Табысты болу – бәсекелестік көрінісі
"Табысты болу", "бәсекеге қабілеттілік"… Осындай сөздерді соңғы кездері көп еститін болдық. Заманның талабы адамдардан осындай қасиеттерді талап етуде. Қуантарлық жәйіт, әрине. Бәсекеге қабілетті ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Жалпы, табысты болу деген не? Табысты болу – жетістікке жету, өз ісінің шебері болу, білікті де, білімді маман болу, жаңа нәрселерді ойлап табу. Бұл менің түсінігімдегі анықтама. Осындай үлкен еңбек арқылы келетін нәтиже – табыс. Ал, бәсекелестік – бізді сол нәтижеге жеткізетін итермелеуші күш. Бүгінде қолынан көп нәрсе келетін, қабілетті, алғыр, еңбекқор жастардың саны артуда. Олардың барлығы өздерінің сүйікті салаларында қызмет атқарып, дамып жатыр. Сондай жастардың көп болуының арқасында, олардың арасындағы бәсекелестік де арта түсуде. Бұл – өте жақсы құбылыс. «Бәсеке» деген сөздің түбіне тереңірек үніліп көрейікші, бұл жерде бір- бірімен бәсекелесе отырып, қырылып, жауласып кетуі керек дегенді емес, сол бәсекелестіктің арқасында олардың іздемпаздығы мен еңбексүйгіштік қасиеттерінің оянуын, жетілуін қарастыруға тиіспіз.
Бұрындары бұл терминді көбіне бизнесте, спортта, өнерде еститінбіз, бірақ қазіргі таңда бұл сөз әрбір жеке тұлға үшін тансық емес. Қазіргі адамдар психология, тұлғалық даму, табысқа жету жайында көптеген ақпараттарды оқып, оны өмірлік тәжірибеде де қолданып келеді. Өркениетті батыс елдерінің аты жер жарып тұрған бірнеше кітаптары орыс, қазақ тілдеріне аударылып, біздің халық үшін оқуға ыңғайлы болды. Дамимын, табысқа жетемін деген адам үшін барлық жағдай жасалған. Керегін ал да, пайдаңа жарат. Бәрі де қол жетімді.
Жеке тұлғадан өтіп, мемлекеттің дамуына тоқталсақ. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық бәсекеге қабілетті болса ғана, табысқа жетуге болады. Өз сөзінде елбасымыз: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғыруы тиіс» деп айтып өткен еді. Осы тұста қазақтың «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» деген мәтелі еске түседі.
Бәсекелестіктің айқын көрінісі әлеуметтік желі қолданушыларының арасында да жиі байқалып тұрады. Осыдан 5 жыл бұрын адамдар «Инстаграм», «ВКонтакте» сынды әлеуметтік желі парақшаларын тек қана көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін ғана пайдаланған болатын. Ал қазір ше? Қазір сұраныс өзгерді. Осындай парақшалардың арқасында блог жүргізіп, бизнеспен айналысып жүрген жандардың қарасы көбейді. Олар көбейген сайын арадағы бәсекелестік те, оқырман қалауы да күшейе түсті. Міне, инстаграмды табыс көзіне айналдырған жандар үшін бәсекелестіктің оң пайдасының тигенін көреміз.
Табысты болудың тағы бір кілті – бастаған істі соңына дейін жеткізу. Белгілі бір істен нәтиже алу үшін көптеген тер төгіледі, қаншама энергия жұмсалады. Алдымыздан қиындықтар кездеседі, сол қиындықты жеңе білген адам ғана діттеген мақсатына жете алады. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады дегендей, басында қанша қиналғанмен, сол істі аяқтау барысында адам өзіне мол тәжірибе жинайды, алдына үлкен мақсаттар қоя біледі және сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төгеді. Абай атамыз айтқандай, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Ендеше, табысқа жете алатын адам барлығын ақылға салып, адал жолмен еңбек етуі керек. Сонда ғана еңбегінің нәтижесін көре алады.
Назерке Дүкенбай