет түрлерінің 86 пайызын электрондық үкімет арқылы алуға мүмкіндік бар. Биыл 6 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе артық. Оның 60 мыңы немесе 1 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы, 550 мыңы (9%) мемлекеттік органдар арқылы, ал 5,4 миллион немесе 90 пайызы электронды түрде. Мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі 2019 жылға қарағанда 24 пайызға артып отыр.
сайт8
            ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру» тақырыбындағы дөңгелек үстелде осы және қызмет көрсетудің басымдықтарымен қатар, түйткілдері де сөз болды. ZOOM платформасы арқылы онлайн өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, аймақтың аудан-қала, департамент, басқарма басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
сайт6
            – Денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында медициналық мекемелерде қажетті мемлекеттік қызметтерді алуға қажетті барлық мәліметтер топтастырылған ақпараттық стендтер орнатылған. Бүгінгі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бағытты түрде жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2025 жылы мемлекеттік қызмет түрі 100 пайыз онлайн форматқа ауыстырылмақ. Бұл мақсатқа 500 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Мұндай қадамға бару жедел, ашық әрі жемқорлық тәуекелінен ада болады деген сөз, – деді Б.Есімова.
сайт4
            Атап айтқанда, аймағымыздың денсаулық сақтау саласында 18 мемлекеттік қызмет түрі, соның ішінде электронды үкімет порталы, «Dаmumed» мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. 11 ай ішінде 3,7 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Дегенмен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті денсаулық сақтау басқармасының өткен жылдың қазан айынан бергі мемқызмет көрсету, соның ішінде медициналық қызмет түрлеріне лицензия беру тәртібіне қадағалау жасаған екен. Қорытындысында басқармаға бірқатар өрескелдіктерді жою туралы ұсынымхаттар жолданған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Айтбаев мұндай қателіктердің дұрыс жолға қойылатынын және айрықша бақылауға алынғанын атап өтті.
            Өңірдің барлық 20 білім бөлімінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне автоматтандырылған өтініш беру мен кезекке қою жүйесі енгізілген. Алайда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызмет алушы да, қызмет беруші тарап та бірқатар түйткілдерге тап болып отыр. Соның ішінде ҚР заңдары мен заңдарға бағынышты нормативтік актілер арасындағы алшақтық. Мәселен, қосымша білім беру мекемелеріне балалардың құжаттарын қабылдау мен қабылдап алу пунктінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 1 тамыздан 1 қазанға дейін деп көрсетілген. Алайда келесі пунктке сәйкес бала бірнеше үйірмеге қатысып, қалауынша ауыстырып отырады. Бұл заңнаманың бұрынғы редакциясында қосымша білім беру жыл бойы жүзеге асырылып келді.
            – Аталған мәселеге байланысты өңірдің білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне ведомствоның 2020 жылғы 22 мамырда жарияланған №219 Бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде 2 хат жолдады. Дегенмен бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Сондай-ақ, қызмет берушілер техникалық және кәсіби білім, негізгі орта және жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын берудегі мемлекеттік қызмет көрсету жағынан да нормативтік-құқықтық актілер, атап айтқанда, қызмет беруші мен мемлекеттік қызмет көрсету салалары орындалу мерзімі жағынан қарама-қайшылыққа тап болуда. Мұның сыртында қызмет берушілердің egov.kz порталындағы техникалық проблемалармен бетпе-бет келетін жағы қаншама. Мәселен, «Кәмелетке толмағандардың мүлкіне иелік ету жөніндегі анықтама беру» мемлекеттік қызметі бар. Қызмет алушы электрондық үкімет арқылы өтінім береді, қаралу мерзімі 3 жұмыс күні. Порталда өтінім «мақұлдауды күтуде» статусы болып тұрғанмен, ол ақпараттық жүйеге әлі ауыспаған болып шығады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова.
сайт2
            Облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың мәліметінше, аймақта 28,3 мыңға жуық мүгедек болса, олардың 10,8 мыңнан астамы белгіленген құрал-жабдықтар мен денсаулығын қалпына келтіру бойынша оңалтудың жеке бағдарламасына енгізілгендер. «Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар кепілдендірілген бағамен техникалық құралдардың 24 түріне қол жеткізе алады.
            – Алдағы жылдың 1 қаңтарынан портал арқылы барлық 55 техникалық құралдар жеткізіле бастайды. Бұдан бөлек, биылғы 1 қазаннан портал пилоттық режимде қызметтің санаториялық-курорттық емделу, қимылмен тілдесу маманының қызметі және жеке көмекші қатарлы үш түрін енгізіп жатыр. Біздің өңірден пилоттық жобаға Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Қостанай ауданы кіріп отыр, – деді Г.Әбенова.
            Ал жарымжандар үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызметтер алу оңай болып отырған жоқ. «Қостанай қалалық мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владимир Сова дәл осы мәселеге тоқталып отыр.
сайт1
– Бір жақсысы, порталға кіресің де, тауарды таңдап, оның үйіңе жеткізілуін ғана күтіп отырасың. Алайда біздің әлеуметтік көмек алушылардың басым бөлігі жасы келген адамдар. Бұған дейін еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы қажетті дүниелеріне қол жеткізіп келген олар электронды цифрлық қолтаңбаның не екенін білмеген соң бас тартуға тура келеді. Бас тартсаң – көмексіз қалдың. Сол себепті, портал арқылы жұмыс істей алмайтындар үшін әлеуметтік қорғау мекемелері арқылы көмектер беріліп отырса деген ұсынысым бар. Екіншіден, портал арқылы тауарды таңдадың. Айталық, мүгедек арбасы болсын. Сен оны портал арқылы тапсырыс беріп, үйіңе жеткізілген кезде алдымен өз қалтаңнан төлеу керексің. Мемлекет сол тауардың қаржысын өтеп береді. Бірақ порталдағы баға мен мемлекет беретін қаражаттың айырмашылығы екі бөлек. Бюджет мүгедек арбасының компенсация құны үшін 80 мың теңге ғана өтей алады. Мысалы, сапалы арба 120 мың теңге тұрса, оның қалған 40 мың теңгесін өтеп бермейді, – деді В.Сова.
сайт3
Жиын соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысы әрі дөңгелек үстел модераторы Асхат Ескендіров барлық айтылған және жазбаша берілген ұсыныстар мен түйткілдердің күн тәртібіне қойылатынын мәлімдеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓