Бір-ақ рет көрдім сізді ақын аға!

Құрметті редакция! Мен, Сүлейменов Хамит Қабдуұлы 1971 жы-лы 19 жасымда Алматы-ға барып, Гоголь атындағы көркем-сурет училищесіне түсіп, 1975 жылы «Ана» деген туындыммен диплом қорғап шықтым, сөйтіп, суретші-педагог мамандығын алдым.
мұқағали
Мен Торғай облысы Аманкелді ауданындағы Киров атындағы (ол кезде бәрі орысша) орыс мектебін бітіргенмін.
Оқып жүрген кезімде жерлесім әрі құрдасым Әбжан Әбілтаев кездесіп, достасып кеттім. Әбжан ол кезде КазГу-де журналистика бөлімінде оқиды. Өлең жазады.
Бір күні Әбжан екеуміз бас поштаға бара жатып, скамейкада отырған бір адамды көрдік.
– Ей, Хамит, мынау Мұқағали ағай ғой, – деді Әбжан қуана айғайлап, – бұл кісі мықты ақын, шет тіл институтында оқыған, Моцарттың «Жан азасын» (Реквиемды) жазған. Мен онша мән бермеп ем, Әбжан: «Жүр сәлем берейік, ұят болады» – дегесін скамейкаға жақындадық. Әлі күнге дейін есімде, Мұқағали ағай шалқайып, кең кеудесімен Алматының жұпар ауасын жұтып, ойланған қалпында отыр екен. Кең иықты, ірі келген кісі. Үстінде көкшіл костюм шалбар, өзіне құйып қойғандай денесіне жарасып тұр. Жанарынан бір жылулықтың, мейірімділіктің шуағы төгіліп тұрғандай. Біз жақын келгенде, асықпай тұрды. «Ассалаумағалейкүм» – деп Әбжан екі қолын созды. «Уағалейкүмассалам» – деп ағай да қолын созды. Мен де сәлем бердім, үлкен алақанына менің алақаным «сүңгіп» кетті.
– Қарақтарым, қай жақтан боласыңдар? – деп сұрады.
– Біз студентпіз, негізі Торғайдан боламыз, – деді Әбжан. Мұқағали аға біраз ойланып қалды да: «Иә, Торғайды білем, киелі жер ғой, онда нағыз қазақтар тұруға тиісті», – деді. «Отырыңыздар, студенттер, әңгімелесейік», – деп бізді тең құрбылары сияқты өзіне тартып алды. Менің байқағаным, ол кісімен дидарласудың өзі бір ғанибет екен. Сол кезде ол кісі 44 жаста ғана екен ғой, ал сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы өте салмақты, бір үлкен абыз ақсақалдай болып тұрды. Мені таңқалдырғаны, ол кісінің қарапайымдылығы. Асыл ағаймен отырған кезде қанша уақыт өткенін де білмей қалдық. Біраздан кейін сағатына қарап «Әй, қарақтарым, біраз уақыт болып қалыпты ғой, қалай, Лашын жеңгеңіздің шайы да қайнап қалған шығар, жүріңіздер, студенттер» – деді.
Бірақ біз өте асықтық па, әлде бірінші кездесіп, жүздескесін бе: «Кешіріңіз ағай, біз театрға билет алып қойып едік», – дедік. «Иә, онда дұрыс, қандай спектакль» – деп сұрады. «Торғайдың музыкалық театры келіп, соған асығыспыз» дедік.  «Ә, жерлестерің екен ғой, онда рұқсат. Әй, жастар-ай, ылғи да асығасыңдар-ай!» – деп күлді.
Бұл ұлы ақын Мұқағали Мақатаевпен  бірінші және соңғы дидарласуым екен. Бір жылдан кейін ол кісі қайтыс болды.
 
Хамит Сүлейменов.
 
P.S.Осы аз да болса, көптен бері айтқым келіп тұрған бір сырым еді, міне 39 жыл өтсе де, осы кездесу көз алдымда. Кейін ол кісінің жырларын оқып, ақындық талантына, көріпкелдігіне таңқалдым. «Мен ХХІ ғасырдың адамымын» – деп жазып еді күнделігінде, ол шындық болып шықты. Қазір барлық телеканалдарда, кинофильмдерде Мұқағали ағаның жырларын шырқайды. «Өлтіре алмас өлеңді ешкім» – деп айтып еді, онысы да рас болып шықты.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓