Елбасы – әйгілі реформатор

Адамзат тарихы – соғыс тарихы. Ал Қазақстан өз Тәуелсіздігінің бірінші күнінен бастап, бейбіт ел екендігін әлемге аян етуде. Ғасырлар бойы мемлекеттер соғысқа дайындалып, қару-жарақтарын жетілдіру үстінде болып жатқанда, Елбасы Н.Ә. Назарбаев, керісінше, әлемде бірінші және жалғыз болып атом қаруын жойды. Әлем елдерінің басшылары Н.Ә. Назарбаевтың атом қаруын қысқарту жайындағы бастамасын қолдаған алып елдер – АҚШ, Қытай, Франция да атом қаруын қысқарта бастаған. «Атом бейбіт мақсатта қолдансын»,- деген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың талабын әлем елдері құлақ түре тыңдады, санасты. Тәуелсіз еліміздің алғашқы күндерінен бастап, көп этносты Қазақстан халқын татулық пен тұрақтылыққа шақырып, ол үшін барлық жағдайды жасап, Қазақстан Халқы Ассамблеясын өмірге әкелді. Ал әлем деңгейінде Н.Ә. Назарбаев ұлттар арасындағы келісім мен түсіністікке көңіл бөлді. Еуразия құрлығындағы алыптардың ортасында отырып, достасу дипломатиясы арқылы мәмігерлік жолды ұсынды. Әлемдегі АҚШ, Ресей, Қытай сияқты ірі елдердің басшыларымен ресми, бейресми байланыс орнатып, Қазақстан халықаралық қауымдастықтан өзінің орнын алуда зор еңбек сіңірді.
Н.Ә.Назарбаев – Тәуелсіз елді орнатуда ұлы реформатор ретінде нарықтық экономикаға көшу, елдің қаржы айналымында төл теңгемізді шығару, қарулы күштермен ел ішінде тәртіп сақтайтын, азаматтардың өмірін, бас бостандығын қорғайтын органдар, қоғамды демократияландыру, көп партиялы жүйе құру, азаматтық қоғамның негізін қалауы, баспасөз бостандығына мүмкіндік беруі – бәрі де осы ұлы тарихи тұлға, реформатор Н.Ә.Назарбаевтың үлесіндегі қажымас еңбектің нәтижесі. Елбасы ұсынған «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» жоспарлары арқылы мемлекетіміз өз жолын тауып, дамып келеді. Дүние жүзіндегі елдермен көпвекторлы саясат негізінде қарым-қатынаста болуымыз – бұл да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясаты. ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаев өз мақаласында: «Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таң қалатынымды жасырмаймын. Ол көп оқиды, ұлттық әдебиетке ғана емес, шет ел әдебиетіне де көңіл бөледі, барлық оқиғадан хабардар болып отырады, елдің тарихы мен мәдениетін жетік біледі, әсіресе, экономикалық ақпаратқа жіті ден қояды», – деп ағынан жарыла айтуы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осындай қырларынан да баршамызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа үлгі болатын, шын мәнінде төл тарихымыздың төрінен орын алатын қайталанбас тұлға екенін көрсетеді.
Астанамыздың көптеген жылдар бойы шекарамыздың шетінде болып келуі көп ыңғайсыздық тудыратын еді, тек Тәуелсіздік алған соң, Арқа төсіне көшу идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды. Сөз жоқ, бұл бетбұрыс еліміздің геосаясаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Бүгінгі астана – Нұр-Сұлтан қаласы халықаралық басқосылулардың айтулы алаңына айналды. Нұр-Сұлтан қаласы – әлем таныған, әлем сыйлаған, әлем таң қалған қала. Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бар өмірін тәуелсіздіктің алғашқы сағатынан бастап бүгінге дейін Қазақ елін нығайтумен келеді. Сондықтан осындай әлем танып сыйлаған, халқымыз мақтан тұтатын тарихи тұлға өмірі баршамызға үлгі, өнеге болары сөзсіз.
Қалқаман Хасенұлы Жақып,
А.Байтұрсынов атындағы аймақтық мемлекеттік университетінің профессоры,
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі
02. 06. 2020 ж.