Еркін МҰХАМЕДЖАНОВ: «Нұр-Сұлтан – қарға тамырлы қазақтың ардақты қаласы»
Нұр-Сұлтан қаласында жемісті еңбек етіп жүрген жерлестеріміз жетерлік. Бірі арман қуып, бірі күнкөріс қамымен барып, тұрақтап қалған. Бәрінің астанаға деген көңілі алабөтен. Оның себебін әркім әрқалай түсіндіреді. Бас шаһарды Ақмолаға ауыстырып, ел орталығынан еңселі орда тұрғызған Елбасының еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жөнінде белгілі тележурналист, «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджановтың да айтары бар. – Еркін Таңатқанұлы, астанаға қазығыңыз мықтап қағылған азаматсыз. Сол жерде еңбек ете жүріп, елге танылдыңыз, қызметіңіз өсті. Қаланы Ақмола кезінен білесіз. Есіңізде қалған ерекше жылы естеліктер болса, айта отырсаңыз.
– Бұл шаһардың өз басым үшін шуақты кездері, шырайлы сәттері, естеліктері мол. Себебі, өзіміз бұла шаққа балайтын студенттік жылдарым осында өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыдық. Ақмола кезінде студент атанып, Астана кезінде тәмамдадық. Енді, міне, Нұр-Сұлтан атанғанда жұмыс істеп жүрміз. Оқырманның көкейінде бұл шаһардың атауына байланысты түрлі сауал тұруы мүмкін. Менің ойымша, ертең төселіп, үйренісіп кетеміз. Себебі, Ақмоланы Астана атар кезде де ойымызда, бойымызда талай қарсылық болған. Тіпті, студенттер қосылып, қарсылық жырын да шығарғанбыз. Ерсі көрген едік, кейін Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстырғанда да қимастық сезім болды. Қазір үйреніп қалдық. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақтың астанасын Алматыдан орталыққа, теріскейге көшіргені стратегиялық жағынан өте дұрыс шешім болғанын уақыт әбден дәлелдеді. Геосаяси тұрғыдан болсын, экономикалық тұрғыдан болсын бұл шешімнің дұрыстығы даусыз. Уақытында осы биліктің әр қылығын осып жазған Жұматай аға Сабыржанұлының өзі «Көш, қазақ, арқаға, Астанаға!» деп ұран тастап еді.
Негізі, әр қаланың өзіндік қалыптасқан, ортақ тәртібі болады. Нұр-Сұлтан – жұмыстың қаласы. Бұл шаһарда демалыс орындары, саябақтар мен ірі-ірі сауда үйлері, кісі көретін жерлері көп болса да демалып жүрген адам некен-саяқ. Өз басым демалыста міндетті түрде Қостанайға барамын, кемі тең жарымын сол құтты мекенде өткіземін. Біздің еңбек жолымыз Қостанайда басталды, астанаға 2005-ші жылы қоныс аудардық. Он бес жыл аз уақыт емес, әбден төселдік, кіріктік, үйрендік. Қала көз алдымызда салынды десек артық емес, әр қазақтың астанада бір баласы, бір туғаны, тіпті болмағанда, жамағайыны бар екеніне менің күмәнім жоқ. Нұр-Сұлтан – қарға тамырлы қазақтың басы қосылған, қаны араласқан, мінезі араласқан, арқа сүйейтін, ардақты қаласы.
– Нұр-Сұлтан қаласы жиырма жылдан астам уақыт ішінде Азияның үлкен бір саяси орталығына айналды. Бас шаһарда қабылданған маңызды шешімдердің көбіне куә болып, хабар тараттыңыз.
– Президент Назарбаев бастаған қазақ дипломатиясы қашанда көпвекторлы саясат ұстанды. Көп мемлекеттермен бейбіт әрі тең дәрежеде қатынас құруды көздеді. Әрине, тең дәреже үнемі бола бермейді. Неге, жас мемлекеттер жаһанға танылуға, үлкендермен ықпалдасуға, байланысуға құмар болады?! Себебі, оның арғы жағында инвестиция және қорғаныс деген мүдде тұрады. Біз геосаяси тұрғыдан аса қолайлы мекенде орналаспаған жұртпыз. Бірақ, біреуге өкпелеп немесе жасқанып, алып жерімізді арқалап алып, тағы көшіп кете алмайсың. Яғни, қуатты мемлекеттермен байланысты мықтай беру, қорғаныстың бір тәсілі. Екі талай күн туса, әрине, алдымен өзіңе сенесің, одан басқа халықаралық қауымдастыққа жүгінесің. Бұл ретте ресми Нұр-Сұлтан сауатты да жүйелі саясат ұстана алды. Менің ойымша, көптеген үлкен жиындарға «құштар» болудың бір сыры осы. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
– Президент пулында бірер жыл жұмыс істедіңіз. Сол кезеңде сіз тұңғыш президентті қандай адам деп таныдыңыз?
– Журналист ретінде Президенттік пуль құрамында едәуір жыл қызмет еттік. Әрине, ол жердің өз тәртібі, өз заңдылықтары бар. Көп дүниені үйренесің, көп дүниеге көзің жетеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси тұлға ретіндегі алғырлығы мен парасатын мен емес, үлкен саясаткерлер де, өзге мемлекеттердің тұлғалары да айтып кеткен. Өзімнің көзім жеткен дүние: Назарбаев қазақтың шекарасын шегендеуде ақыл-парасатын, көп күш-жігерін жұмсаған адам. Қиын істің қиюын тауып, көрші мемлекеттердің бірде-біріне желінбей реттеп берді. Бұл оның ұлтқа сіңірген зор еңбегі деп білемін. Көп шараларға қатыстық, көзбен көрдік, ішке түйдік.
– Назарбаевтан алған ең алғашқы сұқбатыңыз есіңізде ме?
– Нұрсұлтан Назарбаевтан алғаш рет 2003-ші жылы бұрынғы Таран, қазіргі Бейімбет Майлин ауданында сұқбат алдым. Басында шыжық бола жаздап, соңы қызыққа айналған оқиға. Ол кезде біз «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісіміз. Президент күз мезгілінде өңірге жұмыс сапарымен келді. Бірнеше нысанды аралады, біздің аймақтың ерекшелігіне сай барлық жерде сөз, тапсырма, есеп орыс тілінде. Президентті қазақша сөйлету біз үшін кәдімгі жұмысқа айналды. Алдымен облыс әкімінің баспасөз хатшылығын жағалап өтініш жасадық, олар батпады. Содан кейін Астанадан келген әріптестермізге айтып көрдік, олар да мән бермеді. Соңғы жиын диқандармен егін алқабына тігілген шатырда өтті. Әдепкідей түгел ресми тілде. Жиын бітіп, Президент егіннің ортасына жалғыз барып, суретке түсуге беттеді. Жастау кез ғой, батылсың. Тәртіпті жиып қойып, қаға берісте төтесінен тарттық. «Президент мырза, «Қазақстан» ұлттық телеарнасына қазақша екі ауыз сұқбат беріңіз» деп, дауысты шығарыңқырап тіке айттық. Суретке түсуге ыңғайланған Президент «қазір айтамын» дегендей ишара қылып, ары қарай кетіп қалды. Тым жақын келіппіз, күзетшілері телеоператор екеумізді білектен қыса ұстап, мүлде шетке ысырып жіберді. Ұйымдастырушылар шыж-быж, бізге өкпелеп жатыр. Суретке түсуден кейін де әдепкі қауқылдасу. Әкімі бар, басқасы бар Президентті қаумалап, 15-20 минут тағы тұрып қалды. Үміт үзілуге шақ, «ай, бермейді-ау» деп алаңдаулымын. Сөйтіп тұрғанда Президент Н.Назарбаев сырт киімін киіп, кетуге ыңғайланды. Қалың жұртпен қол бұлғап қоштаса бастағанда елден аққұла шетте тұрған телеоператор Леонид Турбабин екеумізге көзі түсті. Көлікке мінбей кідіріп қалды да, «Әй, – деді, – сендер емес пе еді, қазақша сұраған, келсеңдерші». Жүгіре жеттік. Астық экспорты туралы үш сұрақ қойдым, жауабын берді. Өз ойымызша, тамаша, қазақша сюжет шықты. Кейін талай жаздық қой. 2015-ші жылы Ақордада арнайы интервью де жаздық. Өте аңғарымпаз, жады мықты кісі.
– Уақыт бөліп, бірер сұрағымызға жауап бергеніңізге көп рақмет!
Сұқбаттасқан Аслан ҚАНҒОЖИН