Аймағамбетов: “Заң жыл соңына дейін қабылдануы керек”
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагогтар мәртебесі туралы» заң қашан қабылданатынын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір ең бастысы – заң жобасын қабылдау. Қазір біз тек заң жобасы туралы сөз қозғап отырмыз. Яғни, ол – әлі заң емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған заң жобасы мен заңды жылдың соңына дейін қабылдауымыз керек», – деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің айлығы мен қосымша ақысын көтеру қай мерзімге жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Біздің есептеуімізше, депутаттар бізді қолдап, жылдың соңына дейін заң жобасы қабылданған жағдайда бізде БҒМ бұйрығы мен Үкімет қаулысына сай келетін нормативтік-құқықтық құжаттарды қабылдауға жеткілікті уақыт болар еді. Келесі оқу жылынан бастап біліктілік, дәптерді тексеру, сынып жетекшілігі мен магистр дәрежесі үшін қосымша ақы беріле бастауы керек. Келесі оқу жылына дейін толық дайын боламыз деп отырмыз. Осынау жоспарлардың бәрі де бюджет қаражатымен бекітілген. Республикалық бюджеттік комиссияның отырысы өтті. Мемлекет басшысы тапсырма бергеннен кейін тиісті ақша қарастырылып, бастамалардың бәрі де қаражат тұрғысынан қолдау тауып отыр», – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді өзіне тән емес қызметке тартқандарға 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынатынын хабарлаған болатын.