Тұлға тану немесе кітап оқу
Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз.
Шығарма жазғысы келген адамға тақырыпты, ойды өмірдің өзі тауып береді екен.
Шағын автобуспен Астанадан Төңкеріс аулына бара жатырмыз. Төңкерісте тұратын інім Өмірзақ қонаққа шақырған. Автобус ішіндегі жолаушылардың кейбіреуі бір-бірін білсе, бірі енді танысып жатыр.
Алыс жолда кісіге әңгіме керек. Оны-мұны сөз қылып отырғанымызда, Қажымұқан аулының тұсына келіппіз.
– Мынау Қажымұқан Мұңайтпасовтың ауылы ғой" – деді біреу.
– Ол кім еді? – деді, бір бозбала. Содан әңгіме қызып берсін.
Орта жастағы бір кісі:
– Қарағым-ау, қазақтан шыққан тұңғыш, бүкіл дүниежүзі білетін күрес чемпионын білмейсің бе, осы мектепте сендерге не оқытады? – деп ренжіген болды.
Іле-шала бір әйел, әлгі баланың шешесі болуы керек: "Бала ғой, қайдан білсін, білмесе, енді біледі де", – деді. Бір кезде әлгі бала да қарап отырмай, шешесін жақтаған болып, "Немене, кімнің кім екенін білу міндет пе?", –деп, тақ ете қалды. Жанымда отырған адамнан сұрасам, осы бала Қажымұқан атындағы орта мектепті бітірген екен. Сонымен әңгімемізге көңілсіздеу нүкте қойылды.
Бұдан не түюге болады? Әлгі орта жастағы кісінің "Осы мектепте не оқытады?" деген сөзінің жаны бар. Бәрімізде мектепте оқыдық, қазақтың ел таныған, тұлғалы азаматтары туралы біліп шықтық. Себебі, сол кезде бізді оқытқан ұстаздарымыз кімнің кім екенін айтып отыратын. Әрине, өмір жолын толық білмеуің мүмкін, бірақ аты аталса, суретін көрсетсе, кім екенін біле қоятынбыз.
Студент кезімде институтқа тақай бергенімде, есік алдында тұрған екі-үш қаламгерді байқап қалдым. Анадайдан-ақ бірден танығаным-ақ киіз қалпақ киген, орта бойлыдан аласалау, ақсары кісі. Қызына сөйлеп, қасындағыларға әлденені дәлелдеп тұрды. Өзім суреттерінен көріп жүрген, кәдімгі – Шона Смаханұлы. Олар студенттермен кездесу өткізуге келген екен. Суретін көрсетсе, біле қоятынбыз деген сөздің дәлелі осы.
Ал қазіргі жастардың көбісінің қасына сол тұлғаның өзі келіп тұрса да, селт етпейді. Себебі, бүгінгі мектепте оқытудың ұлттық жүйесі жоқ. Ұлттық тұлғаларды оқушы түгіл, мұғалімнің өзі де білмейді.
Ал енді "кімнің кім екенін білу міндет пе?" деген баланың сөзі жүрегіңізге әжептәуір салмақ түсіреді. Демек, тұлғаны білу міндет емес екен. Қалақтай балаға сол жерде "Қазақтың ел болып отырғаны – тұлғалы азаматтардың арқасы, тарихты тұлға жасайды, тобыр емес" деп, қалай пәлсапа соғып отырасың. Бұл пәлсапа енді ол баланың миына қонбайды. Бәрі кеш, тәрбие кешігіп қалған. Тәрбиенің кешікпеуі керек екендігін өзім білетін мысалдар ар-қылы түсіндіруге тырысайын.
Менің бала кезімде Шәрипа деген әжеміз болды. Осы әженің үйінде жатып бастауыш мектепте оқыдым. Әжеміз мен ұйықтардың алдында жастығымның астына оқып жүрген кітаптарым мен дәптерімді тығып қояды. Айтатыны, бала ұйықтаған кезде, жастықтың астындағы кітаптардың мазмұны миына қонады. Таңертен ерте тұрып, сол кітаптарды оқысаң, ондағы жазылғандар есіңе түсіп, алдағы уақытта ұмытпайтын боласың дейді. Әженің айтқанын істеп, ерте тұрып кітап оқуға дағдыландым. Сөйтіп бастауыш сыныптан бастап мектеп бітіргенше таласып кітап оқып өстік.
Менің әдебиетке деген ерекше ықыласым Шәрипа әжемнің жастайымнан берген тағлымының арқасы шығар деп ойлаймын.
Сонымен, автобус ішіндегі баланың қылығына қайтып оралсақ, баланы кінәлауға да болмайды. Ол балаға қазақтың бетке шығар тұлғалары туралы айтпаған, түсіндірмеген деп, ата-аналар мен мұғалімдерді де кінәлай алмайсыз. Себебі, мұғалімдердің қолында қандай тақырыпты оқыту керектігі туралы бағдарлама бар, олар соны ғана түсіндіреді.
Сондықтан орта мектептерге "Тұлғатану" деген пән енгізу керек. Осындай пән енгізудің дұрыстығына мына жол үстіндегі әңгіме де дәлел.
Егер қазір орта мектептерге сауалнама жүргізсе, мұндай мысалдың мыңдаған түрі кездесер еді.
Әлгі кісінің "осы мектепте не оқытады?" деуі де біздің ойымызбен үйлесе кетті. Бәрі де мектептен басталады. Бұл ойымызды тарқатып айтсақ, алысқа кетіп қаламыз…
Қазір орташа адамдар, орташа таланттар өзін-өзі насихаттауға көшті. Соны көріп, сезіп, өскен бала нағыз тұлғаның кім екенін қайдан білсін. Орташа таланттар нағыз талантты, тау тұлғаны көмескілегісі келеді, ешқашан ауызға алмайды. Бұдан кейін бала екеш бала жақсы мен жасықты қайдан айырсын. Осындай себеп-салдардың негізінде адам танымайтын ұрпақ өсіп келеді. Ғаламтор (Интернет) иіріміне түсіп кеткен, алапат ақпараттар айдынында адасып жүрген біздің қазіргі жастардың көбісі шет елдің, ақшаның астында қалған күшеншек әншілерін, актерлерін, т.б. жақсы біледі. Білсе әркім өз атасын біледі, жалпы қазаққа ортақ тұлғаны білмейді. Бұл кімнің кінәсі?
Қазір бәрін де заманға жабатын оңай сылтау тауып алдық қой. Заманның еш кінәсі жоқ, бәрі де өзімізден. Ата-бала-немере арасындағы ұлттық тәрбие қайнары тартылып қалған. Біз қазір, басқа-басқа, әрқайсысымыз өз алдымызға биік болып, ұлттың биіктері туралы білмеуге айналдық. Сондықтан да, Жақсылықтарды білмейтіндердің де жер басып жүре беруі аса таңқалдырмайтын жәйтке айналды. Жақсылықты білмеу – жақсылық емес әрине. Қазақты қазақ еткен – ұлттың ой батырлары мен қол батырлары (М.Әуезов) екенін бүгінгі қазаққа енді дәлелдеп бере аламыз ба? Демек, өзіңнің тұлғаңды, белгілі адамдарыңды танымай, білмей жүре беру бұдан былай үйреншікті жағдайға айналатын тәрізді.
…Түйемойнақ жетіжылдық мектебінде 7-ші сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Жатақханадан далаға шықсам, менімен бірге оқитын екі оқушы бірінің жағасынан бірі алып төбелесе жаздағаны. "Сендер неге жанжалдасып жатырсыңдар?" деп сұрасам, олар Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебі" романын оқып шыққан екен. Сол романның бірінші тарауында "Сәкеннің салттарынан" деген тақырып бар. Мен өскенде Сәкендей азамат боламын деп Бейсен мақтанса, Асанхан сен ондай бола алмайсың, мінезін нашар, ақылың шамалы, ақымақсың дейтін көрінеді. Сәкендей болсам, мен боламын, сабақты жақсы оқимын, қай жағынан да сенен артықпын деген кезде Бейсен Асанханның жағасынан алып, ұрмақшы болады. Сол кезде олардың жанына мен барып қалдым да, арашалап, төбелестірмедім. Екеуін табыстырып, екеуің де Сәкендей бола алмайсыңдар, менің мінезім мен ақылым ақынға ұқсайды, болсам мен боламын, екеуің текке таласпаңдар деп кетіп қалдым.
Міне, біз бала жастан бастап (4-ші сыныптан бастап) әдеби кітаптар оқуға дағдыландық, шығармадағы жақсы кейіпкерлерге ұқсап, ержеткенде сондай болсақ деп армандадық. Көпшілігіміздің армандаған арманымыз орындалып, арамыздан әдебиет мұғалімі, жазушылар да болғаны белгілі.
…Жаз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде үйдің жанындағы саябаққа демалуға келдім. Келсем, орындықта бір қарт кісі кітап оқып отыр екен. Мені байқаған жоқ, кітаптан бас алмай оқып отыра берді. Мен жанына барып отыра бергенімде, қолын беріп амандасты. Жайғасып отырғаннан кейін, қолындағы кітапқа көзім түсті. Жұпыны киінген, өңі шаршаңқы, қара жұмыспен айналысатын адам болса керек. "Не оқып отыр, мұнда не жазылған екен?" деген ой маза бермеді. Бірнеше мәрте сұрамаққа оқталдым да, өзімді өзім тежей қойдым. "Ойы бөлініп кетер деп" бір ойландым, екіншіден бұл әрекетімді жақтыра ма, жақтырмай ма, кім біледі?!
Әлсін-әлсін кітапқа қарап қоямын. Бір кезде көзі талды білем, кітапты жауып, қолына ұстап, ұзақ отырды. Сырты сарғыш, мұқабасында Абайдың бейнесі басылған екен. Осы сәтті пайдаланып, "Қандай кітап оқып отырсыз?" деп әңгімеге тарттым. "Абайдың өлеңдері" деп жауап берді. "Бір танысымның үйіне барсам, керексіз болып, әр жерде жыртылып жатыр. Керек болмаса маған беріңдер деп, сұрап алдым" деді де мұқабаның жыртылған, бүктелген жерін алақанымен түзетті.
Қазір кітап оқуға уақыт жоқ дейміз. Ата-аналарымыздай болу қайда?! Не десек те, кітапқұмарлық қасиеттен айырылып қалдық. Шынымен уақыт тапшы ма, әлде сылтау көп пе?! Бәлкім, бұл кітапқа деген құрметтің, яки қызығушылықтың жоқтығынан болар. Мүмкін саны көп, сапасы жоқ кітаптың көптігінен. Қайткенде де біз кітаптың бағасын түсіріп алдық. Қадір-қасиеті артқанның орнына кеміп бара жатыр. Мерейтой, басқа да айтулы оқиғалар болып жатса кітап шығарып, таратып жатамыз. Ол оқыла ма, жоқ па, онда шаруамыз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, оған бола басымызды ауыртпаймыз. Ең бастысы той аталып өтті, кітап таратылды, сонымен шаруа бітті.
Қорыта айтқанда, әдебиет халыққа рухани байлық беретіні, қызмет ететіні белгілі. Әдебиет қашанда санасында саңлауы бар, түсінігі, түйсігі бар кез келген адамның адал досына айнала алатындығын дәлелдеп жатудың қажеті болмас.
Астана қаласы.
Керемет, өте әсерлі, ой саларлықтай мақала екен. орта мектептерге "Тұлғатану" пәнін енгізе қоймас, бірақ барлық ұлттық мектептерге өте қажет дүние.