Дәріханалардағы мониторинг
“Қостанай – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Қостанай облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілу фактілерін анықтау мақсатында Қостанай қаласының дәріханаларына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында қаланың “Забота”, “Фармаком”, “Цветная” және “Домик аптекаря” сияқты ірі дәріханаларына барды. Мониторинг нәтижесінде флемоксин, амоксиклав, цефтриаксон, ингавирин, антигриппин сияқты қажетті препараттардың жоқтығы анықталды. Фармацевтердің айтуынша, парацетамол мен аспирин сатылымға түседі, бірақ шағын көлемде және тез арада сатылып кетеді екен. Тағы бір мәселе – дистрибьюторлардан ұсыныстардың болмауы.
-Барлық дәріханаларда кезектің барын байқадық. Егер тұрғындар дәрі-дәрмектің бағасына күмән келтіретін болса, DARI.KZ арқылы оның максималды бөлшек құнын тексеруге болады, – деді жұмыс тобының мүшесі Рүстем Болат.
Бүгінгі күні дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр, өкінішке қарай, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінің кесірінен дәріханаларда кезек күткендердің тізбегі көбеюде.
Облысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақтамайынша, жұмыс тобы мониторинг жүргізуді одан әрі жалғастыратын болады. Дәрілік заттардың бағасын заңсыз көтеру фактілері анықталған жағдайда құзыретті мемлекеттік органдар тәртіп бұзушыларға ҚР ӘҚБК 426-бабына сәйкес тиісті шаралар қабылдайтын болады.
Дәрі-дәрмек бағасын көтеру фактілері бойынша азаматтар WhatsApp-қа 8 747 745 65 14 телефон арқылы хабарласа алады, онда дәріхананың атауы мен орнын нақтылап аудио, бейне жібере алады, Фэйсбук, Instagram әлеуметтік желілерінде жазуға немесе 54 46 24 қалалық нөміріне хабарласа алатынын еске саламыз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА