Жылы сөз – жаныңа ем

SERG_3330
Соңғы екі-үш аптада коронавирус пандемиясына байланысты жағдайдың ушығып кеткенін көріп отырмыз. Таныстарымыз, туыстарымыз, көршілеріміз ауырып жатыр. Әлеуметтік желі індетке қарсы ем сұрағандардың ащы жанайқайға, жаңа ұстатарлық жаңалықтарға, дүрлігіп жатқан қаншама адамдардың жазбаларына толып кетті. 5 шілдеден бастап елімізде карантин енгізілгенмен, індеттің беті қайтқан жоқ.
Адамдар көптеген сауалдарына жауап ала алмай жатқан осындай қысылтаяң уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарына телеүндеуі осы мәселені шешуге зор ықпалын тигізетіні анық. Ел Президентінің өзі әлеуметтік желіде отырып, қоғамдағы жағдайды жан-жақты біліп отыратынын білеміз. Сол себепті, өңірлердегі болып жатқан барлық түйткілді проблемалар Мемлекет басшысының жті назарында екені белгілі.
Қасым-Жомарт Кемелұлының 8 шілдедегі халыққа үндеуі дер кезінде қолға алынған мәсее әрі Қазақстан халқының сан сауалына өз жауабын берген шешім деп білеміз. Менің пікірімше, жұртшылық барлық жағдай бақылауда екені жөнінде нақты жұмыстардың нәтижесінен хабардар болды деген сенімдемін.
Қазір мемлекет халыққа медициналық көмек көрсету жағынан барлық күшін салып жатыр. Алғашқы дәрігерлік көмек жақсарды. Дәрі-дәрмек, тыныс алу аппараттарын жеткізу, науқастарды жатқызу мен емдеу орындарын дайындау жұмыстары жөнінде Ел Президенті нақты цифрларды атап өтті.
Бұл жағынан біздің Қостанай облысы да қалыс қалған жоқ. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов өткізген брифинг барысында аймақта 42 атаулы дәрі-дәрмектің бары, кереует-орындардың 36%-пен қамтылғаны, 210-нан астам өкпені желдету аппараты жұмылдырылғаны және тыныс алу құралдарының әлі де толығатыны айтылды.
Ең бастысы, Қазақстан Президенті атап өткендей, осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері баршылық. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды.  
«Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады», – деп нақты ескертті.
Осыған байланысты халқымызда «жақсы сөз – жарым ырыс» деген қанатты сөз бар. Мен барлық жерлестерімді шынайы ақпараттарға сеніп, жалған хабарлардың соңынан ермеуге шақырамын. Ауырған жандарға ем жағынан көмегіміз тимесе де, олардың жанына демеу болар жылы сөздерімізді арнасақ, барлық қиындықты еңсеретініміз ақиқат.
Ең бастысы, мемлекет тарапынан қабылданған шектеу талаптарын бұлжытпай орындап, көпшілік орындарға бармауға кеңес беремін. Бұл өзіңіздің ғана емес, өзгенің де өмірін құтқаратын жол. Ал жеке басымыздың гигиенасына, тазалыққа ден қойсақ, індетті жеңетін күн алыс емес.
 
Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректорының кеңесшісі,
педагогика ғылымдарының докторы,
Қостанай облысының әйелдер күші альянсының жетекшісі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓