ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ
Қазақ елін тәуелсіздік тұғырына қондырып, мемлекеттілігіміздің даму жолын айқындау миссиясының қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тигені мәлім. Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы, әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.
Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
– Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын әрқашанда қолдаймыз, әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі өте жоғары, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өткім келеді, – деп баға берген еді Түркия президенті Тайып Ердоған.
Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп Елбасының 30 жылға жуық ел басқаруында Қазақ еліне мол мұра қалдырып, ел еңсесін тіктеуіне көп күш жұмсағанын айрықша атап өткен еді. Сондай-ақ, ол Нұрсұлтан Әбішұлының билік транзитін конституциялық процедураларға сай жүзеге асыру шешіміне қолдау білдірген болатын.
Елбасы ұстанған саясат пен оның көшбасшылық қабілеті Қазақстанды әлем бойынша экономикасы тез дамыған елдердің қатарына қосты. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында Қазақ елі қарышты дамуда.