Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және облыстық "Қостанай таңы" газеті ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырған "Мен бір жұмбақ адаммын…" атты респуликалық жазба айтыс жалғасын табады. Үшініші айналымның келесі жұбы – батпаққаралық Батырлан
Сағынтаев пен торғайлық Злиха Кенжеғозина. Осы кезеңге дейін өлеңдерімен өзгешеленіп, жырсүйер жұрттың ілтипатына ие болып келген қос ақын бүгін де бәрімізге тамаша өнер тарту етеді деп сенеміз!
Батырлан:
Рух беретін жүрекке алып күшпен,
Ой сәулесі нұр болып жаныпты іштен.
Кәусарына қанбадық қара өлеңнің,
Ғазез де ішкен, құмартып ғаріп те ішкен…
…Алаш жұрты, армысың, алдиярым,
Ақын ұл ем санаған халықты үстем.
Мендік пейіл кіршіксіз саған деген,
Мөлтіл қағып өлеңдей тамып түскен.
Дәуірлердің көшімен орайласқан,
Жылдар өтсе қадамын санай басқан,
Ғасырлардың өшер ме бедерінен,
Ел зердесі жаттаған Абай-дастан.
Таласы бар өлеңге, талабы бар,
Талайлы ақын шықса да талай жастан,
Кеңдігі көп болғанмен Хақ Тәңірдің,
Қазақта енді ұл тумас Абайды асқан.
Есімі аңыз болған ішіне елдің,
Таппаған өзі, сөзі, ісінен мін,
Хәкімнің жұмбақ сырын кім біледі,
Десе де терең ойлы кісі болдым.
Дүр Абай қазақтағы құдірет қой,
Мен қалай құдіретті түсінермін?!
Басқадан артық көріп айтқанменен,
Бағасын дәл бере алмай түсірермін…
Бағзыдан жеткен елдің салтын бағып,
Біз бүгін айтысудан тартынбалық.
Злиха, ақ жеңеше, аманбысың,
Ақеден бір жан едің аңқыл қағып.
Қалпың бар қарапайым кең мінезді,
Нарқың бар ақындықта нар тұлғалық.
Жүрегің жыр шүпілдеп мәз болушы ең,
Жанарда өлең десе жарқыл жанып.
Барласаң ойларымды байқап, керім,
Көңілім өзіңдей-ақ байтақ менің.
Айтыстық неше мәрте біз екеуміз,
Еске алсаң өткен күннің кей сәттерін.
Қолыңа ал қаламыңды тағы, жеңге,
Қолдамас ақын қызын қай шақта елім.
Көркемін ұсынарсың өлеңіңнің,
Көңіліңнің жыр-айдынды шайқап көлін.
Злиха:
Бастайын "Бісміллә" деп сөздің басын,
Төккендей өлең қылып көздің жасын.
Армысың, қабырғалы қазақ елі,
Жанымды ұғар жалғыз әз мұңдасым.
Сайысып бір көрейін Батырланмен,
Құдайым қарсылас қып кез қылғасын.
Жастар үлгі тұтардай айтысайық,
Жамандар сыртымыздан сөз қылмасын.
Тұтқынға ұқсап тұтылдық карантинге,
Жасырмай айтар болсам сөздің расын.
Дүкенге де баруы мұң боп елдің,
Көруге де зар болды-ау бәз құрдасын.
Қаңыраған көшені жылтыратты,
Жуғандай айнадай ғып таздың басын.
Аты жаман ауру қайта өршіп,
Жаратқан бізді бұлай жазғырмасын.
Тәңірден басқа ешкімге табынбайық,
Ібіліс бізді ешқашан азғырмасын.
Іштен тынып шыдады байғұс елім,
Қырық екі мың бес жүз беріп мәз қылғасын.
Көп балалы үйлерге көмектесіп,
Әйтеуір аш қалмауға лаж қылғасын.
Мүгедек жандарға да қамқор болып,
Сараңға алақанын создырмасын.
Елмен газет арқылы қауқылдасып,
Бастайық жақсы сөзбен жаздың басын.
Есігін ұлы өнердің кім қақпайды,
Өлеңнің балдай дәмін кім татпайды.
Қаншама ұл туса да, ұлы Абайдай
Дей көрме қазақ енді ұл таппайды.
Біліммен қарулансақ бабалардай,
Басқалар бойымыздан мін тапппайды.
Қара сөзін оқысақ дана Абайдың,
Сыншылдар сиқымызға сын тақпайды.
Ақырзаман келгенше азық болар,
Ұлы Абай ұлағаты ұрпаққа әйгі.
Батырлан, аманбысың, сүр бойдағым,
Тәңірден тілеп алған жыр ғой бағың.
Өлеңнің теңізінде еркін жүзіп,
Өнердің қазанында шын қайнадың.
Отау құрмай жүрсің ғой әлі күнге,
Білмеймін, кімді ұнаттың, кімді ойладың.
Бір тиынды екі тиын қылғанменен,
Бір басын екеуі қылмай жүр бойдағың.
Торғайда айтысқанда жиырма үште ең,
Сынаптай сырғып уақыт, зырлай ма күн.
Отызға да өкшелеп келе жатсың,
Шынымен орда бұзар ұл ғой дарын.
Қыз сұрап қоймаушы едің сахнада,
Жары барлар бойдақтың тыңдай ма әнін?
«Үйлен» деп қақсаушы едім көрген сайын,
Бар шығар жасап жүрген бір байламың.
«Ақ боз атты ханзадам келе ме?» деп,
Қыр жақта сені күтіп жүр ғой жарың.
Ал сенің атың да жоқ, ойың да жоқ,
Болса да бұған айтар түрлі айғағың.
Жар іздеп жанталасып жүгірмейсің,
Жылқының мінгендей-ақ тым жайдағын.
Есіміңді анаң не әкең қойған,
"Батырлан" деп бірақ та бекер қойған.
«Атына сай болады заты» деген,
Ешқашан шығармағын мәтелді ойдан.
Дөп болсын алға басқан әр қадамың,
Көп болсын ел-жұртыңа етер пайдаң.
Қызыл тілді қылыш қып қағысатын,
Бұл айтыс та өзінше екен майдан.
Әркімнің туған жері ыстық болар,
Бұл сөзді бұрыс деуге жетер ме айлаң?
Шапсаң да шаттық іздеп шартарапқа,
Табарсың Қостанайдай мекен қайдан?!
Сенбестен жауарына неке, ақ қардың,
Өмірдің белесіне жеке аттандың.
Жалғаннан жар іздемей жалғыз өту –
Тірлігі, біле білсең, тәкаппардың.
Үйіңе үйленем деп ант-су ішіп,
Күніне он ойланып, жеті оқталдың.
Ақылман, ұлы Абайдың тілін алсаң,
Батырлан, борышыңды өтеп қалғын.
Шыңына Алатаудай мына өмірдің,
Сынына ұшырамай төтеп барғын.
Айтыс сайын саласың әр қызға сөз,
Және оларға сырыңды жеке ақтардың.
Сөз салғанмен сөзінде тұра алмайтын,
Әр ұяға бір қонған көкек болдың.
Батырлан:
Злиха, өткізердей кіл сындардан,
Сен болдың бойдақсың деп тынышымды алған.
Айқарып ашып салып бар сырымды,
Аулақсың қысылғаннан, қымсынғаннан…
Абайдың айтқан сөзін ал есіңе,
Танылар сол сөзінен тылсым жалған.
«Сен асыққан екен деп Алла әмірін
өзгертпес» біле білсең, бұл шын, қарғам.
Менің де жаны жұпар арманым бар,
Әзірге жеткізбейтін дүр сынды арман.
Өзімнің бағым-жарым болар бір күн
Сезімнің нәзік гүлі бүршік жарған…
Өзімнің перзентім деп ел демесе,
Өлеңнен жібермеуші ем пендеге есе.
Айтыста талай қызға айттым әзіл,
Куәгер болған оған ел де кеше.
«Әр қызға сыр ақтард» деп әзіл үшін,
Жеңешем болмас па енді тергемесе,
«Бір қонған әр ұяға көкексің» деп,
Біздерге сөз-семсерін сермемесе.
Злиха, бойдақсың деп айтыс сайын,
Қайталап айта бердің әлденеше.
Мен қайның болмас едім сөзбен шымшып,
Мұндайды айтпай кетсең сен, жеңеше.
Ажарын ай аймалар, самал аптап,
Ақ жеңгем, өзің едің жамалы аппақ.
«Атыңды бекер қойған» дейсіз бізге,
Қараған дұрыс сөзді саралап, сақ.
Жазыпсыз бір мәтелді мысал қылып,
Соңында «көкек» дедің және даттап.
Адамның аты бөлек, заты басқа,
Есімге қарап қонбас сағадат-бақ.
Абайдың өмірінен мысал етіп,
Сақтаған көне күннен саламат саф,
Баяндап берейін мен бір тәмсілді,
Жеткізген ел-шежіре аманаттап.
Түлкі өмір болғанында, тазы заман,
Күндерде ел тынымнан ажыраған,
он сегіз жасқа толған ұлы Абайды
Құнанбай терең ойлы қазына жан,
жұмсапты Сыбандағы Қисық биге,
«Арыл, – деп, – дау-шарлы істен, базынадан».
Сыбанның ауылына барғанда Абай,
Келіпті жүгініске қазыға адам.
Қибасар есімі екен жауапкердің,
Қисық би қатты айтыпты сөзін оған:
«Айт, кәне, тағы қандай қиды бастың,
Аты жаман адамның өзі жаман».
Таңдантып дәл осынау шақта орданы,
Абайдың сөзі аңғарлы тапты арнаны:
«Би-еке, бүлдіргенді кім білмейді,
Уылжып пісіп тұрған бақтардағы.
Бүлдірген түгі де жоқ, теріп жесе,
Кетпейді таңдайлардан татқан дәмі.
Әркім-ақ құштарланып алып жейді,
Атына қарамастан тәтті алманы.
Болады әр нәрседе адал-арам,
Би болып, Қисық, сізге бақ қонғаны,
Туралық тілеп сізге келер ме еді,
Әр істің мәлім болса аттан мәні».
Злиха, бұл сөз мәлім ақылманға,
Астарын ұқпай, жеңге, ғапыл қалма.
«Атына сай болады заты» деген,
Мәтелді ескертіп ең ақын жанға.
Атыңды бекер қойған десең және,
Нашарсың дегенің-ау Батырланға.
Өкпелеп не қылайын бірақ саған,
Шығарып айтпады деп атым алға.
Ел көшін бастайтын жан қылмаса да,
Бермесін төмендеген сәтімді Алла…
Злиха, сен де айтыста төмендемей,
Зиятты сөз жаз енді оқырманға.
Злиха:
Батасыз әсте адамзат көктеп пе еді,
Арманның асуына беттеп пе еді?
Сөзіме ашуланып бұртиясың,
Кәдімгі оқушыдай мектептегі.
Атта тұрған ештеңе жоқ деп мүлде,
Бұл Батырлан сытылып кетпек тегі.
Арқалықтың атақты ақынының,
Сөзінен сезілмейді өкпек демі.
Есіміне елеңдеп ұл өспей ме,
Келте ойлап төкпесей текке өкпені.
Зерек, абай болған соң Ибраһимді,
Бар қазақ Абай атап кетпеп пе еді.
Сүйенсек журналистік ой-қатпарға,
Көп ерлер аяқ асты жай жатқан ба?
Шоқандар жұлдыздай боп жарқыраған,
Бойында намыс пенен қайрат барда.
Сұлтанмахмұт күймеген күндей жайнап,
Өмір-қазан шыжғырып қайнатқанда.
Қонбайды талпынбасаң басыңа бақ,
Болмайды сырғанап, құр тайғақтауға.
Абайдың да болған ғой балалары,
Жауға шабар көтеріп байрақ қолға.
Әке атанып бақсаңшы ұл-қызыңды,
Мәз болып жүре бермей ой баққанға.
Әлемде отырып қалған қыздың саны,
Көп екен, не дейсің бұл айғақтарға?
Бір жігітке келеді жеті қыздан,
Құлаққағыс жайбасар бойдақтарға.
Құрдастарың екі-үштен сәби сүйді,
Құсыңды қондырсаңшы байлап қолға.
Баяғының Тайлағына үйлен десең,
Қыз іздеп шығушы еді жайлап жолға.
«Үйлен» деп мен қақсағалы үш жыл бопты,
Сөз өтпейді-ау бүгінгі тайлақтарға.
Алланы сүйген құлға намаз керек,
Адасқан жан ібіліс – сабазға еред.
Індет меңдеп қамалсақ үй қамаққа,
Күші кеміп, халықтың саны аз келед.
Таза ауаны жұтпаған ұл мен қызың,
Басы айналғыш, әлжуаз, қаны аз келед.
Әлсіз ұлттан туады әлсіз ұрпақ,
Қытайлар адамзатпен араз демек.
Қыз іздеу қайда саған енді, қайным,
Жастарға жолығудың жолы аз демек.
Қыз іздеп шықпақ түгіл көшелерге,
Дүкенге баруға да қағаз керек.
Біреуге іні, бауыр, дос, ағасың,
Талпынсаң, таудан да әрі аса аласың.
Бағаламайтындарын білсем-дағы,
Қатысамын айтысты жасағасын.
Мінекей, аттағалы он жыл бопты,
Айтыстай шаңырақтың босағасын.
Кеше «Біздің айтыстан» жүлде алып ең,
Басқадан болмасаң да аса басым.
Неге ылғи екі-үш ақын жүлде алады?
Сен бүгін ашып айтшы осы арасын.
Апта сайын қонаққа шақырып па ең,
Айтыстың қос анасын, қос ағасын?
Танысы бар адамдар танымал боп,
Таланттар қалып жатыр тасада шын.
Әуелі беріп барып аласың ба?
Бұл сөзіме көңілің босамасын.
Ақын деген аспаушы ед ақиқаттан,
Сен болсаң шындықты айтпай қасарасың.
Хақ жолды сүйген қазақ, енді қашан,
Жағымпаздық торынан босанасың?!
Батырлан:
Еліне қалдырмайтын ер қарызын,
Бабамның өтсем деп ем жалғап ізін.
Тағылым болса екен деп Злихаға,
Өткеннің жазғанменен мен де аңызын,
«Болған соң зерек, абай бар қазақтан
Есімді Абай деген алды абызым,
Елеңдеп есіміне ұл өспей ме» –
деп тағы атыма кеп салды ауызын.
Хәкімнен ақылың артық болмас сірә,
Қаншама жазылса да елге арызың.
Абайдың Қисық биге айтқанының,
Байқаймын, ұқпапсың-ау сен маңызын…
Злиха, кір түспесін аппақ арға,
Біздерді не табасың даттағанда?
Жамандап, "жайбасар" деп жаздың бізге,
Жарымды әлі іздеп таппағанға.
Білсеңіз, хайырлысын береді істің,
Сабырмен күткендерге сақтап Алла.
Қайталап бойдықтық пен атымды айтып,
Не шығар бір ізді екі таптағанда.
Басында-ақ беріп едім жауабымды,
Жазбаймын енді жырды ақталарға.
Абайдың сөзін аттап кеткен жеңгем,
Айтты деп Батырлан сөз тоқталар ма.
Қоғамның қоздататын өрт өсегін,
Тіледік өршіп тұрған дерт өшерін.
Көмейі зар төгеді замананың,
Қозғасаң қолыңа алып шер көсеуін.
«Қыз іздеп көшелерге шыға алмассың»,
Деп жаздың бүгінгінің сен кеселін.
Меңдеген індетті айту – жалпы ойыңыз,
Мені де қылжақ ету – жарты есебің.
Көшеден көшелі қыз табылар ма,
Күтетін жайнамаздай жар төсегін.
Жаныңды жемейді ме дерттен жаман,
Жүрген қыз бұрышында әр көшенің.
Жауғанда жыр нөсерлеп сөз жаңбырдай,
Жаратқан жүйрігімді озған қылғай.
Күңіреніп шыға келдің жүлдені айтып,
Қобыздың көмейінде тозған қылдай.
Қазылар бағаларын бермес бізге,
Кестелі жыр көркіне көз қандырмай.
Дүбірлі айтыстардан алсақ орын,
Дақпырт қып дабылдатпа жез даңғырдай.
Жалғаса Нұржан менен Нұрхан жолын,
Жүйрікке қуаныңдар озған мұндай,
Шаршыда шаң қалдырып озғанда алға,
Артымнан не табасың сөз қалдырмай.
Болсақ та көркем жырмен көпті алқаған,
Бұл күнде сөздің құны кетті алқадан.
Сен айтқан «Біздің айтыс» жобасында,
Білесің тек жақында еткен тәмәм.
Бас қосып облыстың ақындары,
Барлығын дәл осынау тапты ортадан.
Басында шығып кеткен сен бақытты,
Біздерді дей алмаймыз қақты арқадан.
Жүргесін аласартып ақындарды,
«Мұндай іс дұрыс емес» деп тарқаған.
Бірақ та оның жайын сен білмессің,
Бақылап сөз айтқанмен шет, қалқадан…
Өнердің додасында жарқылдап-ақ,
Мейлі сен сөзге күміс, алтын жалат,
Мәдениет саласында мансапты көп,
Танытқан текті өнерге салқын қабақ.
Айтысты бағаламас «бекзаттарым»,
Есірген ессіз шуға жарқын қарап,
Саудасыз берсең алмас саудыраған
Сары жезге саф алтын нарқын балап…
Ақынды жаратпаған жағынуға,
Мызғымай тұрмас және әркімде бақ…
Бағасын текті өнердің әділ берер,
Сақтасын жұртымды аман, халқымды абат.
Тиегі ағытылған кезде өлеңнің,
Ермегі болмайды айтыс езбелердің.
Айтысқа он жыл бойы араласқан,
Жеңешем азабына төзді өнердің.
Жағымпаз көріп жүрген бірақ бізді,
Жамандау ойын қалай сезбегенмін?
Танымал қыла-тұғын танысы емес,
Талантты бағалайды безбені елдің.
Злиха, қаласаңыз мәрт өнердің,
Мәресі қарсы алдыңнан кез келер күн,
Жұртыңа керек сөзді айту қажет,
Жүлдесін санап жүрмей өзгелердің…
Злиха:
Жандары үкіметтің ашиды елге,
Жасқанып жоқшылықтан жасиды ер де.
Адамдардан қорықсақ, бұл жайымыз
Жатпайды Жаратқанға бас игенге.
Кітапхана, мектеп пен балабақша,
Жабылды мейрамхана, ас үйлер де.
Көшелі қыз керек деп көкіп бүгін,
Сен олай артық сөйлеп таси берме.
Көшені айтсам, қазақтың халін айттым,
Қамалған қылмыскердей тас үйлерге.
Өкпелеп қылығына бір ағайдың,
Атына күйе жақпа мың ағайдың.
Мәдениет бөлімін жазғырмай-ақ,
Мен бұған қазыларды кінәлаймын.
Дәл сендей өз сөзімнен өзім тайқып,
Ешқашан биігімнен құламаймын.
Айтыста ақиқатты айтқанменен,
Алақан жайып жүлде сұрамаймын.
Кесек-кесек ой айтар деп күтіп ем,
Шықпадың шеңберінен бір-ақ ойдың.
Хакімнің сөзін аттап кеттің ғой деп,
Саған ұқсап жеңіл жыр құрамаймын.
Өзін мақтап жүрген соң өлеңменен,
Сөзін аттап кеттім деп жыламаймын.
Құздан құлап кеткенім жақсы емес пе,
Сөзінен аттағанша ұлы Абайдың.
Қатыспасақ дүбірлі додаларға,
Жырымыз құмға сіңіп жоғалар ма?!
Сәтті, сәтсіз болуы айтыстардың,
Байланысты қазыдағы ағаларға.
Қалтасынан берердей сияпатты,
Тым сараң болып кетед бағаларға.
Ұялмай сегіз, тоғыз көтереді,
Жұлқынып, жақсы айтысып он аларда.
Бұл жолғы қазыларға әңгімем жоқ,
Олар жайлы жазбаймын жорамалда.
Нұрқанат, Абылайдай ақындарды,
Қара өлеңде теңеймін қара нарға.
Ауылдастың аты емес Құлагердей,
Нағыз жүйрік озса екен аламанда.
Ілесіп қалмайықшы көштен, інім,
Сен менің айбынымнан сескен, інім.
Республикалық айтысқа шыққанменен,
Жеңе алмай қарсыласын, өшкен інім.
Жүлде алдым деп несіне марқаясың,
Айтыстан мінгендей боп «Дастер», інім.
Мені жеңбей айылын жимайтындай,
Жалақтауын қарашы-ей жас бөрінің.
Жілігін жолбарыстың жалғыз жұтқан,
Қылығын білдіртпесей аш бөрінің.
Екі рет жеңіп тұрып жол беріп ем,
Айтпақшы сол ақшаны не істеді інім?
Қарттар үйіне қаржыңнан аудардың ба,
Ел есінде қалардай естелігің.
Жетімдердің үйіне жәрдемдессең,
Жойылмайсың ешқашан естен, інім.
Бұл жолы Злихадан озамын деп,
Жеңістен дәмеленбе әсте бүгін.
Көрген сайын сәлем сап жол беретін,
Мен сенің емеспін ғой жас келінің.
Батырлан:
Жеңгемнің болар деп ем кемел жыры,
Жарқырап көрінбеді шеберлігі.
Әлі де сияпаттан аса алмауда,
Ойының керек маған тереңдігі.
Қаншалық дұрыс айтыс жайындағы,
Бар кінә қазыларда дегендігі.
Қазылар төмен баға қойса қояр,
Өресіз көрінгесін өлең міні.
Мен айтсам, мансаптыны айттым кейбір,
Төл өнер айтысыма жоқ елдігі.
Айтысқан ақын төмен баға алса да,
Айтыстай түспеу керек өнер құны.
Злиха, әр сөзіңді пайымдаймын,
Айбатты болғаны жөн шайырда айбын.
«Жеңе алмай қарсыласын кей айтыста
жүр» десең, оған несін уайымдаймын?
Жеңешем бір мінімді айтты екен деп,
Жігерім жасып, қанат қайырмаймын.
Жеңгенде басынбаймын, жеңілгенде
бас ұрмаймын, уайымға бой ұрмаймын.
Ұрыспай кем қалғанға аламанда,
Дұрыс қой айтылғаны пайымды ойдың.
Қазыдан көрмей сендей жеңілгенді,
Қарсылас мықты болса, мойындаймын.
Айтыста айналсаң да абаданға,
Адалдық ең керегі әр адамға.
«Айтыстың қос анасын, қос ағасын,
Қонақ қып, құрмет-сыйың бар оларға,
Әуелі бересің» деп жаздың маған,
Қазыдан биік тұрар баға аларда.
«Торында жағымпаздық жүр» деп айттың,
Шығарған Батырланды талабы алға.
Одан соң Нұрқанат пен Абылайдай,
Теңедің қос ағаны қара нарға.
Қазыға көрінер кім жағынғаны,
Злиха, міне осыған қарағанда.
Екі рет жеңдім деген жеңгем мені,
Біздерге бар дейді ме жол бергені.
Сіз емес, мен жол бердім жазба айтыста,
Қазылар бірақ мені жеңген деді.
Ақшаны не істеді деп айтыста алған,
Теңгемді санау болды енді ермегі.
Торғайдың тарихында ақындар көп,
Жырының көрінбеген елден кемі.
Талпындым шығармақ боп мен жарыққа,
Ескі сөз ел мұрасын әр жердегі.
Өзінің пайдасына жарап жатыр,
Өнерім үшін елдің бергендері.
Ұстаған жерде қалар қол қарысқан,
Айтыстың балуаны едің арпалысқан.
Өлеңнің додасында қан қызғанда,
Біздің де жеріміз жоқ жалтарысқан.
Өршітіп өршелене бермей дауға,
Злиха, біздерге енді жөн табысқан.
Ақылды алдыға сал, аппақ жеңгем,
Ашуды артқа тастап арқа қысқан.
Қайныңның мінін термей, ақын болсаң,
Қалдырмай сырын ашып қалтарыстан,
Біздерге жөн емес пе жырмен айтып,
Заманның запыранын сарқа құсқан.
Шындықтан аспас деп ең ақын жаны,
Жырлайық, кел, екеуміз батыл, кәні.
Біздерде бір мектеп бар Абайды алғаш
таныған Ахметтің атындағы.
Жаныңа батпайды ма сол мектептің,
Қолына жеке адамның сатылғаны.
Ақкөлдің жайы мәлім Ахаң туған,
Ақшаңдақ жолсыз медиен тақырдағы.
Ол аздай зымыран құлап, гептил сіңіп,
Қуырып жер құрсағын зақымдады.
Қасиет тұнған жерді қасіретті етсе,
Ойлап көр, мұның қандай жатыр мәні…
Ерлігі ойға салар әр ақынды,
Маздатқан қанша мәрте жан отымды,
Әбдіғапар туғанға жүз елу жыл,
Қақ жарған заманында қара түнді.
Жұрт үшін жайнамазда жанын беріп,
Оған да кер заманда оқ атылды.
Біз болсақ баба еңбегін танытқандай,
Бір жұмыс жасамадық жаратымды.
Қанша жыл қанға жерік қызыл кеңес,
Қайырып келді дедік қанатымды.
Қазір де ескерусіз қалды-ау бірақ,
Қазақтың бекзат ханы ең ақырғы.
Жұртымның жайы болар қалай тәуір,
Деп ойлап өтіп кетті не жайсаң ұл.
Тәлімін өткен күннің ала алмаса,
Болашақ бағытын ел қалай таныр?
Бабалар қайнарынан нәр алмаса,
Үзілер сойды бүгін талай тамыр…
…Алашқа болса әркім Абайша ұл,
Алашқа болса әркім Абайша құл,
Жұртыма жақсылықты бермейді ме,
Жасаған қадамына қарай Тәңір.
Еліңнің мінін айтып, мұңын айтып,
Жарасаң қажетіне сен әйтеуір,
Зары бар бір қазақта он қазақтың,
Злиха, ақын болсаң соны айта біл.
Злиха:
Дегендей Злиханы ұтайын ба,
Аяқтан шалу мені жіті ойыңда.
Ақкөлімнің айтасың ахуалын,
Көрсеткен бұл да маған құқайың ба?
Бірі жерді улады, бірі елімді,
Қарусыз-ақ орыс пен қытайың да.
Ауада да, аста да химикат бар,
Жұтпайын ба ауаны, жұтайын ба?
Індет жайлы жағыңды ашпадың ғой,
Мен сені теңеп жүрсем сыпайы ұлға.
Абайды да сұм жалған аямаған,
Өз қолымды балталап, бұтайын ба?!
Көңілі қалғаннан соң дос-жараннан,
Күншілдік жайлап біткен лас қоғамнан.
Дөп басқан замананың кемшілігін,
Абайды ұғу бізге асқақ арман.
Ғұлама ұлы Абайдың арқасында,
Ғылымның іргесіне тас қаланған.
Батырлан айтты екен деп тым батырып,
Мен емес жанарымды жасқа малған.
Күншілдікті байқаймыз бар адамнан,
Жақынға жат, аумайтын тас қамалдан.
Осындайға күйінген дана Абайдың,
Жоқ шығар сақал-шашы босқа ағарған.
Қарағым, сөйлесеңші ойланып ап,
Саналы сөз жазуға жайланып ап.
Жастыққа салынам деп жеңіл сөйлеп,
Достықты арадағы жойма бірақ.
Арай күн төгетұғын санамызға,
Абайдың сөзін тыңдар қайда құлақ?
Досқа адал, қасыңа қатал болсаң,
Басқа өзі қонбай ма жайдары бақ.
Злиханы қаралау – бар мақсатың,
Шыға алмай шырмау ойға байланып ап.
Қазыларды қорғаштап, жақтап сөйлеп,
Жағымпаздық жоқ дейсің бойда бірақ.
Нарықтың қиындығын көрмегендер,
Халықтың жан айқайын қайдан ұғад?
Жоғарыға жағынып, жылы сөйлеп,
Батырлан да өзінше айла қылад.
Осы індеттен құтылсақ аман-есен,
Елім, жерім көркейер, бой жадырап.
Алаштың амандығы – бар арманым,
Қалаймын дерттің мәңгі жоғалғанын.
Мін іздеп менің әрбір сөздерімнен,
Бірақ та таға алмадың қоғамға мін.
Өзің жұтып биліктің лас ауасын,
Замананың құс дейсің маған зарын.
Дәрі-дәрмек бағасы тым шарықтап,
Ұялатты үрей мен жанарға мұң.
Азық-түлік құнынан адам шошыр,
Кәсіпкерлер ашқан соң арандарын.
Әркім өзі білгенін жасап жатыр,
Заңмен тыйым сап жатыр оларға кім?
Ақша беріп, ұрпағын алдағанмен,
Кім көтеред марқұмның обалдарын?
Осыларды айтудың орынына,
Сөзіме кеп кенеше қадалғаның.
Сөйлемесең еліңнің сөзін мүлде,
Осы ма еді ел үшін жаралғаның?
Батырлан:
Тигенде тәжді дерттің елге азабы,
Жазылған жеңешемнің шер-ғазалы.
Ауырып тұрған адам аунап тұрар,
Дауа жоқ шындап келсе Алла ажалы.
Тақсіретті ел тартқанда пайда іздеген,
Түбінде бола қоймас кем жазалы.
Жағыңды ашпадың деп бұл жайында,
Злиха, ала берме сен мазаны.
Таралып талай ақпар онсыз-дағы,
Наразы болғаны аз ба ел назалы.
Дертке дерт жамағандай жаман бақсы,
Дақпыртқа біз қоспайық даңғазаны.
Дейсің бе сөйлемейді сөзін елдің,
Елімнен мен қалайша безінермін?
Уланған даламды айттым, бабамды айттым,
Халқының көрінгесін көзінен мұң.
Ауылдың жайын жазып жырақ жатқан,
Жолды айттым таусылғасын төзімі ердің.
Тәрбиесі жайлы қыздың ой тастадым,
Астарын жазғанымның сезінер кім?
Теңгемді тергеп жазған жеңешем ең,
Енді елді ойлаушының өзі болдың.
Адамның жаратылысы осы, бірақ,
Ешқашан іздемейтін өзінен мін.
Бір нақыл айтып еді Қоныс ағаң,
Злиха, мән бермейсің әлі соған.
«Ішінде от жылт етер қызғаныштан,
Өзгенің жетістігін таныса адам.
Май құяр сол отына пенде біткен,
Су құяр нағыз адам әмісе оған».
Айтыста бағы жанған ақындардың,
Жағымпаз көрініп жүр бәрі саған.
Күншілдік жайлы өзің жазып едің,
Болсаң да бағалауға әлі сараң.
Көңіліңе Қонысбайдың сөзін түйсең,
Көрінер көп нәрсенің мәні содан.
Сырлы сөз жазар деп ем сырға тұнған,
Түренді сала алмадың жырға тыңнан.
Бекер деп азан шақырып қойған атым,
Біздерге бере алмадың үлгі ақылдан.
«Көкек» деп, «жағымпаз» деп және жазып,
«Өшті» деп айттың тіпті бұл Батырлан.
Жауабым ауаныңа қарай болды,
Өзгеге сөз жазбаушы ем тым батырған.
Енді мен батырып сөз айтты екен деп,
Күншілдік көрмес дейсің кім жақыннан.
Кім бұрыс, кімнің дұрыс жазғандығын,
Өзі ұғар оқығанда жырды оқырман.
Татырып тәтті өлеңмен бал-тұманы,
Шабытың тұрса-дағы шалқып әлі,
Айтысты тәмәмдайық ал, жеңеше,
Жырменен тарқай берсін жан құмары.
Қатты айтқан сөзің болса, мен кешірдім,
Тартысты айтыс деген талқыдағы.
Қатты айтқан сөзім болса сен кешіргін,
Ақынның кірлемесін ар-тұмары.
Тамаша татулыққа не жетеді,
Жақсы өмір өткізелік жарқын әрі.
Ешкімнің еншісінде қалмақ емес,
Бес күндік бұл жалғанның тар тұрағы.
Бұра алмай жақсы арнаға бұ жазуды,
Айтыста болып біттік сірә, жынды.
Ақынның бірі ақтарып бар мініңді,
Жазады жеңіл оймен бірі әзілді.
Айтқаны аз Абай жайлы татымды сөз,
Ақындар десе де ел кіл азулы.
Көркем жыр жазбағасын, көрікті ойды,
Көңілім болып-ақ тұр құлазулы.
Аруағы разы болсын дүр Абайдың,
Арнаған жырымызға бұл әзіргі.
Іші – алтын, сырты – күміс келмесе де,
Жыр үшін таттық бізде біраз уды.
Еңсені түсіретін елді алаң ғып,
Артта қап көзі соқыр көр-надандық.
Дертіне дауа тауып бар адамзат,
Ұмыт боп қалса екен шер, жамандық.
Абайды туған алтын құрсақ Алаш,
Жұмылып жұмыс қылсын ел боларлық.
Елінің малын жемей, қамын жейтін,
Болса егер байтақты ойлар ерде адалдық,
Көркейіп, кемел елге айналарсың,
Бастысы, Тәңір берсін елге амандық.
Жайсаң ел, Абай сөзін тәлім қылсаң,
Жайың жоқ өзгелерден кем қаларлық.
Злиха:
Еске алып адамзаттың майталманын,
Абыздай алты алашқа ой толғадым.
Мазамды алмасай деп індетті айтып,
Сен менің меселімді қайтармағын.
Біздің елде өршіп тұр өлім деген,
Көзбен көріп жүрген соң айтам бәрін.
Қазақтай қалың елдің шаңырағы,
Қапыда қаламаймын шайқалғанын.
Өміріміз нұрланып бейбіт күнде,
Тілейміз бағымыздың жайқалғанын.
Тоздырғам бір көйлекті сенен бұрын,
Сенен бұрын ұққанмын өлең құнын.
Біз түгілі бар ғалам мойындаған,
Ғұлама, ұлы Абайдың кемелдігін.
Жырлары барлық тілге аударылып,
Жүздеген ұлт түсінген терең жырын.
Надандыққа төзбеген қайран Абай,
Ұрпаққа насихаттап өнер-білім.
Жеңілсем жеңілдім деп мойындар ем,
Бәрі де өткір болса өнерлінің.
Жеңіп тұрып қиянат көргеннен соң,
Әділдікті ту етіп келем бүгін.
Теңгемді санадың деп қалтамдағы,
Жалтақтап қалмады ғой зәрең бүгін.
Хакімнің өлеңінен өнеге алса,
Надандай өсек-аяң терер ме інім?!
Жастардың көрсетсеңші бәріне үлгі,
Биліктен биік қойып дарыныңды.
Сені біраз терлеткім келіп еді,
Бір байқап айтыстағы арыныңды.
Терлемей айтысқанға үйренгенсің,
Тойдырып жан қинамай қарыныңды.
Ортақ боп қазағымның қайғысына,
Кетірмей қара сөзбен қадіріңді.
Бес нәрседен қашық боп Абай айтқан,
Ақылыңа жолдас қыл сабырыңды.
Өлсең орның қара жер сыз болма ма,
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Ақындардың соңынан сөз қалғанмен,
Ер жігіттің артынан із қалмай ма?
«Үйлен» деп көрген сайын айта берем,
Жалының өшпей тұрып қызған бойда.
Пайғамбарда құптаған көбеюді,
Сезімсіз жүрек суық, мұз болмай ма?
Елді ойлап жүргендей өктем сөйлеп,
Бұл Батырлан байқатпай бізді алдай ма?
Ел ертеңін ойлайтын ағалар бар,
Сен одан да, қайным-ау, қыздарды ойла.
Осыменен қош-сау бол, Батырланым,
Аман болсын ата-анаң, жақындарың.
Қайным ғой деп қалжыңдап сөйлеп едім,
Және оған білген соң хақым барын.
Әзілге жымиюдың орынына,
Жөн болмады жауымдай атылғаның.
Мың алғыс маңғаз мінез оқырманға,
Қысатын ақыны үшін тақымдарын.
Қазақтай қабырғалы ел аман болсын,
Көтерген төбесіне ақындарын.
Жарайсын Батырлан тек кана алга