Өңірлік университет дәрежесін алды
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті жаңа дәрежеге ие болып, арнайы брифинг ұйымдастырды. Кездесуде мамандар түлектер мен олардың ата-аналарына оқу орнына түсу мүмкіндіктері жайлы әңгімелеп, жолдарымен таныстырып, жаңа тетіктер мен форматтар туралы ақпарат берді.
Пандемияның кесірінен енгізілген жаңашылдықтардың бірі – құжаттарды онлайн түрде тапсыру болатын. Ол үшін egov.kz порталында арнайы парақшалар мен қызметтер енгізілді. Осы мәселеге аса көңіл бөліп, университет ректоры Алма Дощанова бастаған топ арнайы брифнг өткізіп, осы жаңашылдық жайында жан-жақты ақпарат берді.
Университет үшін ағымдағы 2020 жыл тарихи болып отыр. Себебі, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарының кейбір мәселелері туралы» Қаулысына сәйкес А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ және У.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ бірікті. Аталмыш екі университеттің бірігуі арқылы енді аймақтық университет мәртебесін алды.
-А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мемлекеттік тіркеу кезеңінен өтті. Енді бакалавриаттың 77 бағдарламасы, магистратураның 44 бағдарламасы және докторантураның 18 бағдарламасы іске асырылатын болады. Осылайша, білім берудің барлық үш деңгейі біздің университетте ұсынылады. Өңірлік дәрежеге көтеріліп, білім беру бағдарламалары, қаржы жағынан артықшылықтар ашылуда. Академиялық бостандық, грант санының өсуі, студенттер үшін академиялық мобильділік саны артады. Сондықтан Өңірлік дәрежеге көтерілу екі университет үшін де тиімді. Келесі жылдан бастап еліміздің әр университеті мемлекеттік емес, өзіндік жеке диплом беретін болады. Сондықтан жергілікті университетті аяқтағаннан гөрі, солтүстік өңірдегі алғашқы Өңірлік университетті бітірген тиімді. Бұл бірігуден ешбір оқытушы жұмысынан айрылмайды. Өзгерістер тек әкімшілік құрамда болады. Олар арнайы конкурстан өтеді, – дейді оқу орнының баспасөз жетекшісі Абылайхан Кәкенов.
Ағымдағы жылы ветеринарлық бағыттар бойынша университетте диссертациялық Кеңес ашылды, бұл аймақтан шықпай PhD докторы дәрежесін алуға мүмкіндік береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА