Республикалық байқаудың мәресі
Аймағымызда екі күнге созылған Нұржан Наушабайұлы атындағы "Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…" республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы аяқталды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған өнер жарысына Қызылорда, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Қостанай өңірлерінен 17 үміткер қатысты.
Әйгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры, фольклоршы-ғалым Алмасбек Алматов байқауға төрағалық етсе, қазылар алқасы құрамында қазақтың көрнекті ақыны, жазушы-драматург, журналист, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет, Арқалық қаласы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қызметкері, айтысқер ақын, «Тобыл-Торғай әуендері» музыкалық антологиясын құрастырушы Батырлан Сағынтаев бар.
Өнер бәйгесінің талабы бойынша қатысушылар Нұржан атамыздың бір шығармасын және халық ән, жыр, терме, толғаудан екі туынды орындауы шарт. Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай дәстүрлі ән-жыр мектептері өкілдерінің басым бөлігі Алаш қайраткерінің мұраларын бізге жеткен әуендерге салып орындаса, кейбірі өз өңірлерінен шыққан шайырлардың мақамдарына лайықтап шырқап жатыр.
Бүгін, 18 қараша күні Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде байқаудың екінші кезеңі аяқталып, үздіктер анықталды.
Сонымен, «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауының бас жүлдесін Қостанай облысының намысын қорғаған Арғынбек Бейбітхан жеңіп алып, диплом және 700 мың теңгеге ие болды. Федоров өңірінен келген жүйрік жуырда ғана сол ауданда өзінің жеке шығармашылық концертін берген еді. Айта кетейік, үшінші мәпрте ұйымдастырылған өнер жарысында Тобыл аймағының өкілі алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. Бұған дейінгі байқауларда Астана мен Қызылорда облысының жүйріктері алдына жан салмаған болатын.
Жүлделі бірінші орынға тағайындалған 500 мың теңгенің сертификатына астаналық жыршы Ұлдана Нұртуған ие болды. Екінші орын иегері елордалық Айбат Серік. Әнші 400 мың теңгеге тие болды.
Үшінші орын иегерлері – Қарағанды облысы, Шет ауданынан келген Елдос Жакиев пен Алматы қаласының өнерпазы Айбике Таңатарова. Олардың әрқайсысына 300 мың теңге табыстылды.
Суреттерді түсірген Есбол Жатқанов.