Қала қақпасы құлыптаулы ма?
Өткен аптаның соңына Рудный қаласының кіре берістерінде коронавирусқа байланысты алдын алу шараларын күшейту мақсатында блок-бекеттер өз жұмысын бастады. Оларды орнатудағы негізгі мақсат – халықты ақпараттандыру, азаматтардың қозғалысын бақылау және жолаушылардың дене қызуын өлшеу.
Бекеттер 3 жерге: Қостанай, Лисаков және Қашар бағытындағы тасжолға қойылды. Әрбір пунктте медицина, полиция өкілдерімен мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
–Алғашқы 18 сағаттың ішінде біздің бекеттен 400-ге тарта автокөлік өтті. Олардың 26-сы – жеке шаруалар мен қонаққа баруға шыққандар кері қайтарылды. Жалпы облыс бойынша жүріп-тұруға шектеу жоқ. Қала қақпасы құлыптаулы емес. Алайда, тұрғындарды түсіністік танытуға және аса қажеттілік болмаса қаладан шықпауға шақырамын, – дейді №11 блок-бекетінің аға кезекшісі Жеңіс Қойбағаров.
Айта кетейік, Рудный мен Қашардың арасында қатынайтын «ССКӨБ» АҚ қызметтік көліктері үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылған. Өйткені, кеншілердің дене қызуын кәсіпорынның ақ халаттылары жұмысқа кірісерде күнделікті тексереді.
Қуаныш Есқабыл