Әріптестік нығая түседі
Бүгін, 7 қазанда Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Улугбек Розукулов Қазақстанға жасаған іссапары аясында Қостанай облысына арнайы келді.
У. Розукулов бастаған делегация ауылшаруашылық техникасын, жеңіл автокөлік, жеңіл және ауыр коммерциялық техника өндіретін кәсіпорындар – «Аллюр» («AllurGroup») Компаниялар тобы АҚ-на кіретін «АгромашХолдинг» АҚ және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-не барды. Бұнда олар аталмыш өндіріс алаңдарының жұмыстарымен танысты.
Меймандарды қарсы алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өз сөзінде өзбекстандық делегацияның бұл іссапары екі тарапты интеграцияның жарқын үлгісі екенінжәне өзара қызметтестікті нығайта түсуге бағытталғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылы қыркүйек айында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған қазақстандық делегация Өзбекстанға барған еді. Бұл іссапар барысында «УзАвтосаноат» АК және «Аллюр» («AllurGroup») Компаниялар тобы АҚ арасында қызметтестік ниеттегі Меморандумға қол қойылды. Нақтысында, таяу келешекте «УзАвто» жеңіл және жүк көліктерін, сондай-ақ аспалы және тіркеме техника мен автобустарды құрастыруда тәжірибе алмастырылмақ.
Өңір басшысы Улугбека Розукуловты Қостанай облысы автоөнеркәсібінің трансұлттық компаниялармен қызметтестік орнатудағы даму әлеуеті жайлы ақпарат берді.
«СарыаркаАвтоПром» ЖШС мәліметінше, таяу болашақта алғашқы көлік жиынтықтары мен аспалы техникалардың жеткізіліміне қатысты мәселелерді талқылау үшін техникалық мамандармен кездесулер ұйымдастырылады.
"Жобаны жүзеге асыруға тиісті жағдай жасап, кез келген көмек көрсетуге облыс билігі әркез дайын",- деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
Қосымша ақпараттар:
-2015 жылы облыстың Өзбекстанмен арадағы сыртқы сауда айналымы 94,8 млн АҚШ долларын құрады (облыстың жалпы сауда айналымының 5%-ы).
-Қостанай облысынан Өзбекстанға негізінен бидай, ұн, күнбағыс дәні және асбест экспортталады. Ал Өзбекстаннан Тобыл өңіріне тоқыма өнімдері, минералды тыңайтқыштар әкелінеді.
-2016 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Өзбекстан мен Қостанай облысы аралығындағы сыртқы тауар айналымы – 52,2 млн АҚШ доллары. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков