Өнері өмірі еді…
Арқалықтан қайғылы хабар жетті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының Құрметті азаматы Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбек өмірден озды. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов әлеуметтік желіде жазды.
«Ұлттық өнерімізді төрден түсірмей, Өзағаңдарға ізбасар бола білген Жұмағали аға өзінен кейінгі інілеріне де қамқор, тілекші еді. Институтта Өзбекәлі Жәнібеков туралы дипломдық жазып жүргенімде, Арқалыққа арнайы барған сапарымда Өзағаң туралы естеліктерімен, фото, бейнеқұжаттарымен бөлісіп, үлкен қолдау көрсетті. Кейін мәдениет саласындағы қызметіммен Арқалыққа барған алғашқы сапарымда осы Жүкеңдердің батасын алып едім. Енді міне, ол ксінің де дәм-тұзы таусылып, бақилық сапарға аттаныпты. Күллі Торғай жұртшылығына, әулетіне қайғыға ортақтасып,көңіл айтамын. Жақсы ағаның иманы саламат болып, Алла алдынан жарылқасын! Қош бол, қазақ өнерінің қара нары…», – дейді басқарма басшысы.
Рас, өнер тарланының саналы ғұмыры Торғай топырағында өтті. Аманкелді ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып жемісті қызмет етті. 1970 жылы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет басқармасының халық шығармашылығы мен мәдени қызмет көрсету орталығының директоры етіп тағайындады. Кейін С.Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық музыкалық драма театрының, облыстық филармонияның директоры болып, өлкенің мәдениеті мен өнерін өркендетуге зор үлес қосты. Ал 1990 жылы Торғай облысы екінші рет ашылғанда Жұмағали Сүлейменұлы өлкенің мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл жолы ол айтыс өнерінің дамуына көп тер төкті. Сол жылдары Торғай облысында Қалибек Деріпсалдин, Бүркітбай Бекетов, Игілік Бейсенбаев, Отар Нұрманғалиев, Жадыра Құтжанова, Әлфия Орманшина, Мырзағали Нұрғабылов, Сайлаубек Сайділдин, Жұмаділ Қалиев және басқа да айтыскер ақындар шоғыры шықты. Солардың бәрінің елге танылуына осы Жұмағали ағамыз мұрындық болды.
«Табиғатынан халық музыкасынан нәр алған, өнерпаз болып жаралған Жүкең бірнеше музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Актерлігі де ешкімнен кем емес. Оның мағыналы өмірінің көп жылдары билік саласында өтті. Мұның белгілі дәрежеде жақсылықтары болуымен қатар, өзінің шығармашылығының дамуына кедергісі де болмай қалған жоқ. Жүкең бірақ бұған өкінген жоқ. Торғай өлкесі өнер иелерінің халыққа танылуына бар күш-жігерін жұмсап, қызмет еткенін бақыт санады. Әрбір өнерпаздың хал-жағдайына жанашырлықпен қарады», – деп жазып кеткен еді Хамитбек Мұсабаев.