Күмбірле, қоңыр домбыра!

Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде 2018 жылдан бері тойланып келеді. Осы мерекеге орай «Мирас» мәдениет үйінде концерт ұйымдастырылды.
 IMG_1177
Мерекелік думанның беташарында «Мирас» қазақ ұлт-аспаптар ансамблі мен «Жұлдыз» домбырашылар студиясының ұл-қыздары Абай Құнанбайұлының «Торы жорға» күйін орындады. Көрерменсіз кештің көркін «Тарлан» би тобының өнерпаздары қыздыра түсті.
Көпшілік аталған концертті  мәдениет үйінің Youtube, Іnstagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан көре алады (Сілтемелері: https://www.youtube.com/channel/UCus4xP_-_8bd9Fm1Idtw9Hw?view_as=subscriber және https://instagram.com/culture_miras?igshid=bspmnr5krpst).
IMG_1072
– Біз бұл іс-шараны «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябағында өткіземіз деп жоспарлаған едік. 150 домбырашыдан құралған үлкен оркестр ұйымдастырамыз дегенбіз. Елдегі жағдайға қарай, ол жоспарымыз орындалмай қалды, – дейді «Мирас» мәдениет үйінің директоры Мәди Нұрмұхамбетов.
Оның пікірінше, мәдени ошақтарда домбыраны дәріптеуге осы мейрамда ғана емес, басқа күндері де үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Осы ретте ол алдағы күндері өткізуді жоспарлап отырған іс-шараларын айта кетті.
– Биыл «Мирас» ансамблінің негізін қалаған белгілі мәдениет қайраткері Абай Әмірхановтың қайтыс болғанына 10 жыл. Күзге қарай өзі құрған ұжымның концертін беріп, «Мирас» мәдениет үйіне ескерткіш тақта орнатсақ, шағын музей сияқты арнайы бөлме ашсақ дейміз. Бұл бір жағынан домбыраға да көрсетілген құрмет болар еді. Өйткені, Абай ағамыз өмір бойы қолынан ұлттық аспапты тастамаған. Қазіргі сынақ жұмыс жасауға мұрша бермей тұр. Сондықтан, ойлаған ісімізді күзге қалдырып отырмыз, – дейді Мәди Нұрмұхамбетов.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓