Сән-салтанатымен қарсы алды

Лисаков жұртшылығы Наурыз мерекесін сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда және қаланың 4 және 6 шағын ауданында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Маратұлы.
Ұлыстың ұлы күнінде қала әкімі Абай Ибраев лисаковтықтарды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
«Екі жылдан бері әлемді жаулаған пандемия індеті салдарынан Наурыз мейрамын кең ауқымда атай алмадық. Міне, биыл індеттің беті қайтып, бәріміз емен-жарқын атап өтуге мүмкіндік алдық», – дейді шараны ұйымдастырушылар. 
Алаңда тұрғындар тігілген киіз үйге кіріп, жыр-термешілердің өнерін көріп, жұртшылықпен бірге Әз-наурызды қарсы алды.
Мерекеге жиналған тұрғындар да ұлттық тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты.
Орталық алаңда қалалық мәдениет және спорт орталығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыс өтті. Оны тамашалауға жұртшылық көп жиналды. Тұрғындар арасында түрлі ұлттық спорт түрлерінен сайысқа қатысты. Аула клубтарының арасында арқан тартысты. Балуандар ортаға қазақша күресті көрсетті. Кейбірі асық атып, ұлттық ойындар ойналды. Гір көтеріп, білек күшін сынап көрді.
Осындай мерекелік бағдарлама қала түбіндегі Октябрь кентінде де сән-салтанатымен өтті.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓