Қала қар жамылды
Түн басталып, тынбастан ұшқындаған ұлпалар кәдімгідей омбыға айналды десе болады. Күні кеше ғана көктайғақта күйбеңдеген тұрғындар, міне, енді тобықтан қар кешіп жүр.
Дегенмен көше тазалықшылары, әдеттегіше, елең-алаңнан еңбекке кіріскен. Қазіргі уақытта «Таза-Жол АТ» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС, «Вектор» ЖШС, «Экол» ЖШС мердігерлік ұйымдары таңғы сағат 4.00-ден бастап бел жазбай жұмыс істеуде. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Жол тазалау қызметі алғашқы кезекте қоғамдық көліктер қозғалысы тығыз, негізгі көше бағыттарын қардан аршыды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар тазаланды.
Көше тазалығына жауапты әр ұйым қаланың нақтылы аумақтарын бөлісіп алған. Олар тротуарлық секторлардың, аялдама алаңқайларының қарын күреді. Бозала таңнан бері жолдар үстінде ұзын саны 100 адам, 47 техника жұмыс істеді. Қазіргі уақытта тазалық ісіне жұмылдырылған адам саны 180-ге, арнайы техникалар 63 бірлікке дейін көбейтілген. Арнайы көліктер әлі де біртіндеп көмекке тартыла бермек. Қала аумағын тазалау жұмыстары күндіз-түні жүргізілетін болады.Осымен қатар ПИТК, ПИК көпқабатты үйлер аумағын, аулаларын қардан тазалау, уақытылы тысқа шығару сынды жұмыстарды күшейте түскен.
Үйіліп-жиылған қарды жаппай қала сыртына шығару түн мезгілдерінде жүзе асырылады. Өйткені, күндізгі әлетте төгінділерді тысқа тасу жұмыстары, көшелерде көлік қозғалыстарының көп болуына байланысты, ширақ әрі сапалы жүрмеуі мүмкін.
Ж.Балғынбекұлы