400 мың теңгесін тонатты
Лисаков тұрғыны қаскүнемдердің қақпанына түсіп, есепшотындағы ақшасынан қағылды. Белгісіз біреу оның ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін банк қызметкері деп таныстырған. Ол қасақана мұның депозитіне алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын хабарлапты…
Қоңырау шалушы ер адамға қаржысынан айырылып қалмауы үшін шұғыл түрде шотқа қатысты белгілі әрекет істеуге кеңес береді. Одан әрі жәбірленуші алаяқ ұсынған нұсқаулықтарға сеніп, айтқанын орындай бастаған.
"Әңгіме барысында код көрсетілген SMS келді. Одан кейін де, сол үшінші тұлғалардан болуы керек, тағы код қабылдадым. Әңгіменің соңына қарай, шамамен, 2 минут көлемінде ақшамның шығындалып кеткені туралы нақты хабарлама келді. Бұл 28 маусымда, жексенбі күні болды. Дүйсенбіні күтіп, банкке барып, аталмыш оқиға бойынша арыз жаздым. Сондай-ақ, полицияға да арыз қалдырдым", – деді жәбірленуші.
Ақырында, ер адамның шотынан 400 мың теңге жымқырылғаны белгілі болды.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, Лисаков қаласында интернет-алаяқтыққа қатысты 46 дерек тіркелген. Ең көп тараған алдау амалы – танымал сайттарға заттар немесе басқа да тауарлардың тиімді бағада сатылатыны туралы хабарландыру қалдыру.
"Күмәнді электронды немесе банк шоттарына ақша аудармаңыздар, тауарлар құнын терминал, экспресс төлем арқылы төлемеңіздер, жеке сипаттамадағы ақпаратты ашық интернет-кеңістікке жарияламаңыздар. Банк қызметкерімен телефон арқылы сөйлесу кезінде жеке мәліметтеріңізді, кодтарды, парольдеріңізді айтпаңыздар", – дейді Лисаков қалалық қылмыс бөлімінің жедел уәкілі Марат Пенденов.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері интернет-алаяқтық құрбандары санының көбеюіне тосқауыл болу үшін халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде.