ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Нұрхан Ислямиев – еліне еңбегі сіңген біртуар тұлға. Достық үйінде жиылған кеште тілге тиек етілген тақырып та осы төңіректе болды. Алғаш болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов жетпіс жасқа келген ел ағасының абыройлы қызметтерін атап өтіп, Нұрхан Ислямиевке облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың алғыс хатын табыс етті. Арқалық қаласы, Қостанай, Амангелді және Жанкелдин аудандары әкімдерінің орынбасарлары да мерейтой иесін құттықтап, үстіне шапан жапты.
Нұрхан Абдолұлына арналған кешке келген меймандардың арасында сыныптастары – ҚР Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті Бақберген Досманбетов, "Тіл сақшысы" газетінің бас редакторы Садуақас Аңсат, ардегер құрылысшы Алмат Жаппасбаев және Амангелді Садырбеков пен Жұмағали Өмірбековтер болды.
– Торғайдың төл баласы атанып кеткен біздің Нұрханның,ең әуелі, адамгершілігін жоғары қоямын. Қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да үлкен-кіші деп бөле қараған емес. Міне, осы қасиеттеріне қарап-ақ Нұрекеңді көреген азамат деп айтуға болады. Оқушылық кезеңдерде біз оның сөз саптауына, әмбебаптығына, тіпті, киім киісіне дейін қызыға қарайтын едік, – деп еске алды академик Бақберген Доспанбетов.
Ал өңірімізге танымал жыршы, әріптесіміз Қыдырбек Қиысқан қобыз тартып, Доспамбеттің жырын айтты. Кеш барысында Нұрекеңнің қазір тұрып жатқан Затобол кентінен келген жастар тобы би билеп, ән де шырқады.
Мемлекеттік қызмет ардагеріне арнап ақын Қонысбай Әбіл арнау жырын оқыды. Сондай-ақ, қайраткердің қажырлы еңбегі жайлы, облыстық журналистика үшін жасаған қызметтері хақында Әлібек Татанов, Жанұзақ Аязбеков, Олег Гурскийлер сөз қозғады.
Қостанайдағы ардагер жорналшы, Нұрхан ағамыздың жары Рәзия Қашқынбайқызы, балалары Санжар мен Дина да жиналған көпшілікке алғысын білдірді.
Кеш соңы Қалибек Деріпсалдиннің орындауындағы Ж.Қосабаев пен Н.Ислямиевке арналған "Қос аға" әнімен аяқталды.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ